Астанада Инвестициялар және даму министрлігінің мұрындық болуымен кен өндіру саласындағы жұмыстарды қамтамасыз ету мәселелері бойынша конференция өтті. Конференцияға бірқатар министрліктердің басшылық өкілдері, «Kazenergy» қауымдастығының, Тау-кен және металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының басшылары, EITI, яғни Кен өндіру саласы қызметінің ашықтығы бастамасының өкілдері қатысты.
Кен өндіру саласы қызметінің ашықтығы бастамасы – табиғи байлықтарды басқарудың ашық жүргізілуін, есептілігін қамтамасыз ететін, соның жаһандық стандартын қалыптастырған ұйым. Оның құрамындағы 51 елдің ішінде 31-і тиісті стандартқа толық жауап беретін ел саналады. Бұл тізімде Норвегия, Албания, Перу, Индонезия, Қырғызстан сынды елдермен қатар Қазақстан да бар екенін айта кету керек.
EITI халықаралық басқармасының төрағасы Фредрик Райнфельдтің айтуынша, Қазақстан сияқты жер қойнауы бай ел кен орындарын игеруде басқаларға үлгі бола алады.
– Бүгінгі жиында біз кен орындарын нақты қандай компаниялар игеріп жатқаны, олардың табысы, есептілігі туралы мәселелерді сөз еттік. Бұл ақпараттардың барлығы азаматтар үшін ашық болуға тиіс. Азаматтар игеруші компаниялардың тиісті ережеге сай, адамдардың игілігі үшін жұмыс істейтінінен хабардар болуы керек, – деді Фредрик Райнфельд.
Елімізде EITI қызметін Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек басшылық жасайтын Мүдделі тараптар ұлттық кеңесі үйлестіретінін айта кету керек. Оның құрамында Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылық өкілдері, мұнай-газ компанияларының, тау-кен өндіру секторындағы компаниялардың басшылары, сондай-ақ, азаматтық қоғам өкілдері бар. Шешім осы әр сала мамандарының өзара келісімінің нәтижесінде ғана қабылданады. Халықаралық стандартқа сай, EITI жұмысында бюджет кірістері, негізгі экспорт пен кен өндіру көлемі, геологиялық барлау деректері, ірі кен орындарының картасы, әлеуметтік инвестициялар және басқалары көрсетілуге тиіс.
Осы жиында айтылғандай, биылғы жылы елімізде EITI интеграциясы бойынша «Мейнстриминг» деп аталатын қанатқақты зерттеу жұмыстары қолға алынбақ. Бұл жобаның мақсаты Үкімет берген есептер мен EITI есептеріндегі есептер мен қазір қолжетімді ашық мәліметтерді қайталамауға негізделген.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»