• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Қазан, 2016

Бауыржан БАЙБЕК: «Өз күшімен көтерілген кәсіпкерлерге де қолдау керек»

472 рет
көрсетілді

Алматыда қалалық Іскерлік кеңестің отырысы өтті. Араға жыл салып кездескен кеңестің құрамы биыл 70 пайызға жаңғырғанын ерекше атап өткен жөн. Мегаполистегі мүдделі іскер қауымның басын қосқан ауқымды жиынға қала әкімі Бауыржан Байбек төрағалық етті. Кезекті отырыста Алматы туризмін дамытудың түйткілдері, мемлекеттік бағдарламалар аясында шағын және орта бизнесті қолдаудың жай-жапсары, сондай-ақ Қазақстандағы ритейлді дамытудың мәселесі қаралды. Өткен жылмен салыстыр­ғанда биылғы жылы Іскерлік кеңестің құрамы 35-тен 46 адам­ға дейін артып, әйелдер саны өсіп отыр. Қала әкімінің айтуын­­­ша, бұ­рын­ғыдай Іскерлік кеңес­тің құ­рамында кездейсоқ адамдар жоқ. Қазіргі құрамда биз­нес өкілд­ері 87 пайызға көбейді. Қала басшысы ШОБ-тың дамуы туралы айта келе, кә­сіп­­керлермен мемлекеттік қол­­дау­дың қаржылай және қаржысыз өлшемдері бойынша жұмыстың күшейтілетінін мәлімдеді. Жыл ба­сы­нан «Бизнестің жол картасы-2020» жо­ба­ла ры саны – 2,5 есе (228), не­сие қалтасы – 2 есе (60 млрд дейін), субсидия көлемі 2 есе (12 млрд дейін ) өсті. Шағын кәсіпкерлікке 30 пайыз­дық өсіммен 636 млрд теңге несие бөлінді, деді әкім. Қала әкімі экономиканы құратын да, қалыптастыратын да адам капиталы екендігін ай­та келе, 86 пайызы сауда мен қызмет көрсету саласы­на тиесілі экономиканың жергі­лік­ті құрылымы есебінен жұ­мыс­сыздықты төмендетудің бө­лек бағдарламасы әзірленіп жатқан­дығын атады. Бұл бағдарлама туризм не оған қатысты салаларды бейімдейтін болады. Мәселен, қазіргі таңда Алма­ты­да 137 қонақүй болса, олардың қызмет көрсету сапасы санаттарына сай ма деген сауал жиі алдан шығады. Сол сияқты, әуежайдан бастап туристерді күтіп алу мен шығарып салудың арасында сырттан келген қонақтарды қызықтырудың басқа қандай амалдары бар? Қала басшысы бұл жиында әлеуметтік салада, ин­­ду­­­с­­­трияландыру картасы аясында жүзеге асқан жобаларға тоқ­тал­ды. Индус­трияландыру кар­тасы­­ның бірінші бесжылдығы шеңберінде 3 335 жұмыс орны құрылған, құны 280,4 миллиард теңге болатын 20 жоба іске қосылған. Сондай-ақ, Алматы қала­сы­ның әкімі мемлекеттік бағдар­ламалар арқылы өркендеп жатқан кәсіпорындарға ғана емес, өз бетінше дамып жатқан шағын және орта бизнес өкілдеріне де қолдау көрсетіп, назар аудару қажеттігін баса айтты. Іскерлік кеңесте қол жет­кі­зіл­ген үлкен жетістік – Алматы қалалық әкімдігі мен «Даму» қоры қаланың туризм, инновация және тамақ өнеркәсібі саласын қаржыландыруға 4 миллиард теңге бөлгені туралы меморандумға қол қой­ылды. Қомақты қаражат қаланың туризм, инновация және тамақ өнеркәсібі саласын қаржыландыруға бағытталады. Мұнымен қатар, екі тарап «Алматы туризм», «Алматы өнім», «Алматы инновациялар» бағдарламалары бойынша бөлінген қаражаттың кем дегенде 25 пайызы start-up жобаларға берілуі керек деп келісті. «Алматы қаласы – шағын және орта кәсіпкерлік нысандары жағынан алғашқы орында. Мұнда 182 ШОБ кәсіпорыны бар. Бұл – республикалық көрсеткіштің 15 пайызы. Жұмыспен қамтылған халық саны жағынан да бірінші орында. Дегенмен жеңілдікпен несиелендіруді қажет ететін салалар да бар. Ол – туризм, тамақ өнеркәсібі және инновациялық салалар. Мысалы, «Алматы туризм» бағдарламасы бойынша біз қолөнер шеберлерін ерекше кәдесыйлар жасауға ынталандырғымыз келеді. Бұл алдағы 2017 жыл­ғы Уни­вер­сиада мен ЭКСПО-2017 ке­зін­де маңызды. «Алма­ты өнiм» бағ­дарламасы бойын­ша кәсіпкерлер тамақ пен алкоголь­сіз сусын шығаруға жеңілдікті несиеге, фермерлер өз өнімде­рін өткізетін нарыққа қол жеткізеді. Ең бастысы, бөлінген қаражат­тың 25 пайызы жаңа кәсіпорындар мен жаңа бағыттарды қолға алатын start-up жобаларға бөлінетіні. Әкімдік үшін бұл қала бюджеті­не түсетін салық пен жаңа жұмыс орындары», деді «Даму» қоры­ның басқарма төрағасы Қаныш Тулеушин. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ