• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
29 Қазан, 2016

Заңдар заман талабымен қайта жазылып жатыр

282 рет
көрсетілді

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Әділет министрлері бас қосты Кеше Алматы облысындағы «Ақбұлақ» биік таулы шаңғы курортында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекеттер Әділет министрлерінің төртінші отырысы болып өтті. Қазақстан Республикасының Әділет министрі Марат Бекетаев төрағалық еткен жиынға бірінші рет ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерден бөлек, Ауғанстан мен Беларусьтің Әділет министрлері, сондай-ақ, бақылаушы-мемлекеттер ретінде Иран мен Моңғолияның ресми өкілдері қатысты. Биыл Қазақстан Шанхай ынты­мақтастық ұйымына төраға ретінде аса маңызды шараларға мұрындық болуда. Таяуда ТМД елдерінің Жо­ғарғы сот төрағаларының отырысына ұйытқы болған-ды. Сол сияқты қараша айында Қазақстанда ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттер  Бас прокурорларының жиыны өтпек. Осылайша 15 жылдығына аяқ басқан Шанхай ынтымақтастық ұйымы қай салада болсын өзінің тиімділігін дәлелдеуде. Ал «Ақбұлақта» өткен маңыз­ды отырыста Қытай Халық Рес­пуб­­ликасының Әділет министрі Айин У, Қырғыз Республика­сы­ның Әділет министрі Жыл­дыз Мамбеталиева, Ресей Федера­ция­сының Әділет министрі Алек­сандр Коновалов, Тәжікстан Рес­публикасының Әділет министрі Рустам Шохмурад, Өз­бек­­стан Республикасының Әді­лет ми­нистрі Музаф Икрамов күн тәрті­­біне қойылған мәселелер бойын­ша баян­дамалар жасап, өз мемле­кеттерінің құқық қорғау бағытын­дағы бастамаларын ортаға салды. Негізі, бұл маңызды шара 27 қазан күні «Шығыс-Батыс» атты ғылыми-тәжірибелік конференциядан басталған болатын. Сот сарапшылары қатысқан мәжілісте сот сараптамасы саласындағы озық тәжірибелер ортаға салынды. Ал Әділет министрлерінің төртінші басқосуында бірінші рет бірлескен мәлімдеме жасалды. Осы жиында Әділет министр­лері құқық қорғау бағытында өза­ра іс-қимылды одан әрі күшей­туге уағдаласты. Бұған себептер де аз емес. Ақпараттық техно­ло­гия­лардың дамуы, алыс-беріс, барыс-келістің жандануы көптеген мәселелерге халықаралық сипат беріп отырғаны аян. Мұндай жағдайда құқық қорғауда болсын, қылмыстың алдын алуда болсын мемлекеттер ықпалдасуға мәжбүр. Сондықтан да ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер адам құқығын қорғауды дамытуға жәрдемдесетін болады. Сондай-ақ,  отырыс барысында ми­нистрлер Қазақстанның «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шең­берінде құқық үстемдігі рефор­масын іске асыру жөніндегі тәжіри­бесіне қызығушылық білдірді. Оған қоса, заң шығарушылық қызметін болжамдау және жос­парлау бойынша тәжірибелер ортаға салынды. Бұдан былайғы уа­қыт­та да Қазақстан, Қытай, Қыр­ғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан азаматтарының құқықтық мәдениетін күшейтуді жандандыра түспек. Шанхай ынтымақтастық ұйымының шеңберінде сот сараптамасы мекемелерінің аймақтық жұмыс тобын құру да талқыланды. Мәселен, бүгінгі таңда Шанхай ын­тымақтастық ұйымы алты мем­лекетінің заңнамалық тұрғы­дағы ақпараттық базасына азаматтар тегін кіре алады. Отырыс кезінде ШЫҰ-ның ресми сайтына Ұйымға мүше мемлекеттер заң­намаларының ақпараттық базасына сілтеме қою қажеттігі де сөз болды. Жиынға бірінші рет бақы­лау­шы елдер ретінде қатысқан Ауған­стан мен Беларусьтің Әділет министрлері, содай-ақ Иран мен Моңғолияның ресми өкілдері де сөз алды. Мысалы, Ауғанстан Ислам Республикасының Әділет министрі Абдул Басир Ануар өз елінде есірткі заттарымен күресу жөніндегі қор ашылғанын, көкнар, апиын өсіруге тосқауыл қою үшін шаралар қолға алынып жатқанын мәлімдеп, азаматтардың құқықтарын қорғауға көмек көрсету бағытындағы шараларды жандандыруға мүдделілік танытты. Ал Ауғанстан министрі өз елінде құқықтық жүйені жетілдіріп, тұрмысы нашар тұрғындарға құқығын қорғауға көмектесу ісінде әлі де өте көп жұмыс атқарылуы керек екендігін алға тартып отыр. Әсіресе, балалар құқығын қорғау бүгінгі Ауғанстанның ең көкейкесті мәселесі екендігін атады. Себебі, террористік ұйымдарға жеткіншектер көп тартылады. Сол сияқты зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайтын да балалар. Қазіргі таңда қылмыс пен терроризмнің ше­ка­расы жоқ екендігін алға тартқан Ауғанстанның Әділет минис­трі бұл мәселеде ШЫҰ сияқты беделді ұйыммен ықпал­да­суға әзір екендіктерін білдірді. Жиынды қорытындылаған Марат Бекетаев еліміздегі заңна­малық реформалар жайлы ақпар бере отырып: «Қазақстанның да заңнамалары жиі жаңарады. Бұл – заңдардың жаман жазыл­ғанынан емес. Уақыт талаптары өзгеруде, технологиялар дамуда. Жаңа заңдардың жобасы ме­кемеаралық комиссияларда кеңінен талқыланады», деді. Жиын соңында қатысушылар бірауыздан Қазақстанда министрлер отырысы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды деп мәлімдеді. Бұл жиын Шанхай ынтымақтастық ұйымы мемлекеттері әділет ор­гандарының ведомствоаралық ын­тымақтастығын тереңдетуге ықпал етпек. Отырыс қорытындысы бойынша жоспарлау және үкіметтің заңнамалық қызметін жоспарлау, заң қызметін көрсету, азаматтар­дың құқықтық мәдениетін дамытуға және оларға құқықтық кө­мек көрсетуге жәрдемдесу, сот сараптамасы саласында өзара ынтымақтастық, Ұйым сайты арқылы азаматтардың және өзге де субъектілердің ұлттық заңнамаға тегін қол жеткізуін қамтамасыз ету бойынша шешімдер қабылданды. Әділет министрлері өздері­нің құқығын қорғау бойынша аза­маттарға құқықтық көмек көрсету жөніндегі ынтымақ­тастығын күшейтуге уағдаласып, тарасты. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ