Австриядағы Форарльберг федералды жерінің әкімшілік орталығы Брегенц қаласында Қазақстан Республикасы Құрметті консулдығының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды egemen.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлау аясында және қазақстан-австрия дипломатиялық қарым-қатынастарының орнатылуына 25 жыл толу қарсаңында өткізілді.
Қазақстанның Австрия Республикасындағы елшісі Қайрат Сарыбай Құрметті консулдықтың құрылуы екіжақты байланыстардың одан әрі нығаюына ықпал ететінін атап өтті.
Дипломат қазақстандық тараптың Форарльбергпен ынтымақтастықты тереңдетудегі қызығушылығын жеткізді. Атап айтқанда, ол осы өңірдің металл өңдеу, машина жасау, электроника, тоқыма және тамақ өнеркәсібі салаларындағы өзінің дамыған инновациялық және экспортқа бағдарланған индустриясымен белгілі екенін айтты.
Форарльберг жер үкіметі төрағасының орынбасары Карлхайнц Рюдиссер өз кезегінде федералды жер мен Қазақстан арасындағы сауда айналымының едәуір өскенін атап өтті.
Қазақстан Республикасының Құрметті консулы Ханно Ульмер осы өңірде Қазақстанның мүдделерін танытуға жоғары сенім үшін алғыс білдірді және екі мемлекет пен халықтардың игілігі үшін бар білімі мен тәжірибесін жұмсайтынын айтты.
Құрметті консулдықтың ашылуы аясында Брегенц қаласының «Festspielhaus» мәдениет орталығында Австрия мен Еуропада қазақстандық мәдениетті одан әрі танымал ету мақсатында, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қазақстан қазынасы – Ұлы Дала әуендері» жобасының концерті өтті. Қонақтардың алдында «Young Eurasian Soloists Orchestra» камералық оркестрі өнер көрсетті. Оның негізін қалаушы және жетекшісі халықаралық байқаулардың лауреаты – Шернияз Мұсахан. Көпшілік назарына әлемдік классикалық музыка мен белгілі қазақ композиторларының туындылары ұсынылды.