Астана қаласында «Хан Шатыр», «Mega», «Сарыарқа», «Astana Mall» және «Керуен» ірі сауда орталықтарында қан қысымын өлшеу үшін автоматты электронды тонометрлер орнатылған. Мұнда еріктілер тұрғындармен инсульттың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қала әкімдігінің хабарлауынша, автоматты электронды тонометрлер бұл сауда орталықтарында тұрақты түрде қалады. Шараны елорданың Денсаулық сақтау басқармасы, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ және Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы бірлесіп ұйымдастырған.
Осы жерде қандағы глюкоза мен қан қысымының деңгейін білуге болады.
Акция барысында бір сағаттың ішінде түрлі жастағы 324 адам қан қысымын өлшеу үшін мамандарға жүгінген. Қан қысымы жоғары адамдарға сол жерде неврапатолог-дәрігер тегін кеңес беріп, кардиолог-дәрігерге жолдама берді. Мамандардың айтуынша, 80% жағдайда инсульттің алдын алуға болады.