• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
05 Наурыз, 2011

Көліктерге арналған газ баллондары

532 рет
көрсетілді

Былтыр күзде Қазақстанның және Ресейдің бірлескен кә­сіп­орын­дары астықты өлкеде «Биоплант Флора» органикалық-ми­нералды тыңайтқыштар шығаратын зауыттың құрылысын бас­таған еді. Оның бірінші кезегін жазда қосып, жылына 12 мың тонна өнім өндіру белгіленген. Толық қуатына жеткен жағ­дайда өнімділік 60 мың тоннаға дейін артатын болады. Жақында «Goldhein invest­ments limited» компаниясының бас­шылары Қызылжар өңіріне атбасын тіреп, тағы бір тың жоба әкелді. «Газ баллондарын шы­ға­ра­тын зауыт» инвести­циялық жо­басының таныстыру рәсіміне облыс әкімі Серік Бі­ләлов, ведомоство, кәсіпорын басшылары қатысып, бағдар­лама жан-жақты ой елегінен өткізілді. Компания жетекшісі Давид Варагян тың­айт­қыштар зауыты кешеніне 5 мың бас ірі қара малын бор­да­қылайтын фер­ма, көкөніс өсіре­тін жылы­жайлар, мұнай өндіре­тін кәсіп­орын кіретінін, бұл мақ­саттар үшін 8 миллиард доллар инвестиция құйылғанын айта келіп, Германияның және Италия­ның озық технологиясына негізделген жаңа жобаның артықшы­лық­тарын әңгімеледі. Оның сө­зіне қарағанда, айына автомобильдерге арналған жоғары қы­сымды 12 мың дана газ баллон­дарын шығаратын зауыт әлем­нің 20 елінде ғана бар көрінеді. Сервистік қызметтерді қоса есеп­тегенде қосымша 500 жұ­мыс ор­нын ашу мүмкіндігі бар. Құрал-жаб­дық­тар­ды орнату, құ­рас­тыру соншалықты көп уа­қытты алмай­тынға ұқсайды. Іске дереу кіріссек, төрт айдың ішін­де алғашқы өнімдер солтүс­тік­­қазақстандық тұтынушы­лар­мен қа­тар шет елдерге де жол табар еді, деді сөзі­нің соңында Д.Варагян. «IGVI» компаниясы басқармасы­ның төр­­ағасы Саркис Гавриелян алды­мен өзімен ала келген бейнефильмді жи­нал­ғандар назарына ұсынды. Онда Еревандағы газ баллон­дарын шығаратын зауыт­тың ты­ныс-тіршілігі бейнеленіпті. Жо­баның құны 30 миллион дол­лар­ды құрайды. Арнайы қон­дыр­ғыларды көліктің кез келген тү­ріне орнатуға болады. Солтүстік өңірге қаржы құюға бекінген инвесторлардың пікірлері мұқият тыңдалғаннан кейін таңдау неліктен осында түсті деген сауал тасталды. Оған шикізатты Ресейден Арме­нияға тасымалдау қолай­сыз. Мәселен, шикізаттың бір тон­на­сы 300 долларға түссе, Сол­түстік Қазақстанға жеткізу он еседей арзан. Алдымен эконо­ми­калық жағы жете ескерілді. Сұ­ра­ныс жайына келсек, одан да ұтылмасымыз анық. Табиғи газ­ды пайдалану жанар-жағармай және дизель отындарына қара­ғанда арзан әрі экологиялық жа­ғынан таза деген жауап берілді. Серік Сұлтанғазыұлы өз сө­зінде нысан толық пайдалануға берілгенде жер­гілікті тұрғын­да­р­дың жұмыс­қа орналасаты­нын, са­лық көздері кеңейетінін баса айтты. Зауытты Петерфельд ауы­лына емес, об­лыс орталығына орналастыру қай жағынан тиімді келетінін нақ­ты мысалдармен дәлелдеді. Жи­ында инвесторлардың ұсы­ны­сы қабыл алынып, ғимарат бөлу, басқа да ағымдық мә­се­лелерді жедел шешу үшін тиісті орын­дарға тапсырмалар берілді. Зауыт­тың алғашқы өнім­дері маусымда шығарылатын болды. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.