• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
05 Наурыз, 2011

Спорттық-техникалық жаңа кешен

626 рет
көрсетілді

«Сокол» автодромы» Алматы-Қарағанды сайрағының бойында салынады Қолға алынатын «Сокол» автодром» спорттық-техника­лық кешен жобасын таныс­ты­ру­ға арналған жиынға қатыс­қан облыс әкімі Серік Үмбетов құрылысшылармен бірге ал­да­ғы міндеттер жайлы әңгімеледі. Алдағы  кезде басталатын жобаға тапсырыс беруші облыс әкімдігі мен «Сокол» авто­дро­мы» спорттық-техникалық кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болса, бағдар­ла­ма­ны өңірдегі туризм, спорт және дене тәрбиесі басқармасы мен «Регион Жоба» серіктестігі бір­лесіп жасаған екен. «Сокол» автодромы» жобасына 40 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салу көзделген. Осы­лай­ша өңірде спорттың тех­ни­ка­лық түрлерін дамытуға ар­налған жаңа жобада картадром, дрэг-рейсинг жолы, шосселік-шеңбер тасжолы, дрифтингке арналған алаң, апаттық жағ­дай­ға қарсы дайындау тасжолы, сондай-ақ қонақ үй кешендері, мінбер және бүкіл кешеннің толық жұмыс істеуіне қажетті басқа да спорттық және техникалық құрылыстар салу  жоспарланған. Еліміздің, сондай-ақ жақын және алыс шет елдің спорт­шы­ла­ры қатысатын халық­ара­лық дең­гейдегі жарыс өткізуге арналған кешен Алматы – Қарағанды көлік жолының 76-шы шақырымында орналасса, оның құрылысына 205 гектар жер телімі қажет екен. Автодром салуға таңдалған алаң ауыл шаруашылығы мақ­са­тын­да пайдаланылғандықтан, оның өте­м­­ақысын төлеу қажеттігі алға қойылды. Мәселен, жер телімі Іле ауданы аумағына қарасты болғандықтан, аудан әкімі мәсе­леге байланысты өтемақы төлен­ген жағдайда кедергінің жоқты­ғын мәлімдеді. Облыс әкімі Серік Үмбетов экономиканы өркендету мен жұ­мыс­сыздықтың алдын алудағы тиімді жобаларға инвестиция са­латындарға қолдау көрсетілеті­нін айтты. Оның үстіне же­ті­су­лықтар соңғы жылдары спорт­тың қай түрінен болса да жо­ғар­ғы жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Демек,  автодром кешені қажет. «СТК Socol» және «Region» серіктестіктері атынан спорт­тық-техникалық жаңа кешен жобасы жайлы инвес­тор­лар­дың көшбас­шы­сы Дастан Иб­ра­гимов таныс­ты­рып, жоба жай­лы түсінік берді. Оның ай­туынша жобаны жүзеге асыру барысында жақын маң­да­ғы ауыл тұрғындары жұмыспен қам­тылатын болса, толық пайдалануға берілгенде 400 адамның тұрақты еңбек етуіне мүмкіндік бар екен. Құрылыс ережелері мұқият сақталып, салынатын кешенде инженерлік жүйелерді дамыту жайы да қарастырылған. Қуат көзімен қамту мақсатында 630 және 1000 кВт болатын екі дербес трансформаторлар және дизельдік электрстанса орнату көзделген. Жобада басқа да тұрмысқа қажетті нәрселер анықталатыны айтылды. Бағдарламаның орындалу­ын арнайы құрылатын үйлес­ті­ру кеңесі бақылап, елімізде тең­десі жоқ автодром құры­лы­сы осылай қолға алынбақшы. Демек, жанкүйерлердің авто­дромдағы спортшылар өнерін тамашалауына мүмкіндік туа­тын кез алда деуге болады. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.