Паралимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің және олардың бапкерлерінің спорттық еңбегін ақшалай бағалауды теңестіру туралы бастама мемлекет қолдауына ие болады, деп хабарлады «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі.
«Республикалық бюджеттік комиссияның 2016 жылы 22 қыркүйек күнгі №22 шешімімен Паралимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін және олардың бапкерлерін көтермелеу Олимпиада ойындарының жүлдегерлерін көтермелеу мөлшерімен теңестіру бастамасы мақұлданды», - делінген Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың қолы қойылған ресми жауапта.
Сонымен бірге хатта ҚР Үкіметінің тиісті қаулы жобасы туралы мемлекеттік органдардың келісімге келгені және Заңнамаға сәйкес қабылданатыны хабарланды.
Еске сала кетсек, мүмкіндігі шектеулі жандардың спорттық нәтижелері жоғары бағаланса да, біздің елімізде Паралимпиада чемпиондарына берілетін сыйақының ресми бекітілген мөлшері Олимпиада жеңімпаздарына қарағанда 5 есе аз.
21 қыркүйек күні Мәжілістің пленарлы отырысында «Ақ жол» фракциясы азаматтардың спорттық нәтижелерін мемлекеттің бірдей бағалауы туралы мәселені қайта көтерді. Ең алғаш олимпиадашылар мен паралимпиадашыларды теңдей ынталандыру қажеттігі туралы депутаттық сауалды «Ақ жол» партиясы 2014 жылдың 2 сәуірінде Үкіметке жіберді. Онда Үкімет Қазақстанда паралимпиада чемпиондары мен жүлдегерлерінің әлі шықпағандығын айтып жауап берген еді.