Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында бірыңғай нәзік жандарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды. Оның да реті бар. Бөлімде жұмыссыздар ретінде тіркелген 567 адамның 427-сі қыз-келіншектер. Мұның өзі жұмыссыз әйелдердің екі қолға бір жұмыс табуы қиын екенін көрсетсе керек. Осы мәселені оң шешу мақсатында ұйымдастырылған жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысқан он кәсіпорын нәзік жандар үшін 164 жұмыс орнын ұсынды. Жәрмеңкеде әсіресе, банк қызметкерлеріне, есепшілерге, аспаздарға, сатушыларға, бағдарламашыларға, медицина қызметкерлеріне сұраныс жоғары болды. Қыз-келіншектерді жұмысқа алуға «Ақтөбе кондитер фабрикасы», «Қабиев и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және «Ақбұлақ» акционерлік қоғамы ынталылық танытты. Жәрмеңкеге келген 200-ден астам жұмыссыз қыз-келіншектердің арасынан біразы өзіне лайықты еңбек орнына шақырылып, мереке қарсаңында көңілдері көтеріліп қалды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.