19 жасар қазақстандық Айсұлтан Сейітовтің фильмі HOLLYWOOD BOULEVARD FILM FESTIVAL «Режиссура» аталымында үздік деп танылды, деп хабарлайды egemen.kz BNews.kz - ке сілтеме жасап.
1 қарашада Лос-Анджелесте жыл сайынға кино майталмандарын марапаттайтын HOLLYWOOD BOULEVARD FILM FESTIVAL болды. Фестивальде қазақстандық Айсұлтан Сейітовтің «Қорқау қасқыр» фильмі «Үздік режессура» аталымында жеңіске жетті. Фильмнің картинасы «Үздік фильм», «Үздік режиссура» және «Үздік оператор жұмысы» аталымдарына ұсынылған.
«Осы фестивальде өз елімді таныстыра алғаныма қуаныштымын. Өз елімде «Қорқау қасқыр» осындай мәртебеге ие болмағаны өкінішті. Бірақ, мен әлі жаспын – 20 жасқа да толған жоқпын. Күш-жігерім де, идеям да көп. Қазақстандықтарды талай қуантамын деген сенімдемін», – деді Айсұлтан Сейітов.
«Қорқау қасқыр» қысқа метражды фильмде Алматы маңында өскен баланың қиын тағдыры баяндалады. Ол қылмыс әлемі мен өз отбасының ортасында қалады. Драма өмірдің мәні мен құндылықтары, сатқындық сияқты тақырыптарды қозғайды.
Биылғы «Еуразия» кинофестивалінде картинаның премьерасы болды.