• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Наурыз, 2011

Көңіл аударатын мәселе көп

368 рет
көрсетілді

Қазақстан қауымдастықтары мен кәсіпорындарының «Та­би­ғат» экологиялық одағының төрағасы, Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Мэлс Елеусізов өзінің сайлауалды шта­бында ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, сайлау науқаны кезінде атқарылар жұмысы туралы, оған қандай дайындықпен келгені туралы әңгімелеп берді. Бұл жерде президенттікке кан­дидаттың сайлауға арналған бағ­дарламасын жүйелі баяндап жа­ту­дың реті жоқ болар, ол алдағы уақытта ресми түрде ақпарат құралдарында жариялатыны белгілі. Елеусізов мырзаның өзі де оған толық тоқталған жоқ, журналист қауымы өкілдерімен емін-еркін әңгіме, сұрақтарға жауап тұрғысында баяндады. Республика жұртшылығы Мэлс Хамзаұлын табиғаттың, туғ­ан жер­дің жанашыры ретінде та­ни­ды. Ресми болмаса да, оны жұрт еліміздің бас экологы деп атайды. Еліміздегі бас лауазымды қыз­метке ұсынылған азаматқа дауыс берушілер де, ең алдымен осыны ойлайтыны анық. Тіпті алысқа бармай-ақ, осы бүгіндері оның биылғы Наурыз мерекесі күні әрбір қазақстандық болмағанда бір ағаш ексе, еліміздің біраз аума­ғы жасыл желекке оранар еді деген бастамасы талай­лар­дың жүрегіне жеткен болар. Бү­гінгі әңгіме барысында да эколо­гия мә­селесі біраз сөз болды. Бұл мә­селеге байланысты бар­лық билік орындарымен, қоғам­дық ұйым­дар­мен, жұртшылық­пен қоян-қолтық жұмыс істейтінін айтты. Экология көп мәселенің бірі ғана, ел президентіне жүктелер міндет сан-салалы, деді президенттікке кандидат. Ең алдымен еліміздің қуатты болуын, эконо­микасының қарыштап дамуын ой­лауымыз керек. Басқа мәсе­ле­лер­дің шешімі содан туындап жа­тады. Халықтың әлеуметтік жағ­дайы қашанда көңілде жүреді. Зейнеткерлерге айрықша қамқор­лық қажет. Бұл ретте зейнетақы қорлары тиімді пайдаланылса, біраз мәселе шешілер еді. Ден­сау­лық сақтауға байланысты мәсе­ле­лер ұшан-теңіз. Еліміздің бола­ша­ғын ойласақ, білім берудің кезек күттірмейтін мәселелерін шешуіміз керек. Президенттікке кандидат Мэлс Елеусізовпен кездескенде аттап өтпейтін бір мәселе бар. Ол – мемлекеттік тілді меңгеру. Орыс­ша оқып, орысшалау ортада жүр­ген азаматқа бұл айтарлықтай қиындау мәселе болғанын аңғар­ғандайсың. Осыған орай оның лингвистикалық сынақтан ойда­ғы­дай өткеніне күмән келтіргендер де бар. Осыған байланысты сұ­раққа ол байыпты түрде қа­зақ­ша жауап берді. – Биыл да сынақ тапсырдым, өткен сайлауда да тапсырғанмын. Сайлаушылармен кездескенде де сынақтан өте алатын шығармын. Сөйтсе де, мемлекеттік тілді жете меңгерумен одан әрі шұғылда­ну­ым керектігін үлкен жауапкершілікпен сезінемін,– деді ол. Президенттікке кандидатпен оның сайлауалды штабында кездесуден журналистер қауымы толғандырған сұрақтарына жауап алып, жақсы әсермен тарқасты. Мамадияр ЖАҚЫП. Алматы.