• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Наурыз, 2011

Кот-д`Ивуардағы жағдай жақсармай тұр

444 рет
көрсетілді

Бір тәулік ішінде Кот-д`Ивуардың ең ірі қаласы Абиджанда мемлекеттің қа­зір­гі басшысы Лоран Гбагбоның жақ­тау­шылары мен таяудағы президенттік сайлауда жеңіске жеткен Алассан Уаттаруды қолдаушылар арасында болған қақ­ты­ғыста 20-дан астам адам қаза тапты, деп хабарлайды Ассошейтед Пресс агенттігі. Армия минометтер мен гранатометтерді қолдана бастаған өткен аптадағы оқиғадан кейін қарсыластар арасындағы ахуал шиеленісті сипатқа ие болған. Сарапшылар етек алып бара жатқан зорлық-зомбылық әрекеттерді тоқтатудың сәті түспесе, елде азамат соғысы басталып кетуі мүмкін деген қауіп айтуда. ИРАННЫҢ ӘСКЕРИ КЕМЕЛЕРІ СУЭЦ КАНАЛЫНА ЕНДІ Иранның әскери-теңіз күштерінің екі кемесі Суэц каналына екінші мәрте еніп, Қызыл те­ңіз­ге қарай бағыт алып барады, деп хабар­лады Рейтер агенттігі. Өткен айдың соңында да Иран кемелері Сириядағы әскери маневрге қатысу үшін Суэц каналы арқылы Жерорта теңізіне шыққан болатын. Бірақ ол жолы Египет өкіметінің талабына сәйкес уа­қытша кейін қайтуға тура келген. Иран өкілдерінің айтуларынша, кемелердің өтуі халықаралық құқық нормаларына сәйкес келеді. УГО ЧАВЕСТІҢ ҰСЫНЫСЫ ҚАБЫЛДАНБАДЫ АҚШ пен Франция Венесуэла президенті Уго Чавестің Ливиядағы ахуалды реттеу үшін халықаралық комиссия құру жөніндегі ұсынысын қабылдамай тастады. Оның есесіне Ақ үйдің баспасөз хат­шысы Филипп Кроули Джамахирия көсемі Муаммар Каддафидің өз қызметінен кетуі жөніндегі ұсынысын тағы да қайталаған. Франция болса, М.Каддафидің өз мақсатына қол жеткізуіне жағдай жасайтын кез келген келіссөзді қолдамайтынын білдіріп отыр. Соған қарағанда, орын алған ахуалға әділ баға беруді ойлап бас қатырып жатқан ешкім жоқ сияқты. Бірқатар елдер батыс түймедейді түйедей етіп көрсетуде дегенді де айтуда. АҚШ АҚПАРАТТЫҚ СОҒЫСТА ЖЕҢІЛІС ТАБУДА АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Ва­шинг­тонның ақпараттық соғыста өзге мемлекеттерден же­ңіліп жатуына байланысты елдің ішкі саясат ведом­ство­сының бюджетін қысқартуға жол берілмеуі керектігін мәлімдеген. Оның айтуынша, «қырғи-қабақ соғыс» аяқталғаннан кейін БАҚ пен насихатқа бөлінетін шығындардың қысқартылуы АҚШ-тың ақпараттық өрісте өзге ойыншыларға жол беруіне әкеліп соқтырған. Мысал ретінде Клинтон катарлық «Әл Жазира», қытайлық CCTV және ресейлік Russia Today телеарналарын келтірген. Сондай-ақ, голливудтық фильмдер мен америкалық ойын-сауық бағдарламалардың әлемде үстемдік құруы ақпараттар тарату болып табылмайды әрі елдің шынайы бейнесін бұрмалап көрсетеді, деп есептейді мемлекеттік хатшы. ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚ ТУЫН ӨРТЕДІ Үндеулері Facebook әлеуметтік желісі арқылы таратылған үкіметке қарсы ереуілдер барған сайын қарқын ала түсуде. Өткен сәрсенбіде Загребте бірнеше мың­да­ған адам қатысқан шеруде халық Еуро­одақ­тың туын өртеп жіберген. Сол сияқты үкіметті басқарып отырған Ядран­ки Косор жетекшісі болып табылатын «Хорват демокра­тия­лық достастығы» фракциясының туын да түте-түте қылып жыртқан. Қарсылық шерулері елдің Риеке, Сплите және Джякове сияқты қа­лаларында да өтуде. Наразы топ билікке коррупция, жұмыссыздық және тұрмыс тауқыметінің қымбаттығы үшін айыптар тағып отыр. НАТО ЛИВИЯ ІСІНЕ АРАЛАСПАЙДЫ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Ливияға қа­тыс­ты қабылдаған қарарында әскери күш көрсету туралы айтылмағандықтан НАТО Ливиядағы ахуалға әскери тұрғыда ара­ласуды жоспарлап отырған жоқ, деп мә­лімдеді осы ұйымның бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі 28 ақпанда Ливияға қарсы осы елге қару-жарақ сатуға эмбарго енгізуді, сол сияқты есеп-шоттарды қи­мылсыздандырып, Каддафидің, оның отбасы мен бірқатар жақын­дарының шет елге шығуына тыйым салуды қарастыратын санкциялар енгізу туралы қарар қабылдаған болатын. Көптеген елдер, соның ішінде Ресей де көтеріліс жүріп жатқан Ливиядан өз азаматтарын алып шығуда, деп хабарлайды Интерфакс агенттігі. ҚҰПИЯ МАТЕРИАЛДАР ЖАРИЯ ЕТІЛДІ Ұлыбританияның ұлттық мұрағаты британ саясаткерле­рі­нің ұшатын беймә­лім нысанға (ҰБН), «бөгдеплане­та­лық­тар­дың басып кіруіне», сол сияқты бей­мәлім құбылыстарды көр­гендердің айт­қан­дары мен әскерилердің және поли­цей­лердің зерттеулеріне қатыс­ты құпия құжаттарды жария етті, деп хабарлайды бри­тандық Sky News телеарнасы. Ұлыбританияның ұлттық мұрағаты елдің қорғаныс минис­тр­лігінің мұрағатындағы ұшатын беймәлім нысандарға қатысты ма­те­риалдарды жыл сайын жария етіп тұрады. «UFO Files» ретінде та­нымал ол құжаттар қоғам мен журналистердің назарын әркез өзіне аударып келеді. Бұл жолғы құжатта ҰБН феноменіне британ үкіметі деңгейінде жүргізілген зерттеулердің нәтижелері бар көрінеді. ХОСНИ МҮБӘРАКТІҢ ҰЛЫ ӨЗІН ӨЗІ ӨЛТІРМЕК БОЛДЫ Бейресми мәліметтерге қарағанда, Египеттің экс-прези­ден­ті Хосни Мүбәрактің баласы Жамал Мүбәрак өзін өзі өлтірмек болған көрінеді. Алжирдің Echorouk газетінің хабарлауынша, ол өз ниетін у ішіп жүзеге асырмаққа тырысқан. Бұл оқиға египеттік әскерилер алынып қойылған миллиондаған доллар қаржыны банктердің есеп-шотына кері қайтаруды талап еткеннен кейін орын алған. Жамал Мүбәракті Шарм-ел-Шейхтағы отбасылық резиденцияда ес-түссіз жатқан жерінен тауып алыпты. Тек емдеуші дәрігердің күш-жігер жұмсауының арқасында ғана ол ажалдан аман қалған. Интернет материалдары негізінде әзірленді.