• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
03 Қараша, 2016

Аймақтар араластығы

349 рет
көрсетілді

Ұшса құстың қанаты, жүгірсе аңның аяғы талатын кең-байтақ Қазақстан өңірлері үшін өзара тәжірибе алмасудың, жақсыны үйренудің еш артықшылығы жоқ. Бүгінгідей жаһандану үрдісінің өліара кезеңінде ортақ мақсат жолындағы келелі мәселелер ауызбірлікпен, ынтымақпен шешіліп, қуанышты қауышулар, жарқын жүздесулер әлеуметтік-экономикалық дамудың ішкі мүмкіндіктері мен сыртқы резервтерін саралап берсе, ұтарымыз көп. «Араласпаса, ағайын жат» деген. Осы тәмсілді берік ұстанған жер жаннаты Жетісу өңірінің делегациясын Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың бастап келуінің бір сыры Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыру мүддесінен туындағаны анық. Аймақ басшысы Ерік Сұлтанов Алатау бөктерінен ат басын тіреген құрметті қонақтарды құшақ жая қарсы алып, іскерлік кездесуді Петропавл қаласының маңында орналасқан «Green Park» демалыс орнымен таныстырудан бастады. Бұл жерден демалушылар еш үзілмейді. Көпшіліктің ұсыныстары ескеріліп, келешекте амфитеатр ашу көзделген. Әрине, қаһарлы қысынан жайдары жазы басым Жетісу жері туризмді өркендетуге өте қолайлы екенін ескерсек, өзара тәжірибе алмасудың пайдасы зор екені айтпаса да түсінікті. Бұдан кейін делегация мүшелері бір мыңнан астам адам шынығатын спорт сарайында болып, жеңіл атлетикалық манеж бен мұз айдынын, оқу-жаттығу залдарын тамашалады. Қос тараптың іскерлік басқосуында Ерік Сұлтанов биыл еліміздің аймақтарына 39 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімдері жөнелтілгенін, оның 3,9 пайызын Алматы облысы құрайтынын, осы орайда сауда-саттық айналымын ұлғайту бірінші міндет екенін жеткізді. Өз кезегінде А.Баталов аймақтың әлеуетімен таныстырды. Қант қызылшасын өндіру, Алматы апортын өсіру жұмысы жанданып келеді. 20 мың гектар алма бағының екі мың гектарына апорт өсіріледі. Сондай-ақ, жеміс-жидектің басқа түрлерімен қамтамасыз ете алатын әлеуеті де мол. Алдағы уақытта Ресеймен түйісетін шекара тұсында көлік-логистикалық орталық ашылатын болса, алматылық кәсіпкерлер үшін де сыртқы нарыққа кең жол ашылары сөзсіз. Қызылжар өңірінің жер қойнауы түрлі-түсті металдарға бай. 286 пайдалы қаз­ба орындарында алтын, қалайы, темір, кө­мір­дің мол қоры бар болса, Алматы облысы әлемнің 108 елімен сауда байланысын орнатқан. 41 елге өнім жеткізіліп, 83 мемлекеттен импорттық тауар әкелінеді. Теріскейге 30 алматылық кәсіпорын өз өнімдерін тасымалдайды. Кездесу барысында жергілікті «Сүт өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің директоры Роза Сүлейменова мен Ал­маты облысы «Жақсылық» шаруа қожалы­ғының басшысы Жақсылық Үшкемпіров атқа­рып отырған жұмыстарымен таныстырды. Жиын ауыл шаруашылығы және кәсіп­керлік салалар бойынша меморан­думдарға қол қоюмен аяқталды. – Алматы облысының ішкі әлеуеті зор. Енді жеміс-жидек өнімдерін Ресейге тасымалдайтын болады. Бұл бағыттағы жұмысымыздың нәтижелі болуына көлік-логистикалық орталықтың қосар үлесі өлшеусіз, – деді Е.Сұлтанов БАҚ өкіл­деріне берген сұхбатында. А.Баталов солтүс­тік­тің сапалы ұнына және машина жасау сала­сына қызығушылық танытып отырғандарын атап көрсетті. – Біздің өңірде 2 миллион адам тұрады. Оларды нанмен толыққанды қамтамасыз ету үшін бірқатар келісімдерге қол қойылды. Мұның бәрі тұрғындардың әлеуметтік қорғалуын және азық-түлік қауіпсіздігін реттейді, – деді А.Баталов.  Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы