Қазақстан Республикасы президенттігінен үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталып кетті. «Қазақстанның патриоттар партиясы» қоғамдық бірлестігі ұсынған Ғани Қасымовтың есімі мұның алдындағы президенттік сайлауға қатысуымен, Парламент Сенатының депутаты ретіндегі қызметімен көпшілікке жақсы таныс. «Қазақстанның патриоттар партиясы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының хатшысы Николай Выходецтің айтуынша, қазірдің өзінде партияның облыстық сайлау штабы жұмыс істеуде.
Әзірге өз үміткерлерін қолдау жөніндегі үгіт-насихат жұмыстарына дайындық шаралары да тиянақталып қалыпты. Штаб құрамы 10 адамнан тұрады. Оның жанынан 50-ге жуық үгітшілер анықталған көрінеді. Олардың арасында есімдері өңірге белгілі ғалым Үкітай Байжомартов, еңбек ардагері Дүкенбай Иманғалиев секілді танымал азаматтар бар.
Қазірдің өзінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу кезінде керекті көрнекіліктер жеткізілген. Партияның атрибуттарымен, жалау және жалаушалармен қамтамасыз етілген. Үгіт-насихат материалдары жапсырылатын жерлердің мекен-жайлары хабарланған. Мұндай штабтар аудандарда да ашылыпты.
Филиал хатшысы жалпы облыстағы 40 мыңға жуық партия мүшелерінен басқа да қолдаушылар болатынына сенімді. Оған президенттіктен үміткер Ғани Қасымовты қолдап қол жинау барысында жанашырлық танытқандардың көп болғанын дәлел ретінде алға тартты.
– Біздің ұранымыз «Біз халықпен біргеміз» болғандықтан, бізге бүйрегі бұратындар көбейе түседі деп ойлаймын. Әзірге біздің партияның үміткері өңірімізге қашан келетінін хабарлай қойған жоқ. Сонда да біз қамсыз емеспіз, үгіт-насихат жұмыстарын енді-енді жандандыра түсеміз. Бұл бағытта өткен сайлаудағы тәжірибемізді де пайдаланамыз, – дейді Н.Выходец.
«Қазақстанның патриоттар партиясы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалы жанынан ашылған сайлау штабы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге дайын. Штаб жұмысы президенттік сайлаудың әділ және ашық өткізілуіне бағытталмақ. Филиал хатшысы Николай Выходец саяси науқанның елді бұрынғыдан гөрі де ынтымақтастыра түсетінін мәлімдеп отыр. Ол мұндай баламалы сайлаудың еліміздегі демократияның жарқын көрінісі екенін атап өтті.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.