Орталық сайлау комиссиясында Қазақстан Республикасының президенттігінен үміткер Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы Орталық комитетінің хатшысы Жамбыл Ахметбековтің сайлауалды штабына қарасты «Шынайы сайлауды қолдау» қоғамдық орталығы құрылды.
Оның мақсаты – сайлау құқықтары ескерілмей, қорғалмаған азаматтарға қолдау көрсету. Қазір партияның өзі де президенттіктен үміткерге қолдау көрсету үшін жан-жақты жұмыс жүргізуде. Алдымен үміткерді қолдауға қол жинау жұмысы сәтті аяқталды. Бұл ауқымды жұмыс ҚКХП-ның барлық облыстық, аудандық, қалалық комитеттерінің және бастауыш ұйымдардың атсалысуымен іске асты. Қол жинауда белсенділер, жақтаушылар мен тілектестер көмек көрсетті.
Осы аптада партияның атынан президенттікке түсіп жатқан Ж.Ахметбековтің сайлауалды тұғырнамасы жарияланды. Мұнда партияның экономиканы дамытуда, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуда алдына қойған мақсаты мен сайлау науқаны кезінде партияның атқаратын жұмыстары туралы мәліметтер келтірілген.
Сонымен бірге, осы жетіде ҚКХП-ның президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбековтің сайлауалды штабында елімізде тіркелген үкіметтік емес ұйымдар, дипломатиялық корпустар мен консулдықтардың қызметкерлерімен кездесуі ұйымдастырылды. Оған ЕҚЫҰ мен шет елдің бірқатар елшілері қатысып, штабтың жұмысымен танысты. Кездесу нәтижесінде бақылау органын құру туралы шешім қабылданды. Енді бұл орган Ж.Ахметбековтің сайлауалды жұмысымен күн сайын танысып, оған баға беріп отыратын болады.
Ал кеше Астанада партияның сайлауалды штабының ұйымдастыруымен «Үгіт-насихат пойызы» аталатын іс-шара өтті. Ол таңертеңнен кешке дейін жалғасып, қаланың бірнеше көшесін қамтыды. Мұнда «ГАЗель» автокөлігіне мінген азаматтар сағат 11.00-ден бастап Бараев көшесі, Республика даңғылы, одан кейін Есенберлин көшесіне шығып, Жеңіс даңғылымен жүріп өтті. Одан әрі Абай даңғылы, Кеңесары көшесімен жүрген автокөлік Абылай хан, Тәуелсіздік, Момышұлы даңғылы, Тоқпанов көшесі, Ақорда маңайы мен Сығанақ көшесі, Қабанбай батыр даңғылы арқылы Тәшенов, Уәлиханов пен Иманов көшесіне жетті.
Енді бүгін Ж.Ахметбековтің елімізді аралап, сайлаушылармен кездесуге арналған сапары басталады. Ол алдымен Ақмола облысының Қорғалжын ауданына барып, өзі туып-өскен Шалқар елді мекенінде болады. Одан кейін 9 наурыз күні Көкшетау, келесі күні Петропавл, Қостанай қалаларына сапар шегеді. Бұл жерлерде ол автокөлікпен жүреді.
Дастан КЕНЖАЛИН.