Биылғы жылы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен бірге, Семей атом полигонының жабылғанына да жиырма жыл толмақ. Бұл – егемен ел өміріндегі аса елеулі оқиғалардың бірі. Бірақ, өкінішке қарай, осы мәселе әлі де жеріне жеткізіп жазылмай да, насихатталмай да келе жатқан тәрізді.
Ал экология мәселесі қазірде әлемдік мәселеге айналып отырғанын кім жоққа шығара алады? Сондықтан полигон жабылғанмен, оның зардаптары әлі де толықтай жойылып болған жоқ. Оған Арал қасіретін қосыңыз. Оны айтпағанда, Сорбұлақтың өзі сорымызды қайнатпасына кім кепіл?
Міне, бүгінде президенттіктен үміткерлердің бірі Мэлс Елеусізов сондай экология мәселелерімен түбегейлі түрде айналысып келе жатқандардың бірі ғана емес, бірегейі болып табылады. Ол өткен жолғы сайлауда да президенттікке өз кандидатурасын ұсынған болатын. Біреулердің оның бұл тірлігін түсінбей қалуы да мүмкін. Ал өз басым мұны түсінбеудің еш жөні жоқ деп білемін. Мүмкін, менің замандасым Мэлс осы әрекеті арқылы жұртшылықтың көңілін жаһандық мәселеге аудартқысы келетін шығар. Ендеше, Жер-Ананы ардақтай білейік деген оның талап, талпынысының несі сөкет?
Сондықтан мен өз құқымды пайдалана отырып, қазақстандықтарды алдағы сайлауда Мэлс Елеусізовтің кандидатурасын жақтап дауыс беруге шақырамын. Қалай болғанда да, экологиялық апаттан алдын-ала сақтанбасақ болмайды.
Айдос МАЙЛЫБАЕВ, табиғат жанашыры. Семей.