• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Қараша, 2016

Арал мәселесі мәміле арқылы шешілгені абзал

2940 рет
көрсетілді

Су қай кезде де құны жетпес қазына, тіршілік көзі екені  мәлім. Әсіресе, соңғы кездері экологиялық ахуал су тапшылығына өз залалын тигізіп келеді. Өз кезегінде су тапшылығы экологияға да, адамзаттың дамуына да кері әсерін тигізеді.  Қиырдағы  ахуалды айтпай, өзіміздің Орталық Азиядағы су проблемасына тоқталатын болсақ,  күрмеуі көп мәселені көреміз.  Суды үйлесімсіз пайдаланудан Арал теңізі құрғап бара жатыр. Әйтсе де,  шешу жолдары жеткілікті. Бұл туралы Кеңес Одағы тұсында Арал мәселесімен түбегейлі айналысқан қайраткер, Ресей инженерлік академиясының академигі, инженер-гидротехник Полад Аджиевич ПОЛАД-ЗАДЕМЕН әңгімемізде осы теңіз жайын арқау еттік. – Полад Аджиевич, Кеңес Ода­ғы ыдыраған соң, Арал теңізі бассейнінің ма­ңына шоғырланған Орталық Азия­­да­ғы бес мемлекет баса кө­ңіл бөлген мәселенің бірі – Арал­ды сақтап қалу бола­тын. Әсіресе, осы Аралға құя­­тын Әмудария мен Сыр­дар­­ияның суын ысырап қыл­май, ұқыпты пайда­лану жайы күн тәртібіне шы­ға­рыл­­ғаны да елдің есінде. Жал­­пы, сіз Аралға қатысты мем­­лекет басшыларының бү­­гінгі саясатын қалай ба­ға­лайсыз? Сондай-ақ, Кіші Арал­­ды сақтау туралы да ой-пікіріңізді білсек деп едік. – Орталық Азиядағы су ресурстары проблемасы өте күрделі әрі өзекті мәселе екені белгілі. Өйткені, Арал теңізі орна­ласқан Орталық Азияның бес мемлекетінде 60 миллионға жуық халық тұрады. Енді осы 60 миллион халықтың тіршілігіне нәр берген Аралды екі ұлы өзен – Сырдария мен Әмудария толтырады. Алайда, бұл қос өзенге қатысты талас-тартыс пен дау-дамайлар ға­сырлар бойы толастаған емес. Себеп белгілі – сусыз ешкім ештеңе істей алмайды. Дегенмен, мен осы мәселеге қатысты көпшілік көңіл бөле бермейтін бір деректі келтірсем деймін. Қазан төңкерісінен кейін жарты жылдан соң, шамамен 1918 жылдың ортасына қарай В.Ленин Орталық Азия аймағындағы су шаруашылығы мәселелерін реттеу мақсатында 50 миллион рубль қаржы бөлу жөнінде шешім шығарды. Бұл шешім сол кездегі Аза­мат соғысының алдында қа­был­данған. Кейіннен, Ке­ңес Одағының қарамағына қо­сылған жылдары тіршілік нәрі үлкен аумақта кең таралып, суландыру процесі жандана түсті. Мен бүгінгі әңгімемізге ті­ке­лей қатысы болмаса да, осы бір оқиғаны елемей кеткім кел­меді. Себебі, Кеңес заманында мұндай мәселеге өте қатты көңіл бөлінді және ол ғайыптан пайда бола қалған жоқ. Тіпті, революцияға дейін де Сібір өзендерінің суын Орталық Азияға бұру жайлы болжамдар болған. Мұндай ойды қолдап, жоба нәтижесінен зор үміт күткендер де, оған түпкілікті қарсы болғандар да кездескен. Ал енді әңгіме ауанын өз тақырыбымыз – Аралға бұрсақ. Әмудария мен Сырдария өзен­­дерінің суы еркінен тыс иге­рілсе, Аралдың аумағы тарыла түсетіні бесенеден белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, Аралды сақтау мақсатында Ресей өзен­­дерін Орталық Азияға қа­рай бұру өте-мөте тиімді әрі бұл кездейсоқ қадам болмас еді. Алайда, ғасырларға ұласқан пікір қайшылығынан ол орындалмас арманға айналды. Инженерлік құрылымдарды оңтайлы үйлестіріп, Сібірдің суын Аралға құйғанда анау-мынау емес, 60 миллион адамның тағдыр-талайы шешілген болар еді. – Сонда бұл жобаға кімдер қарсы болды? – Алға тартқан уәждерінен нақты мысалдар келтірсек. Мәселен, немістің «Шпигель» журналында менің суретім мен қолым қойылған мақала басылды. Сонда мені үкімет пен орыс халқына қарсы адам ретінде көрсетеді. Қалай дегенде де, сол кездегі Үкімет дереу іске кірісуді талап етті. Бас­тапқыда М.Горбачевтің бұл жобаға көзқарасы оң еді. Менің бірнеше рет оның қабыл­дауында болуым – сөзіме дәлел. Кейіннен ол бұл ойынан кілт айнып, тіпті, біздің осы жоба аясында жұмыс істеуімізді заң шеңберінде тыйып тастады. Бір анығы, егер сол жоба жү­­­зеге асқанда Орталық Ази­я­ға 28 текше/шақырым су келіп, миллиондаған адам егін­­шілікпен айналысатын еді. Өзбек, қазақ, қырғыз, тәжік өз жерінде отырып, мақ­та мен көкөністердің түр-түрін өсіріп, өндіретін мүмкіндік туар еді. Бұл тұрғыда азды-көпті тәжірибемізбен жер­гі­лікті халықтың егіншілікке бей­­ім­­ділігіне де айқын көз жет­кізгенбіз. Сөйтіп, Өзбек­с­тан аумағындағы Карша жа­зы­ғын игеруде тақыр жерден мол өнім алуға болатындығын дәлелдедік. Яғни, Әмудариядан су шығару арқылы табысқа же­телейтін тың бастамаға қол жеткіздік. Ол жердегі маң далаға ешкім келмесі бел­гілі ғой. Сол үшін ең алды­мен біз ірі су сорғылар ар­қылы су шығарып, бірнеше ауыл мен оған жол салып, түр­лі кәсіпорындар құрып, инфра­құ­рылым тарта бастадық. – Ал қазір кезінде сіздер салған ауыл-аймақтың жай-күйі қалай? – Бүгінде ол жерлерден адамдар кете бастады. Неге? Өйткені, Арал маңын мекен еткен тұрғындар үшін өмір сүру оңайға түсіп жатқан жоқ. Қазір жер асты суларын шығарып беру арқылы олардың тіршілік көзін қолжетімді еткендейміз. Осымен мәселе шешілді ме? Әрине, жоқ. – Ендеше, Аралды құтқару үшін не істемек керек? –Мен жуырда Нұрсұлтан­ Назарбаевтың су шаруа­шы­лығын дамыту бағдарламасына қатысты арнайы Қаулыға қол қойғанынан хабардар болдым. Ол құжатта Аралдың мәсе­лесі ғана емес, су ша­руа­­­шылығына қатысты инже­нерлік желілер мен олардың әлеуметтік маңызына қатысты мәселелерді шешудің сан жол­дары қарастырылған. Соны­мен қатар, Солтүстік Аралды сақ­тап қалу жайы да жан-жақ­ты баяндалған. Өз басым Нұрсұлтан Әбішұлының қай­раткерлік қарымын өте жақсы білемін. Ол қашан да Аралды құтқару ісінде табандылық танытып, бастамалардың жүзеге асуына тұрақты көңіл бөліп келеді. Солтүстік Арал – соның бір айғағы. Қазір ол жерге адамдар қайта оралып, балық шаруашылығымен айналыса бастағанын көріп қуанамын. Сол сияқты су шаруашылығына қаты­сты түйіндер де тиімді ше­шілуде. Мәселен, су мол кезде қор жинап, жаздыгүні егіс алқабында пайдалану тәжірибесін де Қазақстан Пре­зиденті өте тиімді пайдалануға болатынын дәлелдеді. – Қалай десек те, ғасыр­лар бойы ағыл-тегіл ағып, Арал­ға құйған қос өзен суы­ның соңғы жүзжылдықта сар­қылуын тоқтату мүмкін бе? Қалай ойлайсыз? – Ақиқатында Аралға құяр судың азаюы кейбір бауырлас елдер арасындағы жағдайды күрделендіріп, түсінбеушілікті өршітіп жіберуі мүмкін. Деген­мен, мынадай бір мәселелерді ашық айтпасқа болмайды. Су басында отырғандар қазір тірші­лік көзін тоғандап, буу ар­қылы электр энергиясын өнді­ретін аса қуатты станциялар (СЭС) сала бастады. Осы жерде бір сұрақ туындайды: суды тоқтату арқылы энергия өндіріп, табысқа кенелген жөн бе, әлде, оны жаз кезінде егістікке пайдаланып, ақшаны күреп тапқан тиімді ме? Бұл өзі өте қиын мәселе болғанымен, шешімін табудың мүмкіндігі бар. Кеңес Одағы құлағаннан кейін бес мемлекет басшылары бірлесе отырып, бір тоқтамға келді. Яғни, мемлекетаралық деңгейде арнайы комиссия құрып, түйінді тарқатудың төте жолын тапқандай болған еді. Бірақ қазіргі кезде комиссия жұмысы сәтті деп айта алмаймыз. Бұл тараптар арасындағы әлі де шешімін таппаған әрі оған мүдделілік танытуға құлықсыз мүшелердің бар екендігін көрсетеді. – Ал бұл істе Қазақстанның ынта-ниеті мен дәреже-деңгейі қалай? – Қазақстан тарапынан Арал­­дың жайын оңтайлы шешуге деген ұмтылыс күшті. Арнайы жобалар мен тиянақты бағдарламалар да қолға алынуда. Әйтсе де, менің ойымша мүше-мемлекеттердің бар­лығы да бір үстелдің басына жи­налып, Аралды құтқару мен оны қалпына келтіріп, тиім­ді пайдаланудың жолда­рын талқыласа құба-құп болар еді. Бұл жерде Арал мә­селесімен шектелуге болмай­ды. Өйткені, Орталық Азия­дағы су шаруашылығын қа­лып­­тастырып отырған өзен­дер­дің барлығы да тран­с­ше­каралық өзендер болып табы­латындықтан, оны бес елдің өкілдері өз араларында жан-жақты қарауы тиіс. Мысалы, бір ғана Ертіс өзені Қытай мен Қазақстан және Ресейге қызмет көрсетеді. Ал Жайық өзені Қазақстан мен Ресейге тиесілі дегендей кете береді... Бізге Арал бассейніне қа­тыс­ты мақсатты бағдарлама аса қажетті деп санаймын. Бұл бағдарламаға Орталық Азия­дағы бес мемлекетпен қоса, Ресей де мүдделілік таны­туы тиіс. Демеушілік пен эко­логиялық мәселелердің ше­ші­луінде халықаралық ұйымдардың қатыстырылуы сияқты мәселелер де назардан тыс қалмағаны жөн. Өйткені, бүгінгі таңда су саясаты Орта­лық Азияда ғана емес, әлем бойынша алаңдаушылық тудыра бастады. Әлемге әйгілі кли­матологтар мен экологтар су мәселесінен туындайтын шаруа­лардың шатқаяқтауынан келетін апаттан адамзаттың тар­тар азабы ауыр болуы мүм­кіндігін айтып дабыл қағу­да. Жер-дүниедегі білікті әрі беделді мамандар соңғы жыл­дары жаһандық жылыну салдарынан климаттық өзге­рістер туындап, ол уақыт өткен сайын ушығып келе жатқанын мәлімдеуде. Есесіне, Ресейдің оңтүстік өлкесі мен Орталық Азияда су тапшылығы сезілуде. Тіпті, болашақта осы тапшылық көлемі ұлғаюы да мүмкін. Ал сулы өңірлерде оның көлемі кемерінен тасып жатқаны тағы да белгілі. Оған соңғы жылдардағы жыл са­йын қайталанатын су тасқыны дәлел бола алады. Осыдан келіп су шаруашылығын пайдалануға қатысты тиянақты, нақтыланған мақсатты бағ­дарлама қажеттілігі туындайды. – Алатаудың баурайын­дағы Тоқтағұлда судың то­ған­далуынан Оңтүстік Қа­зақ­стан облысы зардап шегуде. Одан кейін тәжіктер Қайра­ққұмда суды ұстап қа­луда. Соның салдарынан су­дың төменгі сағасында орналасқан Шардара су қой­масы кемеріне толмай, егіс алқабы құрғауда. Осы жағ­дайға қатысты қандай ой айтасыз? – Бұл  жерде әңгіме ауаны жоғарыда мен атап өткен мем­лекетаралық комиссия құрумен қайта ұштасады. Оған қоса айтарым, тараптарға осы органның шешімін мінсіз орындауды міндеттеу керек. Себебі, бұл су мәселесіне қа­тысты мемлекетаралық дең­гейдегі геосаяси жағдайға те­ңес­кенімен, ол жеме-жемге келгенде жергілікті халықтың үнемі бақылауда ұстауы тиіс әлеуметтік маңызы жоғары мәселе. Оның астарында 60 миллион адамның тағдыр-талайы жатқандығын ескермей болмайды. – Сонда Халықаралық Аралды қорғау қоры мұндай міндетті атқара алмай ма? – Әрине, бұл ұйымның мүм­кіндігі бар ғой. Бірақ тағы да сол әлгі бес мемлекет басшылары мен Ресей жетек­шілерінің ұстаным, пікірлерін нақтылап алу керек секілді. Сонымен қатар, ТМД аясында су шаруашылығын реттеу жөніндегі үйлестіру комиссия­сы құрылды емес пе? Алайда, бұл құрылымның қазіргі қа­да­мы бізге беймәлім күйде қалып отыр. – Аралды құтқару мәсе­ле­сіне келсек, қазір мүдделі мем­­лекеттердің міндеттері бір арнаға тоқайласпай тұр­­­­ған сияқты. Айталық, Қазақ­­­с­тан Солтүстік Аралды су­­мен толтыруға тырысса, Өзбекстан өз бетінше әре­­кет етуде. Әмударияны жа­ға­ла­ған түрікмендер де әрекеті бө­лек болса да, қам­сыз отыр дей алмаймыз...  – Бұл жерде Қазақстан мы­на жағдайды ескеруі керек. Су­­дың төменгі сағасы етекте отыр­­ғандықтан, бұл өлкеге су­дың ақабасы ағып келеді не­месе ағыстың тоқтар тұсы. Сон­дықтан да Қазақстан ең көп зардап шегетін ел. Ал енді бүгінгі таңда қазақтар Ертіс­тің суын өте тиімді пайдала­нып, «Ертіс–Қарағанды» ка­налы арқылы Астананы сумен қамтып отыр емес пе?! Демек, мәмілеге келу арқылы барлық мәселені тиімді шешуге болады. Оған Нұрсұлтан Назарбаевтың ха­лық­аралық аренадағы биік беделі ықпал ете алады деген сенімдемін. Ол Солтүстік Арал мәселесін шешу арқылы мақсатына  мығым екендігін іспен дәлелдеп берді. Өкінішке қарай, елдің бәрі бұл мәселеге осы деңгейден қарай алмау­да. Сондықтан да мен су мәселесімен айналысатын арнайы ресми орган болу керек деп айтып отырмын. Әрине, бұл жерде бес елдің ойы бір жерден шықпауы да мүмкін. Кім жоғары жақта отырады, сол суды көбірек пайдаланып қалуға тырысады. Өйткені, суды турбинадан өткізу арқылы олар ешкімге, ешқандай ақы төлемей табысқа кенеледі. Ондайды кім құп көрмесін. Ал енді сөз басында айтып өткен Сібір суларын Аралға қарай бұру идеясы туралы айтар болсам, ол былай. Қашан да ой-өрістің дамып, идея айтылып жататыны секілді, жұмыс бар жерде түрлі ұсыныс, жос­­парлар мәлімделеді. Ал ол қашан, қалай жүзеге асады? Бар мәселе сонда. Мысалы, соңғы жылдардағы Қытай үкіметінің жасаған жобалары біздің көптен бері айтып келе жатқан ойымызды іске асыруға болатындығын айшықтай түсті. Қытайлар солтүстікке қарай үш үлкен канал тарта отырып, алып су қоймасын салу үшін 1,3 миллион адамын батыс аймаққа көшірді. Міне, осы каналдар арқылы олар Бейжіңнің су мәселесін оңтайлы шешіп тастады. Сондықтан да, мен Аралды құтқару мәселесіне қатысты айтылып келген жоспар-жобаларды толық қолдаймын. Әсіресе, арнайы орган құру арқылы оның шешімінің қағаз жүзінде рәсімделуіне басымдық берілуі керек. Ондай жағдай жасалмаса, істің бәрі бос. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен  Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»