Азиадада екі алтын алған талантты фристайлшы Юлия Галышева
Өмір жалған деген рас екен. Юлияның әкесі Евгений Галышев қызын ерекше жақсы көретін. Бір үйдің жалғыз баласы болған соң ата-анасы оның бетінен қақпай, еркелетіп өсірді. Елгезек қыз алты жасында би үйірмесіне барып, оны ұнатпаған соң сол кездері Өскеменнен 9 шақырым жердегі енді ғана ұйымдастырылған фристайл секциясына қатысты. Алғашқы бапкері Анна Корнышева тобықтай қызға ерінбей-жалықбай могулдың қыр-сырын үйрете бастады. Амал бар ма, екі жылдан кейін алғашқы бапкері тұрмысқа шығып, Германияға қоныс аударды. Бірақ кетерінде дарынды балаларға арналған спорт мектебінің бапкері Виктор Лемешкоға тапсырып кетті.
Әкесі Евгений Александрович пен анасы Светлана Геннадьевна қыздарының таудай талабына сүйсініп, кезек-кезек жаттығуларға апарып жүрді. 2003 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында көрші мемлекеттің кубогы жарысына Ю. Галышева да қатысты. Небәрі 11 жасар талапты қыз айды аспанға шығарып, Кубок чемпионы атанды. Арада үш жылдан кейін ол еліміз біріншілігінде күміс алқаны иеленіп, спорт шебері нормасын орындады. Фристаилдың могул түрінің ерекшеліктері мен қиындықтары көп. Кедір-бұдыр таудан төмен қарай құлдырағанда, бұрылыстарда сәл қателік жіберсең, құлағаныңды аңғармай да қаласың. Сондықтан өнер көрсетер кезде ерекше сақ болу керек. Жаттығулар кезінде мұндай сәтсіздіктер талай рет болған. 2007 жылы небәрі 15 жасында әлем чемпионатына қатысып, тәжірибесін ұштай түсті. Сол жолы алғашқы алтылыққа ілінбесе де қайсар қыздың болашағынан көп үміт күткен еді жерлестері. Тіпті алтыншы сыныпқа дейін №7-ші мектепте оқып жүрген кездің өзінде ұстаздар Юлияның жарыстарына қатысып, оған жанкүйер болған. Сол жылы ҚР чемпионы және қола алқаны иеленгені бар.
Тіл аузымыз тасқа, бұдан кейін Юлияның жеңісті сәттері жалғасып, Еуропаның саңлақтарымен терезесі тең өнер көрсеткен күндер басталды. 2008 жылы Еуропаның екі дүркін чемпионы атанып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормасын орындады. 2009 жылы Жапонияда өткен әлем чемпионатына қатысып, медаль ала алмаса да бапкерлердің көзіне ілікті. Бірлесіп өнер көрсетуде әлем чемпионы атанды. ХХІ Қысқы Ақ Олимпиаданың Ванкувер қаласында өткені белгілі. Алғашқы Олимпиадасы болған соң қобалжығаны рас. Әттең, сол өкінішті сәтті ұмыта алмайды. Төмен қарай құлдырау кезінде сәл қателік жіберіп алды да, қатаң төрешілер 11-ші орынға бірақ сырғытып жіберді. Төрешілер тарапынан бұдан бұрындары да қиянат шеккен, осы жолғы әділетсіздігі намысына қатты тиді. Тіпті могулды тастаймын деген кезінде әріптестері сабырға шақырып, жеңісті күндерің әлі алда деген. Рас екен, өткен жылдың 15-ші желтоқсанында Францияның Мэрибель қаласында фристайлден Әлем Кубогының кезекті жарысы өтті. Қазақстаннан барған қайсар қыз еуропалықтардың бәрін таңғалдырып, могулда бұрынғы чемпиондарды шаң қаптырып, алтыннан алқа тақты. Бұл қазақ елінің осы спорт саласында тұңғыш алтын алқасы.
Міне, біз Юлияның анасы Светлана Галышеваның жұпыны үйінде отырмыз. Ол ата-анасымен бірге тұрады екен. Немерелерінің Азиаданың қос дүркін чемпион болғанына қариялар қуанышты, ақжарқын қарсы алды.
– Юлия алған бетінен қайтпайтын, өжет әрі қыңыр мінезді болып өсті. Фристаил десе ішкен асын жерге қоятын. Ақыры арманына жетіп, чемпион атанды. Ал менің арманым – жалғыз қызым үш жылдан кейін Сочиде өтетін Қысқы Олимпия ойындарында алтыннан алқа тақса деймін. Әкесі де Юлияның Олимп шыңына шыққанын армандап кетті. Қазір Юлиямыз Алматыдағы Туризм және спорт академиясының бірінші курс студенті. Өзі күні кеше Алматыға оқуын жалғастыруға кетті. Ол жақта барлық жағдай жасалған. Айтпақшы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа аналық алғысымды жеткізгім келеді. Ол 7 қаңтарда Азиададан жеңіспен оралған Шығыстың шымыр ұл-қыздарына ерекше құрмет көрсетті. Әуежайда да, Республика алаңында да мыңдаған жанкүйер, мектеп оқушылары жиналды. Атақты шаңғышылар А. Полторанин, О. Яцкая, Е. Коломина және менің қызыма қалың жұртшылықтың алдында шетелдің төрт көлігін салтанатты жағдайда табыстады. Меніңше, мұның тәрбиелік жағына назар аударған жөн. Сол кешке жиналған мектеп оқушылары Азия саңлақтарымен ескерткіш суретке түсті. Шіркін, біздер де чемпион атанып, Қазақ елінің көкбайрағын әлемдік жарыстарда желбірете берсек, абыройға бөленсек деген ойға батты. Ең бастысы, 18-ге енді толған қызымның абыройы асқақтап, тәуелсіздіктің 20 жылдығына тарту жасаған ерлігі үшін дән ризамын, деп ағынан жарылды чемпионның анасы.
В. Смирновтың сонау 1994 жылғы алтын алқасынан кейін Олимпиадада биік тұғырдан көріне алмай жүргеніміз өкінішті-ақ. Несі бар, сол өкініштің орнын Юлия қызымыз толтырар.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, Өскемен.