• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2011

Арманым – Сочиде алтын алу

385 рет
көрсетілді

Азиадада екі алтын алған талантты фристайлшы Юлия Галышева Өмір жалған деген рас екен. Юлияның әкесі Евгений Галышев қызын ерекше жақсы көретін. Бір үйдің жалғыз баласы болған соң ата-анасы оның бетінен қақпай, еркелетіп өсірді. Елгезек қыз алты жасында би үйірмесіне ба­рып, оны ұнатпаған соң сол кездері Өскеменнен 9 шақырым жердегі енді ғана ұйымдастырылған фристайл секциясына қатысты. Ал­ғашқы бапкері Анна Корны­шева тобықтай қызға ерінбей-жа­лықбай могулдың қыр-сырын үйрете бастады. Амал бар ма, екі жылдан кейін алғашқы бапкері тұр­мысқа шығып, Германияға қо­ныс аударды. Бірақ кетерінде да­рынды балаларға арналған спорт мектебінің бапкері Виктор Ле­мешкоға тапсырып кетті. Әкесі Евгений Александрович пен анасы Светлана Геннадьевна қыздарының таудай талабына сүйсініп, кезек-кезек жат­тығуларға апарып жүрді. 2003 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында көрші мемлекеттің ку­богы жарысына Ю. Галышева да қатысты. Небәрі 11 жасар талап­ты қыз айды аспанға шығарып, Кубок чемпионы атанды. Арада үш жылдан кейін ол еліміз біріншілігінде күміс алқаны иеленіп, спорт шебері нормасын орын­да­ды. Фристаилдың могул түрінің ерекшеліктері мен қиындықтары көп. Кедір-бұдыр таудан төмен қарай құлдырағанда, бұрылыс­тар­да сәл қателік жіберсең, құла­ғаныңды аңғармай да қаласың. Сондықтан өнер көрсетер кезде ерек­ше сақ болу керек. Жат­тығулар кезінде мұндай сәтсіз­діктер талай рет болған. 2007 жылы небәрі 15 жасында әлем чемпионатына қатысып, тәжіри­бесін ұштай түсті. Сол жолы алғашқы алтылыққа ілінбесе де қайсар қыздың болашағынан көп үміт күткен еді жерлестері. Тіпті алтыншы сыныпқа дейін №7-ші мектепте оқып жүрген кездің өзінде ұстаздар Юлияның жарыс­тарына қатысып, оған жанкүйер болған. Сол жылы ҚР чемпионы және қола алқаны иеленгені бар. Тіл аузымыз тасқа, бұдан кейін Юлияның жеңісті сәттері жалғасып, Еуропаның саңлақта­ры­мен терезесі тең өнер көр­сеткен күндер басталды. 2008 жылы Еуропаның екі дүркін чем­пионы атанып, халықаралық дә­режедегі спорт шебері норма­сын орындады. 2009 жылы Жапонияда өткен әлем чемпионатына қа­тысып, медаль ала алмаса да бапкерлердің көзіне ілікті. Бірлесіп өнер көрсетуде әлем чемпи­оны атанды. ХХІ Қысқы Ақ Олимпиаданың Ванкувер қа­ла­сын­да өткені белгілі. Алғашқы Олимпиадасы болған соң қо­балжығаны рас. Әттең, сол өкі­нішті сәтті ұмыта алмайды. Тө­мен қарай құлдырау кезінде сәл қателік жіберіп алды да, қатаң төрешілер 11-ші орынға бірақ сырғытып жіберді. Төрешілер та­рапынан бұдан бұрындары да қиянат шеккен, осы жолғы әді­летсіздігі намысына қатты тиді. Тіпті могулды тастаймын деген кезінде әріптестері сабырға ша­қырып, жеңісті күндерің әлі алда деген. Рас екен, өткен жылдың 15-ші желтоқсанында Фран­ция­ның Мэрибель қаласында фристайлден Әлем Кубогының кезекті жарысы өтті. Қазақстаннан бар­ған қайсар қыз еуропалық­тардың бәрін таңғалдырып, могулда бұ­рынғы чемпиондарды шаң қап­тырып, алтыннан алқа тақты. Бұл қазақ елінің осы спорт саласында тұңғыш алтын алқасы. Міне, біз Юлияның анасы Светлана Галышеваның жұпыны үйінде отырмыз. Ол ата-анасымен бірге тұрады екен. Немерелерінің Азиаданың қос дүркін чемпион болғанына қария­лар қуанышты, ақжарқын қарсы алды. – Юлия алған бетінен қайтпайтын, өжет әрі қы­ңыр мінезді болып өсті. Фристаил десе ішкен асын жерге қоятын. Ақыры арманына жетіп, чемпион атанды. Ал менің арманым – жалғыз қызым үш жылдан кейін Сочиде өтетін Қысқы Олимпия ойын­дарында алтыннан алқа тақса дей­мін. Әкесі де Юлияның Олимп шыңына шыққанын армандап кетті. Қазір Юлиямыз Ал­матыдағы Туризм және спорт академиясының бірінші курс студенті. Өзі күні кеше Алматыға оқуын жалғастыруға кетті. Ол жақта барлық жағдай жасалған. Айтпақшы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа аналық алғысымды жеткізгім келеді. Ол 7 қаң­тарда Азиададан жеңіспен орал­ған Шығыстың шымыр ұл-қыз­дарына ерекше құрмет көрсет­ті. Әуежайда да, Республика ала­ңында да мыңдаған жан­күйер, мек­теп оқушылары жиналды. Атақ­ты шаңғышылар А. Полторанин, О. Яцкая, Е. Коломина және менің қызыма қалың жұртшы­лық­тың ал­дында шетелдің төрт көлігін салтанатты жағдайда та­быс­тады. Меніңше, мұның тәр­бие­лік жағына назар ау­дарған жөн. Сол кешке жинал­ған мектеп оқушы­ла­ры Азия саңлақтарымен ес­керткіш суретке түсті. Шіркін, біздер де чем­пион ата­нып, Қазақ елі­нің көк­бай­рағын әлемдік жа­рыстарда желбірете берсек, абыройға бөленсек деген ойға батты. Ең бастысы, 18-ге енді тол­ған қызымның абыройы асқақтап, тәуелсіз­діктің 20 жылдығына тарту жасаған ер­лігі үшін дән ри­замын, деп ағынан жарылды чемпион­ның анасы. В. Смирновтың сонау 1994 жылғы алтын алқасы­нан кейін Олимпиадада биік тұғырдан көріне алмай жүр­геніміз өкінішті-ақ. Несі бар, сол өкініштің орнын Юлия қызымыз толтырар. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Өскемен.