Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жақсарту және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бүгінде Қазақстанда 7859 мектеп бар, онда 3,9 млн бала білім алады. Үшауысымды мектептер мен оқушы орнының жетіспеушілігін жою мақсатында биылғы жылы 302 жаңа мектептің құрылысы жоспарланған. Осы тамыз айында жаңа оқу жылы басталғанға дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша алғашқы 20 нысан пайдалануға беріледі.
Балаларға жайлы орта қалыптастыру мақсатында 280 білім беру ұйымында күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Су тасқыны салдарынан зардап шеккен нысандар қайта қалпына келтірілуде.Сонымен қатар 1731 мектепке Starlink жерсеріктік интернеті қондырылды, ал шекара маңындағы 137 мектепте терминалдарды жандандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Мемлекеттің басым міндеті балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау болып қала береді. Өртке қарсы және терроризмге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, дабыл түймесінің, бейнебақылау жүйесінің, турникеттердің және лицензияланған күзеттің міндетті болуы жөніндегі талаптар күшейтілді. Алғаш рет білім беру ұйымдарын қауіпсіздік жүйелерімен барынша жарақтандыру қамтамасыз етілді», деп атап өтті министр.
Заманауи 1000 пәндік кабинетпен жарақтандыру, 1000 ауыл мектебін 7 бағыт бойынша жаңғырту бойынша жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Атап өту керек, биыл роботтехника, химия, биология, физика және STEM-зертхана бойынша 1383 кабинет сатып алу жоспарланған.