Зара апаны Кереку өңірінде білмейтін адам жоқ
Жиырма жылдай уақыт өңірдегі мұсылман әйелдері лигасы облыстық бөлімшесін басқарып келе жатқан, «ана тіліміз, сабырлы діліміз, ұлық дініміз жаңғырсын, ою-өрнекті салт-дәстүріміз оралды, ояныңдар, қазақ болыңдар» деп қай жерде болмасын айналасына айтып жүретін жаны да, келбеті де келіскен Зара Қабдышқызын Кереку өңірінде білмейтін жан жоқ шығар, сірә. Дархан пейіл, парасаты мол әжелік баспалдаққа аман-есен жеткізген мағыналы ғұмыр Зара апаға әдемі қартаюды, айналасын жылы шуаққа, мейірімділікке бөлеп жүруді осылай сыйласа керек. Жетпіс жылдық мерейтойында еліміздің Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев және Алматы мен Астанада тұратын көптеген қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері нұрлы сөздерге толы құттықтау хаттарын жолдапты. Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық бөлімшесінің төрағасы Идаят Әбдіхалықов Ассамблеяның күнделікті жұмысында Зара апаның еліміздегі достық пен татулыққа, ұлттық мәдени орталықтар арасындағы жарқын байланысты нығайтуға қосқан еңбегі орасан зор, бәрімізге үлгі-өнеге, – десе, облыстық еврей этномәдени бірлестігінің төрайымы Фаина Свечинская менің құрбым, Зара апаларың ол біріншіден елінің патриоты, нағыз қазақ әйелі, ол ылғи да жайдары, жарқын мінезде жүреді, сол үшін де оның жаны жас дер едім. Достары әртүрлі ұлт өкілдері, біз бәріміз де, ол кісіні әрқашан құрмет тұтамыз, дейді.
Зара апа басқаратын лиганың құрамынан «Ару-Ана» атты әжелер ансамблі құрылып, репертуарында жиыны жүзге жуық патриоттық тақырыптағы және халық әндер айтылып, облыс өміріндегі бүкіл мереке, жиын-тойдың мәні мен сәніне айналуда. Әжелер жылына 30-ға жуық концерт ұйымдастырып, ауыл-аудандарға барып тұрады. Ал, жалпы апамыз басқаратын мұсылмандар әйелдер лигасы жергілікті жердегі әртүрлі ұлт өкілдерінің басын қосқан Ассамблеяның бір түп қазығы іспетті. Өзге ұлттық орталықтардың барлығы да Зара апаның парасаттылығына, кең пейілді мінезіне, отаным, елім, қазағым, жерім деген асқақ патриоттылығына сүйсініп, тәнті болып келеді. Ал, бұл кісінің туған ана тілінде сөйлеген сөздерін естісеңіз, таңғаласыз. Екінің біріне дарымаған бұл да бір жақсы қасиет. Елге, халыққа, оның ішінде өзгеге де ой салатын сөз бастау, сөз айту бәрінен де қиын екені тағы белгілі. Негізінде, апамыздың туыстары арғы аталарын қазақтың өршіл ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровпен байланыстырады. Ақынның үрім-бұтағы екенін апамыздың шабыттанып, көпшіліктің алдында жарқ етіп, шарықтап, іштегі ойларын ғажап сөздермен төгіп-төгіп жібергенде анық байқайсыз. Әсерленіп, көпке дейін тоқтай алмайды. Басынан ақ орамалы түспеген, ұлттық киімі жарасқан мұсылмандық салт-дәстүрлерге сай мінез-құлқы, болмысы айналасын ерекше нұрландырып тұратын апамыздың жүріс-тұрысы да, сөйлеу мәнері де қыз-келіншектерге, әйелдерге үлгі-өнеге. Халқының қасиетті дәстүрлерін өзгелерге таныстыра, ұқтыра біледі. Ол кезінде облыс орталығында ашылған Абай атындағы жалғыз қазақ мектебінде оқыпты. Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтын география пәні бойынша бітіріп, осы мектебіне қайта оралған. Ол осы қазақ мектебінде 35 жыл ұстаздық етіпті. Осы мектеп қабырғасында жүріп, өзінің өмірлік жары, немерелерінің атасы Қажыкен ағамен танысыпты.Тағдыр деген қандай, қазір, міне, екеуі елу жылдай уақыт бірге өмір сүріп келеді.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.