Қазіргі заманда өмірімізді компьютерсіз елестету әсте мүмкін емес. Дегенмен компьютер алдында неғұрлым көп отырған сайын көзіміздің қызарып, шаршағанын байқаймыз.
Иә, компьютер алдында ұзақ отыру көзге көп салмақ түсіріп, көздің көру қабілетін әлсіретеді, бұрынғы созылмалы дерттерді қоздырады. Бұл жағдай көз дәрігерлерін айтарлықтай алаңдатып отырған басты мәселелердің бірі, оны ғылымда компьютерлік көз синдромы деп атайды.
Егер кімде-кім компьютер алдында ұзақ отыратын болса һәм көз шаршауының белгілерін байқаса, уақытты созбалақтамай маман дәрігерге көрінгені абзал. Ал ол қандай белгілер? Атап айтқанда:
көз қызарса, құм түскендей әсер пайда болса, тез шаршап талатын болса, жарыққа қарағанда тітіркенсе, жиі жасаурайтын болса, бас ауырса, көздің айналасы талып, құрғап, ашыса, кондиционер қосылған бөлмеде көздегі жайсыздық ұлғая түссе.
Абзалында, көз гигиенасын сақтау үшін жұмыс орнын дұрыс ұйымдастыру қажет. Айталық, ол мынадай шарттар:
• компьютер мониторының жоғарғы нүктесі көздің тұсында немесе сәл жоғары болуы керек;
• диагоналы 54 сантиметрлік монитордан 60-70 сантиметр, ал 72 сантиметрлік монитордан 80 сантиметр арақашықтықта отыру қажет;
• Компьютердің жарығын көзге жайлы етіп қою шарт;
• мониторға күн сәулесі тікелей түсіп, шағылыспайтын болсын;
• жұмыс істегенде қараңғы немесе жарығы жеткіліксіз бөлмеде отырмау;
• әрбір 1-1,5 сағатта 10 минөттік үзіліс жасап, көзге арналған жаттығулар жасау;
• көзді қорғайтын арнайы көзілдірік кию;
• көзді ылғалдандырып, шаршағанын басатын тамшылар қолдану қажет.
Ал төменде тізбектелген қарапайым жаттығулар көздің бұлшық еттерінің күшін көбейтіп, қан айналымын жақсартады, оларды әрбір кезде орындауға болады:
• бір көзді алақанмен жауып қойып, екінші көзбен алға қарай 2-3 секөнд қарап тұрып, осы жаттығуды екінші көзге қайталау;
• алға қарай 15-20 сантиметр көз аралығына қарындаш қойып, қарындаштың дәл ұшына 3-5 секөнд қарау. Содан соң көзқарасты алысқа аудару. Осы жаттығуды 10-12 рет қайталау;
• көзді 3-5 секөнд қатты жұмып тұру. Содан кейін 3-5 секөндке ашу. Осы жаттығуды 8-10 рет қайталау қажет;
• көзді оңға, солға, жоғары һәм төмен қарай бұрып, 3-5 секөндке қатты жұму, бұл жаттығуды 5-6 рет қайталау.
Ақиқатында, осынау жаттығулар көз айналасының бұлшық еттерінің қан айналымын жақсартады дейді көз дәрігерлері.
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ.