Ардақты ана, асыл жар, аяулы қарындас
Кеше Астанада Қазақстан әйелдерінің тұңғыш съезі болып өтті
Шуақты көктем ардақты ана, асыл жар, аяулы қарындастың мейрамымен басталады. Сондықтан, ең әуелі баршаңызды алдағы мерекелеріңізбен құттықтаймын, деп бастады съездегі сөзін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл – Қазақстан әйелдерінің тәуелсіз ел тарихындағы тұңғыш съезі. Жылу мен жылылық сыйлайтын жарқын мерекенің қарсаңында өздеріңізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Әлемдегі әсемдік пен сұлулық әйел көркі мен ана мейірімінен нәр алған деген даналық сөз бар. Тағылымды тарихымыз қайраткерлік қасиет қонған аналардан кенде болған емес, деп жалғастырды сөзін Президент. Ұлан-ғайыр далада ұрпақ мақтанышына айналған талай ұлағатты аналар өткен. Олардың өшпес өнегесі мен өлмес дәстүрі жаңа Қазақстанда жарасты жалғасын табуда. Ел мен ерге сын болған кезеңде әйел-аналар отбасы мен қоғам жүгін қайыспай қатар көтере білді. Сіздер отбасы берекесін сақтаумен бірге, тәуелсіздікті нығайту ісіне де еселі үлес қосып келесіздер. Президент әйелдердің өмірлік маңызды салаларда жұмыс істейтініне назар аударды. Олар бүгінде барлық педагогтардың 73 пайызын құрайды. Дәрігерлер мен медицина персоналының 87 пайызы – әйелдер. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында 5800 КСК болса, солардың 3 мыңына әйелдер жетекшілік етеді. Барлық бюджеттік сала қызметкерлерінің 60 пайызы да әйелдердің үлесінде. Мемлекеттік басқарудың барлық жүйесі көп жағдайда олардың кәсібилігінің арқасында жұмыс істеп тұр. Тәуелсіздік жылдарында ондаған әйел министрлер және мемлекеттік органдар басшылары болып тағайындалды. Жүздеген әйел Парламент пен мәслихаттарға сайланды. Әйелдер мен балалары бар отбасыларына әлеуметтік көмектің тұтас бір жүйесі қалыптасқан. Тәуелсіздіктің аса ауыр алғашқы жылдарының өзінде Мемлекет оларға атаулы қолдау көрсетті. 2006 жылдан бері барлық қазақстандық отбасыларына 1 жасқа толмаған балаларға қарау үшін жәрдемақы төленеді. Аз қамтамасыз етілген отбасылар кәмелетке толмаған балалары үшін жәрдемақы алады. 2003 жылдан бері балалары бар отбасыларына қолдау көрсетуге бағытталған бюджеттік қаржыландыру көлемі 20 еседен астамға артты. Ана және бала өлімін төмендету бойынша кең ауқымды шаралар қабылданды. Астана мен бірқатар ірі қалаларда жаңа перинаталдық орталықтар салынды. Осылай деген Нұрсұлтан Әбішұлы бүгінде «Балапан» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағанын, айналасы бір жылдың ішінде 35 балалар бақшасы, 137 мектепке дейінгі жекеменшік мекемелер, 1,5 мыңнан астам балалардың шағын орталықтары салынғанын атап көрсетті. 2020 жылға дейін, деді Президент, біз барлық балаларды балалар бақшасымен қамтамасыз етуге тиіспіз. Бұл бірінші кезекте бала туғаннан кейін жұмысқа, бизнеске қайта оралатын жас аналар үшін айтарлықтай қолдау. Инновациялық индустрияландыру және жаңа әлеуметтік саясат міндеттерін шешу – біздің Қазақстанның болашақ өркендеуіне бастайтын жол. Экономика мен әлеуметтік өмірдегі, саясат пен мәдениеттегі, қоғамның басқа да салаларындағы инновациялар бір ғана мақсатты – әрбір қазақстандық отбасының, әрбір қазақстандықтың лайықты өмір деңгейін қамтамасыз ету мақсатын көздейді. Осы орайда Мемлекет басшысы жаңа кәсіпорындар қызметкерлері арасындағы әйелдер үлесінің жоғары болуын қамтамасыз ету жөнінде Үкіметке міндет жүктеді. Әлеуметтік жаңғырту ісінің Жолдау мен 2020 жылға дейінгі Даму стратегиясының басты бағыттары болып табылатынын халыққа түсіндіру қажет, деп атап көрсетті Елбасы. Ең алдымен біз халықтың өзін-өзін жұмыспен қамтуы мәселесімен айналысу жөнінде шешім қабылдап отырмыз. Олардың арасында әйелдер де аз емес. Адамдардың мұндай топтары үшін мемлекет есебінен оқыту, мамандық алу және еңбекке орналастыру сияқты көмектер ұсынылады. Ауылда бизнеспен айналысқысы келетіндер үшін мемлекет микронесиелер бөлмекші. Қазіргі уақытта әйелдер арасындағы жұмыссыздық 5,5 пайызды құрайтын орташа көрсеткіш жағдайында 6,3 пайызды құрап отыр, деп жалғады одан әрі ойын Мемлекет басшысы. Өзін-өзі еңбекпен қамтушы халықтың жартысы әйелдер. Әйелдер арасындағы жұмыссыздықпен күрес мәселесі бүгінде Үкімет әзірлеп жатқан еңбекпен қамтудың жаңа бағдарламасында жеке бағыт ретінде бөліп көрсетілуі тиіс. Біз әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың перспективалы салаларын нақты анықтап алуымыз керек, деп атап өтті одан әрі Президент. Таяудағы онжылдықта 6 миллион шаршы метр тұрғын үй салу міндеті алға қойылып отыр. Тек 2011 жылы ғана осы салаға 75 миллиард теңге бағытталатын болады. Осы орайда Президент Үкімет пен әкімдердің «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына әйелдердің қатысуын күшейте түсулері керектігін ескертті. Білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы кең ауқымды өзгерістер ең алдымен әйелдердің өмірлері мен әл-ауқатына оң әсерін тигізетін болады, деп жалғады ойын Нұрсұлтан Назарбаев. 2015 жылға қарай үш жүз мың кішкентай қазақстандықтар үшін 3400-ге жуық мектепке дейінгі мекемелер ашылмақшы. Таяудағы 5 жылда 400 мектеп салу көзделіп отыр. Таяу жылдарда Біртұтас ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу аяқталады, деді Елбасы одан әрі. 2015 жылға қарай 350 жаңа дәрігерлік амбулаториялар, емханалар мен фельдшерлік-акушерлік пункттер іске қосылатын болады. Ол ана мен бала өлімін екі есе, жалпы өлімді 30 пайыз қысқартуға жағдай жасайды. Халыққа Жолдауда белгіленген еңбекпен қамту бағдарламасын жүзеге асыру көптеген қазақстандық отбасыларының табыстарын арттыруға жағдай жасайды, деп жалғады ойын Нұрсұлтан Әбішұлы. Бүтіндей алғанда ол 1,5 миллионға жуық қазақстандықтарды қамтымақ. Осы орайда Президент «Самұрық-Қазына» қорына кіретін ұлттық компаниялар акцияларын халыққа сату бағдарламасын әйелдердің белсенділікпен пайдаланатынына сенім білдірді. Біз, 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарда қарастырылғандай, халықты атаулы әлеуметтік қорғаудың тиімді жүйесін жасайтын боламыз, деп атап өтті Президент. Оның негізгі бағыты балалы отбасыларды, бірінші кезекте көп балалы отбасыларды қолдау болып табылады. 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясында мемлекеттік басқару органдарының арасындағы әйелдер өкілеттілігін 30 пайызға жеткізу міндеті қойылған деп жалғады сөзін Елбасы. 2010 жылы ол көрсеткіш тек 10 пайызды ғана құрады. Әйелдер орталық органдарда да, жергілікті жерлерде де басшылық лауазымдарға өте нашар ұсынылады. Бүгінде елде бірде- бір әйел облыс әкімі жоқ, 3 аудан әкімі мен облыс әкімдерінің 5 орынбасарлары ғана әйелдер. Осы ретте Президент қазіргі заманғы менеджментті зерттеушілердің бірі Том Питерстің топ-менеджменттегі әйелдер үлесінің аздығы «стратегиялық сипаттағы рәсуашылдық пен қателік» деген сөзін келтіре отырып, Үкіметке Президент Әкімшілігімен, Ұлттық комиссиямен, «Нұр Отан» партиясы басшылығымен бірлесіп, әйелдерді шешімдер қабылдау деңгейіне дейін жылжыту жөнінен 2016 жылға дейінгі кезеңге арналған нақты іс-қимылдар жоспарын жасауды тапсырды. Тәуелсіздіктің бүкіл 20 жылы ішінде, КСРО ыдырағаннан кейінгі экономикада толық дағдарыс орнаған аса күрделі кезеңде және одан кейінгі мемлекеттік құрылыстың табысты жылдарында сіздер – әйелдер әр кезде де бірге болып, менің бағытыма, барлық қадамдарыма қолдау көрсетіп отырдыңыздар, деп атап өтті Мемлекет басшысы. Ол кезде көптеген адамдар сенбесе де, сіздер мен біз жеңіске жеттік. Сол үшін сіздерге зор рахмет. Еркектер айтатындай, әйелдермен өткізген уақытты бос кеткен уақыт деп есептеуге болмайды, өйткені әйелдер жаңа жасампаздықтарға рухтандырады. Сіздердің съездеріңіздің жұмысына қатысып, Қазақстанның ең лайықты әйелдерімен тілдесуді мен дәл осы тұрғыдан қарастырып отырмын. Әйелдер анағұрлым жиі күлетін болғандықтан еркектерге қарағанда ұзақ өмір сүреді дейді. Сіздерді әр кезде де күлкі әсемдендіре түссін, деген тілегін жеткізді осы орайда Нұрсұлтан Әбішұлы. Биыл біз ұлы Отанымыз – тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдығын айрықша атап өтеміз, деп атап өтті Президент. Алғашқы съездің осы мерейлі межеге орайлас өтуінің өзіндік мәні зор. Бұл ретте алтын құрсақ ананың амандығы мен баланың жарқын күлкісі – біздің басты байлығымыз. Сондықтан, ана мен бала тағдыры мемлекет қамқорлығынан бір сәт те тыс қалған емес. Бұл жәйтті біз ұдайы басты назарда ұстап келеміз. Өйткені, ол – біздің болашағымыз! Біз болашаққа бірге барамыз, кемел келешектің берік іргесін бірге қалаймыз! Ендеше, осы жолда баршаңызға зор жетістіктер мен отбасында игіліктер тілеймін, деп аяқтады сөзін Мемлекет басшысы. Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.