Дүбірге толы дүние
Брюссельде Косово мен Сербия арасында екі күнге созылған келіссөз өтті. Сарапшылар мұндай кездесудің болғанына оң баға беріп отыр. Өйткені, бұған дейін осынау екі мемлекеттің арасында ешқандай дипломатиялық қарым-қатынас бола қоймаған. Бұл келіссөздің өтуіне Еуроодақтың дәнекерлік жасағанын атап өткен жөн болар. Сол келіссөзге де оның өкілі Роберт Купер қатысты. Сербия делегациясын осы елдің сыртқы істер министрлігінің саяси директоры Борислав Стефанович басқарса, Косово делегациясына үкімет басшысының орынбасары Эдита Тахири жетекшілік етті. Келіссөздің күн тәртібіне саяси мәселелер қойылып отырған жоқ, әзірге тек техникалық мәселелер ғана. Әңгіме шекарадан өту және Косово тұрғындарының жеке куәліктері туралы. Бүгінде бөлек мемлекеттерге айналғанымен, кезінде бір болған бұл елдер үшін шекарадан екі жаққа өтіп тұрудың да маңызы айтарлықтай. Бұл жөнінде келісімге келу де үлкен бетбұрыс. Күн тәртібіне саяси мәселелердің қойылмауына да түсіністікпен қараған жөн шығар, оған ең алдымен Косово жағы қарсы. Саяси мәселе дегенде, ол ел тәуелсіздігіне қатысты болады. Косово үшін тәуелсіздік мәселесі сөз болмауға тиіс, ол біржола шешілген, ол талқылауға жатпайды: Косово – тәуелсіз мемлекет. Косово мәселесі соңғы ширек ғасырға жуық уақытта әлем жұртшылығының назарында болғаны, саяси ой-пікірді ғана емес, біраз елдердің, халықаралық ұйымдардың іс-әрекеттерін де екіге бөлгені белгілі. Алғашында өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында, Сербия өзінің Косово өлкесі деп аталатын, негізінен албан нәсілді халық тұратын аймағын «нәсілдік тазалауға» көшті. Тазалағанда, ондағы албандарды ығыстыру ғана емес, қарсылық білдіргендерін жаппай қырып-жою шараларын жүргізді. Бұл геноцидтік әрекетті әлем жұртшылығы айыптады. Еуропаның жетекші елдерінен құралған «Байланыс тобы» Сербиямен келіссөз жүргізіп, мұндай қатыгез шараны тоқтатуды талап етті. Бірақ, Белград бұл талапқа ұзақ уақыт құлақ аспады. Сонда НАТО күштері Сербияның астанасына әуеден соққы беруге мәжбүр болды. Біреулер НАТО-ның басқыншылығы деп аталатын соғыс солай басталған. Сол соғыс сербтердің қанқұйлы әрекеттерін тоқтатып, ақыр соңында Косово өлкесінің тәуелсіздік алып, жеке мемлекетке айналуына жол ашты. Бұл оқиғаға баға да бүгінге дейін әртүрлі. Косово 1999 жылдан Сербияға бағынудан бас тартса, 2008 жылы өзінің тәуелсіздігін жариялады. Оны БҰҰ-ға мүше 192 елдің 75-і тәуелсіз ел деп таныса, 69 ел ресми түрде қарсылығын білдірді. Басқалары – бейтарап пікірде. Мәскеу Косовоны танысаңдар, басқаларды да (Приднестровье, Абхазия, Оңтүстік Осетия) таныңдар дейді. Сербия мен Косовоның арасында байланыс жоқ. Болғаны жөн-ақ. Тағдырлас елдер. Ол екі жаққа да тиімді. Ең бастысы – біраз уақытқа созылған шиеленісті шешуді уақыт талап етіп отыр. Екі ел арасындағы келіссөз соның басы болғай деп тілейді жұрт. Мамадияр ЖАҚЫП.
•
11 Наурыз, 2011
Косово: келіссөз келісімге бастайды
851 рет
көрсетілді