Барша қазақстандыққа тамаша сый
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің үндеуі
Ұлттық банкноттарда сол елдің негізін қалаған дара тұлғалардың, тұңғыш президенттер мен көрнекті мемлекет қайраткерлерінің бейнеленуі әлемдік тәжірибеде кеңінен таралған үрдіс. Әсіресе, бұл мемлекеттердің қалыптасуы мен даму тарихында маңызды рөл атқарған басшыларға ерекше қатысты. Әлем тарихында бұған мысал болатын деректер өте көп. Мәселен, АҚШ долларында осы елдің тұңғыш президенті Джордж Вашингтонмен бірге сол мемлекетті басқарған Авраам Линкольн, Томас Джефферсон, Эндрю Джексон және Улисс Гранттың портреттері бейнеленген. Сондай-ақ, өткен жылы Сингапур Республикасының тұңғыш премьер-министрі, ұлы реформатор Ли Куан Юдың бейнесімен жаңа Сингапур доллары жарыққа шықты. Бір ай бұрын ғана Ұлыбританияның көрнекті премьер-министрі Уинстон Черчилльдің портретімен жаңа ағылшын фунт стерлингі айналымға енді. Сол сияқты түрік лирасында Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік бейнеленсе, Оңтүстік Африка Республикасының банкнотында аты аңызға айналған қайраткер Нельсон Манделаның суреті басылған. Израиль шекелінде де сол елдің тұңғыш президенті Хаим Вейцман мен бірінші премьер-министрі Давид Бен-Гурионнан бастап мемлекеттің ХХ ғасырда өмір сүрген көптеген басшылары бейнеленген. Ал Мексика песосында қазіргі заманғы Мексиканың негізін қалаушы тұлға Дон Бенито Хуарестің портреті басылған. Жалпы, мұндай дәстүр Куба, Үндістан, Малайзия, Чехия, Чили, Канада сияқты елдердің де тәжірибесінде бар. Сондықтан Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығында біздің де осынау бүкіләлемдік трендке қосылуымызды заңдылық деп санаймын. Мен Ұлттық банктің Елбасы портретін жаңа қазақстандық банкнотқа бейнелеу туралы шешімін толығымен қолдаймын. Себебі, біріншіден, Нұрсұлтан Назарбаев ешқандай әсірелеусіз тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған, мемлекет қалыптастырушы тұлға болып табылады. Екіншіден, ол – республикамыздың Тұңғыш Президенті. Үшіншіден, бүкіл халық қадірлеген Елбасы. Төртіншіден, ұлттық валютамызды айналымға енгізіп, оған тарихи «теңге» деген атау берген де Нұрсұлтан Әбішұлының өзі болатын. Тәуелсіздік кезіндегі қол жеткізген барлық жетістіктеріміз бен бағындырған биіктеріміз Президентіміздің есімімен тығыз байланысты. Ширек ғасырда Мемлекет басшысы әлемдік аренада қуатты, беделді әрі қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанның жарқын символына айналды және Қазақстанның даму жолын көптеген елдер үлгі-өнеге ретінде қабылдады. Сол себепті, еліміздің 25 жылдық торқалы тойы қарсаңында мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті бейнеленген ұлттық валютаның жарыққа шығуын барша қазақстандықтарға жасалған тамаша сый деп есептеймін. Халқымыздың Елбасының елімізге сіңірген ұлы еңбегіне лайықты құрмет көрсетіп, жаңа бірегей банкнотқа қадірлей қарайтынына сенемін.Ертеңгі күнге ұмтылысымыздың нышаны
Қазақстан халқы Ассамблеясының Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған 10 мыңдық кәдесыйлық банкноттың шығарылуына орай ел азаматтарына үндеуі
Құрметті отандастар! Бүгін біз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында бәріміз де ерекше оқиғаның куәгерлері болдық. Ұлттық банк ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған бірегей мерейтойлық банкнот пен монеталар шығарды. Ұлттық валюта – Тәуелсіздіктің ажырағысыз атрибуттарының бірі. Сондықтан барлық мемлекеттерде ұлттық валюталардың дизайны елдің мәдени және тарихи дәстүрлері мен құндылықтарының жүйесін, оның жетістіктері мен тарихының мерейлі сәттерін бейнелейді. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы – Ұлы Дала елінің біртұтас халқы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен қол жеткізген жетістіктерінің тарихи қорытындысы. Мерейтойлық банкнотта Мемлекет басшысының бейнеленуі халықтың тұрақты және өркендеген Қазақстанды, Болашағы біртұтас ел құрудағы Елбасының айрықша рөліне деген ерекше құрметін көрсетеді. Біз ұлттық валюта күні бірегей банкноттың шығарылуын Қазақстан халқының жалпыазаматтық құндылықтары негізінде бірлікке қарай кезекті қадам жасауымыз, тұрақтылық пен өркендеуге қарай ұмтылысымыздың символы екеніне сенімдіміз. Мерекелеріңізбен, құрметті отандастар! Ұлттық валюта күні құтты болсын! Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы құтты болсын!Ел тарихындағы елеулі оқиға
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған
10 мыңдық кәдесыйлық банкноттың шығарылуына орай үндеуі
Ұлттық валюта ел экономикасының жаһандық нарық жүйесіндегі субъектілігін көрсететін Тәуелсіздіктің ерекше нышаны болып табылады. Елдің төл валютасы экономикалық саясаттың тәуелсіздігін, тұрақтылығын және бүкіл банк жүйесінің қорғанысын қамтамасыз етеді. Ұлттық валюта күні Мемлекет басшысы бейнеленген жаңа кәдесыйлық банкноттың тұсауы кесілуі – еліміз тарихындағы айтулы оқиға. Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойлы шағында бұл – Қазақстан халқының Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегін шынайы бағалағандығының көрінісі. Қазақстанның Елбасының бүкілхалықтық көшбасшылығымен толағай табыстарға жетуі бүгінде бүкіл әлемдік қоғамдастық үшін үлгі болып отыр. Еліміздегі табысты реформалар экономикалық өсімнің аса маңызды драйвері – белсенді бизнес-қоғамдастық қалыптастырып үлгерді. Ел кәсіпкерлері тәуелсіз Қазақстан Республикасының әрі қарай да өсіп-өркендеп, үлкен табыстарға жете беруі жолында жаңа серпінді жобаларды сенімді түрде жүзеге асыра беретін болады!Елбасы еңбегіне берілген баға
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған 10 мыңдық банкноттың шығарылуына орай үндеуі
Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде Қазақстанда еліміздегі айтулы оқиғаларға орай Ұлттық банк тарапынан мерейтойлы банкнот шығарудың бірегей дәстүрі қалыптасты. Тәуелсіздіктің мерейтойлы жылында ел Президенті бейнеленген кәдесыйлық банкнот шығарылуы Н.Ә.Назарбаевтың бүкілхалықтық көшбасшылық маңызын атап көрсететін жарқын меже болып табылады. Бұл – Қазақстан халқын өсіп-өркендеу жолында мақсаткерлікпен жұмылдыра білген Елбасы басшылығындағы Қазақстанның ерекше даму жолын көрсететін Тәуелсіздіктің 25 жылдығындағы теңдессіз оқиға! Мемлекет басшысының реформаларының арқасында Қазақстанның қаржы жүйесі өңірде жетекші орынға ие және алдыңғы қатарлы әлемдік стандарттарға жауап береді. Еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы табыстары мен жетістіктері – өсіп-өркендеу жолында Қазақстан халқын жұдырықтай жұмылдыра білген біздің Президентіміздің ерекше еңбегі.