Ел президенттігіне кандидаттың сайлау алдындағы аламан додасына түсу – ауыр сын, ар мен адамгершілік өлшемі екендігі белгілі. Бұл саяси науқан қай үміткерге болсын үлкен жауапкершілік жүктеумен бірге, оның өзінен зор қажыр-қайратты, ақыл-парасатты талап етері анық. Міне, осындай сынға тәуекел етушілердің ішінде халық генералы деп аталып жүрген Ғани Қасымовтың бет-бейнесі, ұстанған бағдарламасы біршама ерекше деп айта алар едік.
Бұрнағы күні Қазақстан президенттігінен үміткер Ғани Қасымов Алматы қалалық №17 клиникалық ауруханасындағы сайлаушы қауыммен – дәрігерлермен және орта буын медицина қызметкерлерімен кездесті. Бұл кездесуде денсаулық сақтауды дамыту, дәрігерлер мен мейірбикелердің, зейнеткерлердің және халықтың басқа да қауқарсыз қалың топтарының әлеуметтік жағдайын жақсарту жөнінде үлкен әңгіме болып, мүдделі пікір алмасылды.
Дәрігерлер жалақысының төмендігі, оны көбейту қажеттігі туралы Ғани Қасымов өзінің өткенде жария еткен саяси тұғырнамасында айтқан болатын. Сол сөзін президенттікке кандидат тағы қайталады. Мұндай дәйекті уәдешілдік дәрігерлер мен мейірбикелердің көңілінен шыққан сияқты.
Ауруханадағы кездесуден соң түстен кейін Ғ.Қасымов өзінің штабына жиналған журналистермен аз-кем әңгімелесіп, сұрақтарға жауап берді, өзінің сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарының барысына тоқталды. Осы ретте қашаннан бергі тілекші досы санайтын БАҚ өкілдеріне үлкен үміт артатынын байқатты. Президенттікке кандидаттың әлеуметтік проблемаларды шешу, әкімшілік реформалар жасау бағытындағы айтқандары ел ішінде ұнамды сілкіністер туғызып жатқан көрінеді. Осыған орай Ғ.Қасымов алдағы аптада сайлау алдындағы марафонға қатысты тағы бірнеше мәлімдеме жасайтынын ескертті.
Ғ.Қасымов өзінің сайлау алдындағы науқанына 6 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп отырғандығын айтты. Бірақ оның қалай бөлініп, қалай жұмсалатыны партиялық ұялар арқылы жүретіндіктен, қаржы мәселесінде әзір ештеңе дей алмайды. Сайлау алдындағы үгіт-насихатты қаржысы жеткен жерге дейін жүргізеді. Патриоттар партиясының 14 облыстық комитеті, Астана, Алматы, Қарағанды қалалық комитеттері, барлығы 50-ден астам ірі ұйымдары бар. Алматыда 3 мың, басқа облыстар мен қалаларда 200-300-ден еріктілер сайлаушылар арасындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге көмектесуде.
Президенттіктен үміткер үгіт-насихат жұмысының қарқынын арттыра түсуді көздеп отыр. Бір жағы ақша үнемдеу үшін облыстарға жалғыз бармақшы. Бұл ретте өзінің сенім білдірілген адамдарына және, жоғарыда айтқандай, журналистерге көбірек арқа сүйейді. Сайлау алдындағы қарбалас күндерде тынымсыздық танытқан Ғ.Қасымов халыққа өз бағдарламасы ұнап жатқанына сенімді сыңайлы.
Қорғанбек АМАНЖОЛ, Алматы.
Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.