• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
17 Қараша, 2016

Қанат Ислам: Рейтингім өссе, Лара менен қаша алмайды

283 рет
көрсетілді

«Мен Канеломен де, Коттомен де кездесуге дайынмын», - деді Қанат Ислам nur.kz порталына берген сұхбатында. Әңгімені Алматыдағы өткен кәсіпқой бокс кешінен бастаған Қанат: «Бұл жекпе-жек маған үлкен тәжірибе болды. Менің мақсатым әлем чемпионы болу. Сол үшін тер төгіп жүрмін. Әлем чемпионы кім? Лара, Котто, Канело. Менің бокспен айналысқан уақытым олардан артық болмаса кем емес. Қазір кез-келгенімен жұдырықтасуға дайынмын», - деді. Сондай-ақ осы бокс кешінің өте жоғары бағаға ие болғанын да атап өтті. «Golden Boy Promotions», «Top Rank Promotions» және де көптеген промоутерлік компаниялар бүгінге дейін хабарласып, Қазақстанда жекпе-жек ұйымдастыруға ұсыныс айтып жатыр... 12 мыңдық аренаға 15 мың адамның келуі, қанаша адамның далада кіре алмай қалғаны мұның бәрі қазақстандықтардың спортқа, боксқа деген қызығушылығының дәлелі» - деді ол. Қанат аталмыш бокс кешінен кейінгі ісініп кеткен жұдырығы жайындағы сауалға: «Бұл бокс. Ринг ән айтып, би билейтін жер емес. Рингте жан алысып, жан берісесің. Қаншама спортшылар рингте жан тапсырғанын білесіздер. Қаншама боксшылардың қолы сынып, жекпе-жекті тоқтатқан кездері де болған. Мен 2-3 раундта қолымның ауырғанын сездім. Бірақ рингте оны ойлауға менде мүмкіндік болмады. Маған қаншама қазақстандықтар жанкүйер болып отыр. Бұлар не істей алады деп әлем қарап отыр. Қолым ауырмақ түгіл, екі қолым түсіп қалса да маған шыдау керек. Бұл жерде ұлтымның абыройы мен намысы тұр. Қол ауырды, бұл сылтау емес. Кейде соққың шынтаққа тиеді, кейде бассүйекке тиеді.Түрлі жарыстарда әртүрлі жарақаттар болып тұрады. Бұл солардың бірі ғана. Қолғапты жекпе-жек алдында арнайы АҚШ пен Ресейден келген мамандар тексерді, халықаралық талаптарға сай болды. Бокс сылтау айтатын спорт емес», деп батыл да анық жауап берді. Қанаттың қарқыны үдеп тұр. «Бізге тұрып қалуға, көп күтуге болмайды. Чемпиондық атақ үшін болмаса да маған қазір жекпе-жек қажет. Сол атаққа біртабан жақындай беру керек. Осы уақытқа дейін бірнеше рет Лараға жекпе-жекке шығуға ұсыныс тастадық. Бас тартты. Егер мен рейтингте жоғарыласам, оған бас тартуға мүмкіндік болмай қалады. Сол үшін көбірек жекпе-жек өткізіп, рейтингте жоғарылау керек. Тек WBA емес, барлық тұжырым бойынша чемпион болу керекпін. Бұл менің мақсатым» деді аталмыш сұхбатта. «Алматыда өткен жекпе-жектен соң WBA өкілдері жекпе-жекті есепке алмапты» деген әңгімелерге байланысты сауалға ол: «Бұл біздегі бокс жанкүйерлерінің деңгейінің өскендігі. Кәсіпқой боксқа деген қызығушылық артқанының белігісі. Осы жарысыма WBA – дің жауапты адамы келді. Салмақ өлшеуде белбеуді өзі ұстап тұрды, жеңген кезімде рингке шығып беліме тақты. «WBA fedelatin» мен үшін бағынған белес. Мен оның чемпионымын. Бірнеше рет қорғадым. Тіпті 90 күннің ішінде кім мені жекпе-жекке шақырады екен деп те күттім. Ешкім шақырмады. Бұл белбеуді сүйретіп жүре бергім келмейді. Бұл белбеу келесі биікке көтерілу үшін баспалдақ қана. Негізгі мақсат үшін жұмыс жасау керекпіз» деп жауап бере келе, «осы орайда айта кеткім келеді, WBA-дің белбеуі үшін алаңдап, рейтинг сайтта неге көрсетілмеген деп уайымдаған жанкүйерлеріме, журналистерге, кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті Виктор Демьяненко мырзаға алғысым шексіз. Осындай жанашырларымның бары маған ерекше күш береді», -деп тұжырды сөзін. Қашанда жанкүйерлерін өзіне өте жақын сезінетін, сезіндіре де білетін Қанаттың бұл жауабы неше жүз мыңдаған жанкүйерлерінің де үміттерін үкілеп, мерейлерін тасытып тастары анық.