• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Наурыз, 2011

Тәуелсіздік бізге бәрінен де қымбат

22978 рет
көрсетілді

Адамзаттың, мемле­кет­тер­дің тұтастай даму та­рихына үңілер болсақ, азат­тық үшін, бостандық үшін, тәуелсіздік үшін күрестің толассыз жүргі­зі­ле­тінін байқаймыз. Тіпті, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін де оны сақтап қалу, баянды ету, ұрпаққа аманаттау – ұлы борыш. Міне, біздің Қазақ елінің тәуелсіздік алғанына биыл жиырма жыл толады. Бұл бір қарағанда тым азғантай мерзім. Алайда, осы жиырма жылда Қазақстан аяғынан қаз тұрып қана қоймай, әлемдік өркениетте орны бар әлеуетті мемлекет ретінде қалыптасты. Экономикасы дамыды, әлеуметтік жағдайы нығайып, елдің еңсесі көтерілді. Біз 1916 жылғы ұлт-азат­тық көтерілісін көзімізбен көрген жоқпыз, оқулық­тар­дан ғана оқыдық. Ал, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілі­сін көзбен көріп қана қоймай, оның бел ортасында жүрдік. Тәуелсіздік жолындағы ата-бабамыз бастан кешкен қиын­дықтардың болмысын біз де сезіндік. Қызыл империяның үстемдік саясаты шектен шы­ғып бара жатқан еді. Қазақтың жері талауға түсті, ядролық сы­нақтар алаңына айналды, ділі мен діні қолдаусыз, қам­қор­лықсыз қалды, ұлттық кадр­­ларға кемсітушілік көз­қа­рас белең алды. Міне, осындай кезде еліміздің жас қайраты ұран­дап алаңға шықты, тең­дікті талап етті, әділетті іздеді, бірақ, олардың маңдайлары тасқа соғылды, қуғын-сүр­гін­ге ұшы­ра­ды. Сонда да ұлттық ру­хы­мыз жасыған жоқ, қайта қай­рала түсті. Біз сол бір ызғарлы желтоқсандағы қара­лы күн­дер­дің жанымызға са­лып кеткен жарасын әлі күнге ұмыта алмаймыз. Біз тәуел­сіздіктің тө­беден түспегенін, әлдекім сыйға тартпағанын, тарих кө­шіндегі ата-баба­мыз­дың ар­ман-аңсарының толық жүзеге асқанын түсінетін ұр­пақпыз. Желтоқсандықтардың бейбіт шеруге «Менің Қазақ­станым» әнін айтып шық­қанын, сол әнді айтып жүріп қанға бөк­ке­нін келер ұрпақ жадында ұстауға тиіс. Сол әннің қазіргі Елұраны­мызға айналып, Қазақ елінің барлық жеңістерінің байрағы болып тұрғаны қандай ғанибет. Желтоқсанда алаңға шық­қан жастардың «Қазақ елін қазақ басқарсын!» деген басты талаптарына тоталитарлық жүйе құлақ ас­пады. Бұл ұлт­­тық намы­сы­мыз­ды аяққа таптаумен бірдей еді. Енді бүгін өткенге ой кө­зімен қа­расақ, тәуел­сізді­гі­міз жарияланардан төрт күн бұрын, 1991 жылдың 12 желтоқ­са­нында Қазақстан Республика­сы Президентінің «Қазақстан­дағы 1986 жылғы 17-18 жел­тоқ­сан­дағы оқи­ға­ларға қа­тыс­қаны үшін жауап­ты­лық­қа тартылған азамат­тар­ды ақтау туралы» Жарлығы шыққан бола­тын. Бұл Жар­лық­тың тек Жел­тоқсан кө­тері­лісіне қа­ты­сушылар үшін ғана емес, жалпы ұлттық рухты сақтау жолын­дағы ма­ңызы ерекше. 2006 жылы 18 қыркүйекте Ал­маты қа­ласында желтоқсан­дық­тар­ға, демократиялық жа­ңа­ру жо­лын­дағы күрескер жас­тарға арналған «Тәуел­сіздік таңы» атты ескерткішті ашу кезінде сөйлеген сөзінде Президент біздің жаста­ры­мыз­дың сол қаһарлы жел­тоқ­санда тоталитарлық жүй­еден тайсалмай өз наразы­лықтарын білдіргені, «ерліктің ғана емес, елдіктің де ныша­ны», деп бұған үлкен саяси баға берген еді. Бұл тарихи сәт елдіктің, бірліктің белгісі болды. Еліміз егемендікке, тәуел­сіз­дікке қол жеткізгеннен кейінгі жиырма жыл еліміздің жас қайратының талабының оң болғанын дәлелдеп тұр­ған­дай. Осы жиырма жылда Ота­нымыздың қиын өткел, тар асулардан қалай аман өткеніне қа­зақстандықтар куә, әлем жұрт­шылығы куә. Қазіргі Қа­зақстанда тұратын жүзден астам этностың тағдырын қазақ тағ­дырынан бөле-жара қара­май, бар­лығын бір ананың бала­сын­дай бауырға тарту нә­тижесінде еліміз ішкі-сыртқы саясатта үл­кен беделге ие болды. Жас мемлекетімізде саяси тұрақтылық, ұлтара­лық ке­лісім қалыптасып, Қазақ хал­қының береке, бірлігі арт­ты. Ана тілімізге деген құр­мет Ата Заңымыздан бастау алды. Алаш ардақтысы Ахмет Бай­тұрсыновтың: «Басқадан кем бол­мас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек, бай бо­луға кә­сіп керек. Күшті бо­луға бірлік керек. Осы керек­тердің жолын­да жұмыс істеу керек», деген ұс­та­нымы бү­гінде біздің жол­бас­шы­мызға айна­лып отыр. Сонау тоқ­саны­ншы жыл­­дар­да­ғы күй­реп қалған ша­руа­­­шы­лықтар, босап қалған дүкен сө­релері, елді жай­лаған жоқ­шы­лық пен қым­бат­шылық аз уа­қытта еңсері­ліп, ха­лықтың тұр­мысы оңал­­ды, эко­н­ом­­и­ка­дағы өрлеу ел­дің әл-ау­қа­тын арттырды. Бұл тұрғыдан ал­ғанда мемлекеттік мен­шікте, мем­­лекеттік кә­сіп­орын­дарда, мем­ле­кеттік ша­­руа­шы­лық­тарда ғана жұ­мыс істеп үйренген халық жа­ңа жұ­мыс­қа баулынды, кә­сіп­кер­лікпен айналысуына жағ­дай жа­сал­ды, «жекеменшік» де­ген ұғым қалыптас­ты­рыл­ды, адамдар­дың жа­ңа­дан өмір сүруіне қолдау көр­се­тілді. Сол жыл­дардағы ел ба­сына түскен қиындықтарды, кедергілерді, тапшылықтарды санап тауы­са алмайсыз. Мәсе­лен, тәуел­сіз­­діктің алғашқы жылдарында «рубль ай­ма­­ғын­дағы» елдер­дің қиын құр­сау­да қалған тұ­сында, инф­ляция­ның күн санап шарықтап өсуі кезінде Қа­зақстан көрегендік­пен жол тап­ты. Сол тұста Ресей Қазақстан өз ақ­шасын шығара қоя­ды деп әсте күт­пеген болатын. Тәуел­сіздіктің ал­ғаш­қы жыл­дарын­­да, дәлірек айт­қан­да, 1993 жыл­дың 12 қараша­сын­да төл теңгеміздің дүниеге ке­лу­і­нің өзі бізді болашаққа бас­тайтын ба­тыл қадам еді. Сондай-ақ, мем­ле­кет­тік рәміздеріміздің бе­кітілуі, шек­арамыздың ай­қын­далуы – осының бәрі тәуел­сіз мемлекет үшін аса қажет құн­ды­лықтар болатын. «Тәуелсіздік бізге не берді?» деген кезде, жер көлемі жағынан әлемде 9-шы орын алатын Қа­зақ­станның әлемдік қоғамдас­тық­тан өз орнын ойып тұрып алғанын айтар едім. Жаңадан салынған елор­да­мыз – Аста­намыз бар. Астана қаласының са­лынуы республи­ка­мыздың әлеу­меттік, экономика­лық және саяси дамуына, ұлттық қауіп­сіздігі­міздің нығаюына үлкен үле­сін қосты. Есілдің жағасын­дағы ару қала тарихи маңызды оқи­ға­лар­дың ордасына айналды. Астанада ХХІ ғасырдағы ЕҚЫҰ-ның тұң­ғыш Сам­миті өтті. Қысқы Азиада-2011 спорт сайыстары­ның сал­та­наты да Астананың мәр­те­бесін, қазақстан­ды­қ­тар­дың рухын көтерді. Тәуелсіздік алғанға дейін Қа­зақ­станда қазақтардың саны 40 па­йыз ғана болды. Яғни, біз өз мемлекетімізде тұрып, өсім жа­ғынан аз­шы­лық жағдайда қалып келдік. Оның әр­түрлі себептері болғанын білеміз. Дегенмен, тәуелсіз мемлекет бол­ған­­нан кейін ондағы негізгі ұлт, мем­лекет құраушы ұлт сан жа­ғынан басым болуға тиісті еді. Бұл бағытта да жүргізілген оң­тайлы көші-қон, демо­графиялық саясат тәуелсіздік жыл­дары қазақтардың санын 6,5 миллионнан 10,3 мил­лионғ­а жеткізді. 2010 жылдың 1 қаңтарындағы мә­лімет бо­йынша, Қазақстан­да­ғы қазақтар­дың саны 63,6 пайыз бол­ды, яғни 20 жылға жуық уақыт ішін­де қазақ хал­қы­ның саны 3,8 млн. адамға көбейді. Еліміз жастардың білім алуы­на да аса үлкен көңіл бөліп келеді. 1993 жылдан бері «Бола­шақ» ха­лық­аралық стипендиясы беріле бас­тады. 1994-2010 жыл­дар ара­лы­­ғында бұл стипен­дия­ға ие бо­лып, алыс және жақын шетелдерде білім алған жас­тар­дың саны 7600-ге жетті. Тәуел­сіздік жыл­да­рында мемлекетіміз өзінің бо­ла­шақ мамандарын даярлауда осын­дай белестерді ба­ғындыра алды. Қазақ мектеп­терінің саны көбею­де. Мемлекеттік грант есебінен жы­лына 33 мыңнан аса жас білім алуда. Ал «Назарбаев уни­вер­си­тетінің» есігін айқара ашуы – еліміздегі жастардың әлем­дік дең­гейге сай білім алуына жасалған мемлекеттік қамқорлық. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­да­рынан бастап елімізде жұмыс­сыз­дықпен күреске елеулі мән берілді. Соның арқасында қазақ­стандықтар тұрмыс-тіршілігі үшін жұмыс іздеп шекара асып кеткен жоқ. Олардың жұмыс істеуіне өзі­мізде жағдай жасалды. «Болашақ­тың іргесін бір­ге қалаймыз» атты биыл­ғы Жолдауда Үкіметке 2020 жылға дейін ха­лықты жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасын жасау тапсырылды. Міне, бұл бағ­дарлама да жақында қабыл­данып, оған бюджеттен қо­мақ­ты қаржы бөлінді. Енді өз-өзі­мен шұғылданатын, жұмыссыз жүр­­­ген, тұрмысы төмен халықты қайта оқытуға, жұмысқа орна­ла­суына жәрдемдесуге, ауылдағы кә­сіпкерлікті қолдауға, экономи­калық әлеуеті төмен аймақтар­дан эконо­ми­касы дамыған ай­мақ­тарға көшу­ге жағдай жасау үшін мемлекет тағы да қаржы бөліп отыр. Салыстырмалы түрде қара­сақ, тәуелсіздік жылдары да­муы­мыз өте бір үлкен қарқын­мен жүрген екен. Мысалы, 1994 жылға ар­налған Республикалық бюджетте барлық кірісіміз 39,2 миллиард теңге, шы­ғысымыз 47 миллиард теңге бол­ған-ды. Ал 2011 жылға ар­налған респуб­ликалық бюд­жет­тің түсімі – 4,2 триллион теңге, шығысы 4,9 триллион теңге бо­лып отыр. Яғни, кірісіміз 107 есе өскен екен. Инвесторлардың экономика­мыз­ға қаражат салуына да қо­лай­лы жағдай жасалып келеді. Та­биғи ресурстарымыздан, шикізаттан, мұ­най секторынан тү­се­тін түсімдерді ұлттық қорға жи­нау арқылы бола­шаққа деген ұтым­ды ұмтылыс жа­сал­ды. Ұлт­­тық қорымыз да елдің әлеу­меттік-экономикалық жағ­дай­ы­ның тұ­рақ­ты дамуы­на негіз болды. Осы Ұлттық қордан 10 млрд. доллар еліміздегі қаржы ры­но­гын тұ­рақ­тандыруға бөлін­ді. Бұл шешім әлемдік қаржы дағ­да­ры­сының Қазақстанға әсе­рін баяу­ла­тып, экономи­камыз­ды ты­ғы­рық­­қа тіремей, қалыпты даму жо­лына бастады. 2010 жылдың 1 қаңтары­нан бастап 2010-2014 жылдар­ға ар­нал­ған мемлекеттік үде­мелі ин­дуст­рия­лық-иннова­ция­­лық даму бағ­дар­ламасы жү­зеге асырыла бас­та­ды. Бағ­дар­ламаның негізгі мақ­саты – экономиканы әрта­раптан­ды­ру, қазақстандық қам­ту­ды ұл­ғай­ту, шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жол ашу, шикі­зат­тық емес экс­порттық әлеуетті арттыру, жо­ға­ры технологиялық өн­ді­ріске көшу. Индустриялан­ды­ру­­дың алғашқы жылының өзінде жалпы құны шамамен 800 миллиард теңгеге 152 өнер­кәсіптік ны­­сан іске қосылып, 24 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашыл­ған. 2014 жылға дейін осы бағ­дар­лама аясында құны 8,1 триллион теңге құрайтын 294 инвес­ти­ция­лық жобаларды жүзеге асы­ру жос­парланып отыр. Бо­лашақта да жал­ғасын табатын бұл бағдарла­мадан халықтың күтері көп. Тәуелсіздікке жету жолы қан­шалықты ауыр болса, тәуел­сіздік­пен тыныстаудың баяндылығы да соншалықты жауапты екені анық. Жас ұр­пақ тәуелсіздіктің тағы­лым­дарын танып, қастерлеп, құр­мет­теп отыруы керек. Тәуел­сіздік бізге бәрінен де қым­бат. Сон­дықтан да бәріміз еліміз үшін ең­бектенуіміз, халқы­мыз үшін қыз­мет істеуіміз керек. Нұртай САБИЛЬЯНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің бюро мүшесі.