Астанада Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитеті мен оның ресми халықаралық телехабар таратушысы «Rocket Media Communications» компаниясының өкілдері журналистермен кездесіп, Азиаданың қорытындысы туралы ойларымен бөлісті.
Оған Туризм және спорт министрлігі Спорт істері жөніндегі комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов, Қысқы Азия ойындары комитеті атқарушы дирекциясының президенті Анатөлі Құлназаров пен оның орынбасарлары және аталмыш компанияның бас директоры Майкл Грабнер қатысты.
Кездесуде Қысқы Азиадаға дайындық, Азиададан кейінгі жұмыстар мен елімізде қысқы спортты дамытуда істелініп жатқан іс-шаралар туралы әңгіме қозғалды. Осы жерде А.Құлназаров Азиадаға дайындықтың жарысқа 9 ай қалғанда басталғанын, сол кезден бері 270 іс-шараның, оның ішінде Үкіметтік деңгейде 17 мәжіліс пен атқарушы дирекцияның өзінде 42 отырыстың өткізілгенін, Ойындарға 5 900 ерікті қатысқанын, Азиаданы ұйымдастыру дирекциясында 500 қызметкер істегенін атап өтті.
Содан кейін Туризм және спорт министрлігінің өкілі Елсияр Қанағатов министрліктің өткен жылғы жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы мәлімет берді. Мұнда ол елімізде қысқы спортты дамытуда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, қазір министрлік пен Білім және ғылым мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің арасында меморандумға қол қойылғанын, сол құжат бойынша студенттер спорты, ауыл спорты мен қысқы спортты дамытуда жұмыстардың жүргізілетінін айтты. Одан әрі кездесуде Азиадаға жұмсалған қаржы мәселесі сөз болды. Оған дирекцияның вице-президенті Абзал Әлібеков жауап берді. Ол Азиаданың құрылысына бөлінген қаржыны есептемегенде 35 млрд. теңге, Азиаданың ашылуына 5 млрд., ал жабылуына 1 млрд. теңге жұмсалғанын жеткізді. Осыдан кейін дирекция өкілдері көпшілікті қызықтырған тағы бір сұраққа жауап беріп көрді. Мұнда Азиада әнұранының ашылу салтанатында неге орындалмай қалғаны туралы қойылған сұраққа А.Құлназаров былай деп жауап берді. «Азиаданың ашылу рәсімінде белгілі композитор, әнші Ескендір Хасанғалиевтің әніне жазылған Азиада әнұраны шырқалатын болғаны рас, – деді ол. – Бірақ, біз жарыстың ашылу, жабылу салтанатында Азиаданың әнұранын орындатуға кешіктік. Азиаданың ашылуын ұйымдастырушылар сценарийді ерте бекітіп жіберіпті. Ал оған жауапты қызметкер ресейлік композитор Игорь Крутойдың болғанын білесіздер. Онымен ашылу салтанатына дейін кездесу қиын болды. Ал өзімен кездескенде Азиада әнұраны неге орындалмай қалды деп сұрасақ: «Мен оны естіген жоқпын. Маған оны ешкім айтқан жоқ», деп шыға келді. Дәл сол ашылу салтанаты кезінде ұйымдастыру комитеті Үкіметтің алдына шыққанымен Азиада әнұранын орындатуды ешкім мойнына алғысы келмеді. Қысқасы, әнұран шыққанда оған әрі қарай ешкім жауапты болғысы келмеді».
Кездесуде одан кейін еліміздің Азиадаға дайындығы, жарысқа шетелдік сарапшылардың берген бағасына арналған 26 минөттік қорытынды деректі фильм көрсетілді. «Rocket Media Communications» компаниясының бас директоры Майкл Грабнердің айтуынша, Азиада кезінде компания 182 елге 10 тілде хабар тарататын «Euronews» жаңалықтар арнасымен тығыз байланыста болды. Осы телеарна 2 ақпан күні Азия ойындарына арналған FOCUS тележурналының алғашқы шығарылымымен таныстырды. «Біздің компания, – дейді ол. – Азиаданы бүкіл әлемге көрсету үшін бар мүмкіндікті жасады. Біз күн сайын әлемнің 155 елінде 541 телеарнада Азиаданың жаңалықтары, оның қызықты сәттері, өзіміз түсірген деректі фильмді көрсетіп отырдық. Соның ішінде Азиаданың дайындығына арналған 13 минөттік, финалдық ойындарға арналған 29 минөттік деректі фильм мен 8 минөттік жаңалықтар бар. Осының бәрін телеарнадан 1 396 733 408 адам көрді».
Дастан КЕНЖАЛИН.