Семейлік жас өрен Жанәділ Талдыбаев спортта да, математикада да Қазақстанның атақ-даңқын шығарып жүр
Дарынымен дараланған Жанәділ небәрі 15 жаста. Ол каратэмен шұғылданған жеті жылда шырқау биіктерге көтерілді. Бір сүйініштісі, Жанәділ спортта ғана емес, физика-математика пәнінің құпиясына терең бойлап, бұл саланы да бағындыра бастады. Ендеше, жас өреннің толайым табыстарға қалай жеткеніне үңілейікші.
Әкесі Аманжол Сабиев Зайсан қаласынан әскери қызмет бабымен Жарма ауданының Георгиевка кенті маңындағы әскери қалашыққа қоныс аударғанда Жанәділ 1-сынып табалдырығын аттаған еді. Екінші сыныпты Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы №5 мектеп-гимназияда жалғастырды. Жасынан спортқа бейімдігін байқаған апайы Жанерке сүйікті бауыры Жанәділді қаланың сол жағалауында орналасқан Болат Тұрлықанов атындағы «Жастар» кешенінің ішіндегі «Цунами» каратэ мектебіне апарып, күнделікті жаттықтыруға қатыстырады. Оның директоры қара белбеуден ІІІ дан иегері, әйгілі спортшы Наталья Клименко болатын. Мен кісі танысам, мына бала әлі талай рет Қазақстанның атын әлемге жаятын болады. Тек үнемі, тұрақты түрде қатыстырып отырыңдар, дейді Наталья Клименко апайы Жанерке Аманжолқызына.
Директордың айтқанындай-ақ, Жанәділ 2004 жылы Ресейдің Рубцов қаласында өткен халықаралық жарыста Қазақстан командасы атынан қатысып, күміс медаль иегері атанып, дипломмен марапатталады. Сол жылы Ташкентте өткен сайыста Өзбекстан чемпионы атанады. Семейде өткен Еуразиялық чемпионатта қола жүлдені қанжығасына байлады. 2006 жылы қаңтар айында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысуға Америкаға баруға жолдама алады. Онда Огайо штатының Каламбус қаласында өткен жарыста екі дүркін әлем чемпионы атағын жеңіп алды. 2007 жылы Американың Лас-Вегас қаласында өткен әлемдік жарысқа Қазақстан командасы құрамасында қатысып, жарыстың екі түрінен де екінші орынды иемденіп, елге жеңіспен оралды. Сол жылы Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен жарысқа түсіп, әлем чемпионы атанды. Сонымен Жанәділ үш дүркін әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Жақында Жанәділді Зайсандағы ата-апасы Жекен және Сәбира Кәрібаевтардың үйіне келген жерінен жолықтырдық. Алдында ғана спортта да, математикада да топ жарып жүрген дарынды шәкіртті облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қабылдап, табысымен құттықтап, марапаттаған еді. Облыс әкімінің алғыс хатын Жекен мен Сәбира көрсетіп тұрып:
– Бұдан бір ай бұрын Жанәділіміз Грекияда өткен халықаралық олимпиадада жүлделі орынға ие болды. Математикадан топ жарған немереміз Қазақстаннан барған оқушыларға ағылшын тілінен тілмәш болып, көп көмек көрсетіпті. Алдағы уақытта да Жанәділ бізді қуанта береді деген ойдамыз, – дейді Жекен Кәрібаев.
– Шіркін, каратэ спорты Олимпиада ойындарының бағдарламасына енсе, нұр үстіне нұр болар еді. Белбеу күресіне бейімі бар қазақ жастары кетіп жүрген есеміздің орнын толтырар еді, – дейді Жанәділ.
Несі бар, келешекте каратэнің Олимпиада ойындарының бағдарламасына еніп қалуы ғажап емес. Сол кезде Жанәділдей өрендеріміз еліміздің көк туын биікте желбірететіні сөзсіз.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, Мәуітқазы ЗҮКЕНОВ, журналист.
Шығыс Қазақстан облысы.
Суретте: Ж. Талдыбаев атасымен және апасымен бірге.