Таяуда Президенттік Мәдениет орталығының концерт залында халықаралық Абай клубы мен «Аманат» журналының 10 жылдығына орай, сол клубтың қолдауымен шығарылған «Жидебай» жылнамалық журналы мен Сүйінбай Аронұлының «Бөрілі менің байрағым» жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.
Қазақ мәдениеті мен әдебиетін және баспа ісін насихаттау жөнінде бірталай істер атқарған клуб пен журналдың басты мақсаты әлем жазушыларының классикалық шығармаларын насихаттау, қазақ әдебиетінің өткені мен даму өрісін зерттеп-зерделеу. Бір айта кететін жәйт, журналды бүгінде дүниенің 20-дан астам елі оқиды. Ал клубтың жанынан жарық көріп отырған «Аманат» журналының 200 томдық кітапханасы әлем халықтары әдебиетінің, өнерінің, тарихының, философиясының үздіктерімен оқырманды қауыштырып отыр десек, оның алғашқы өнімдерінің қатарында Махамбет Өтемісұлы, Қожа Ахмет Ясауи, Сүйінбай Аронұлы, Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп, сондай-ақ Сұлтанмахмұт Торайғыров сияқты ақындардың шығармалары бар. Ал биылғы жылы осы серия бойынша Мағжан, Қасым және дала ақындарының еңбектерін шығару жоспарланып отырған көрінеді.
Биылғы жылдан бастап «Аманат» журналының жанынан таза қазақ тілінде әдеби, саяси, пәлсафалық діни «Жидебай» жылнамалық журналы шығарыла бастады. Жылына бір мәрте шығаруды көздеп отырған журналда 2010 жылы әлем қаламгерлері тудырған үздік прозалық және поэзиялық шығармалар іріктеліп беріліпті. Журналдың «Жидебай» деп аталу себебінің өзінде үлкен мән жатыр. Жидебай – қазақ әдебиетінің жарық жұлдыздары Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды үш тұлғаның туған жері.
Қазақ поэзиясының жарқын өкілі Сүйінбай Аронұлының «Бөрілі менің байрағым» атты жинағы да қазақ әдебиетін халықаралық тұрғыда насихаттау мақсатында жарық көрген елеулі еңбектердің бірі. Кітапқа Сүйінбай ақынның отты өлеңдерімен бірге айтыстары, сондай-ақ ақын шығармашылығын зерттеуші С.Садырбаев пен М.Жолдасбеков секілді ғалымдардың мақалалары да енгізілген. Тұсаукесер рәсімі қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларының пікір-лебіздерімен қоса, Гүлмира Саринаның орындауында «Өзгеге көңілім тоярсың», сондай-ақ Айгүл Елшібаеваның «Сүйінбай» әндерімен өрнектеліп отырды.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.