Жуырда «Қазақстан» телеарнасы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай кезекті жаңа жобаның тұсауын кеспек. Ұлттық арна теңдесі жоқ деп отырған жобаның сахна сыртындағы оқиғаларын алдымен БАҚ өкілдері тамашалаған.
Халқымыздың музыкалық мәдени мұрасының арғы-бергісін түгендеп, ұлықтау мақсатында қолға алынып отырған жоба халық әндерінен бастап, сал-серілердің, қазіргі заманғы композиторлардың да ең танымал туындыларын қамтитын болады.
«Қазақтың 100 әні» тележобасы өз көрермендерін төрт ай бойы түрлі қызықтарға толы ән кештерімен қуантпақ. Жоба барысында ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалған туындылармен қатар, замандастарымыздың да әндері шырқалады. Әуезді әндерді орындайтындардың да тізімі көңіл қуантады. Атап айтар болсақ, Нұржамал Үсенбаева, Майра Мұхамедқызы, Роза Рымбаева, Ескендір Хасанғалиев, «ДосМұқасан», «Жігіттер» тобы, сондай-ақ Қыдырәлі Болманов, Қарақат Әбілдина, Бауыржан Исаев, Мәдина Сәдуақасова сынды басқа да өнер майталмандары танымал әндермен тыңдармандарды қауыштырады. Соңғы жылдары «Шақырады көктем» атты ән кештерімен ел жүрегін баурап келген Роза Рымбаеваға жобадағы ең алғашқы әнді орындау бұйырған.
Бір айта кететін жайт, Алматыдағы Solo клубында «Қазақтың 100 әні» атты жобаға қатысушыларға кастинг өтті.
Бағдарлама түсіріліміне қазақ жерінің түкпір-түкпірінен келген екі жүзге жуық кез келген салада қызмет ететін, кез келген жастағы өнерсүйер қауым қатысты. Кастинг өз мәресіне әлі жеткен жоқ. Ұйымдастырушылар бұл жобаға қызықты да тартымды адамдарды әлі де іздестіруде.
Кастинг – жай көрермен жинауды көздемейді. Қазақ өнері мен мәдениетінен хабардар, білімді жандарды бақтарын сынауға шақырып, шығармашылыққа жаны жақын, өнер десе ішкен асын жерге қоятын жандарды ынталандырады. Олар тек түсірілімге қатысып қана қоймайды, теледуманның нәтижесіне де ықпал ете алады.
Студия қонақтары қазақтың әндеріне қатысты сұрақтарға жауап береді, сөйтіп сол бағдарламаға қатысатын сүйікті жұлдызымен ән айту мүмкіндігіне ие болады.
Бағдарламада неғұрлым көп сұраққа дұрыс жауап беріп, аудиториядан көп дауыс жинаған адам жеңіске жетеді.
Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.