• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Наурыз, 2011

Мыңбайдың ми таспасы

668 рет
көрсетілді

«Өмір дегенің бір жарық сәуле екен ғой» (Мұқағали Мақатаев) десек, сол бір жарық сәулені сезу жаны сергек жандарға ғана тән қасиет болса керек. Бір жарық сәулені мәңгі сәулемен шатас­тырып жүргендер де жоқ емес. Осының бәрін қаршадайынан ми таспасында қор­ға­сындай қорытып, қағылездікпен өзіндік өрнегін қалыптастырған, қазір сексеннің сеңгіріне келсе де ұлтым, халқым – сенің кәдеңе жарап, қадіріңді арттырсам болды деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген, ми таспасы техниканың өзін телміртіп қоятын (теледидарға түсіргенде) қазақтың ұлыларын ұлықтап, өзі болмаса да сөзін, дауыс ырғағын, аталы ақылын, үлгі өнегесін, шалт қимыл, шарықтау сәттерін көз алдыңа әкелетін – бір өзі бір театр, көрнекті сатирик-жазушы, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қыз­меткері, халықаралық сықақшылар байқауының жеңімпазы Мыңбай Рәш еді. «Ай­тушыдан тыңдаушы күшті болсын», деп Абай айтқандай, қазір сол айтушы табылғанмен сөз құнын түсінетін, қа­сиетін жанына түйетін, орайы келгенде өрекпімей кәделі сөзге тоқтайтын құйма құ­лақтар азайып бара жатқаны рас. Есесіне айтылған сөздің мән-мағынасын түсініп, түй­сінбесе де дабыраны даңғазаға айналдырып, көзге түсіп, көрініп қалуға құштар, азды-көпті көпірте түсіп, бір қиырдан бір қиырға ала қашатындар баршылық. Сондайларға ол сабақ алсын деп өзінің туындысынан гөрі Алаш арыстарының үлгісін сахна төрінде тереңнен қозғап, тебіреніп тұрып төгіп-төгіп жібергенде адамды ойландырып тастайтыны анық. Қарт­тық­ты қайырып тастап, ол шіркін, жігерленсем ығып кетеді деп, ұлттық рухты ұран еткен ақын ағамыз осыдан біраз бұрын Астанаға келіп, қалың жұртпен жүздесті. – Астана әсем үйлерімен көз тартқаны жөн, бірақ зиялы қауым өкілдері айтып жүр­ген­дей, рухани орталық та болуы керек. Ұлтты да, жұртты да өлтірмейтін – рухани құндылық. Халқың жүз жерден көп болғанмен, рухың сөнсе біткенің. Мен кешегі ұлы тұлғалардың біра­зын көрдім. Жақын жүрдім. Ол жағынан келгенде өзімді бақытты жандар қатарына қоса­ты­ным бар. Олар кеңестік саясат буып тұрғанда да тіл, діл, халқым деді. Қазір бәріміз ауыздан тастамай, қуат-мият тұтатын керемет мұралар қалдырды. – Тілдің тірегі, дәстүрдің мәйегі, ұлтқа ұйытқы болғандар да солар емес пе? Ауыл мен биліктің арасына алтын көпір болып қаламгерлер жүрді ғой. – О, не дегенің. Ол да бір дәурен еді. Ондап, жүздеп ауылға баратынбыз. Жұрттың сөзбен сусынын қандырып, ән-күймен са­ра­йын ашатынбыз. Жас ұрпақпен қауыша­тын­быз. Олардың арасындағы таланттарды қа­тар­ға тартатынбыз. Құдай-ау, газет-жур­нал­дың, кітаптардың таралымы бірнеше жүз мың­ға жетіп, қияндағы елді мекен тұр­ғын­да­рымен пікір алысқанда, олар өзіңді жаңыл­ды­ратын. Өтті, кетті – ол дәуір. Мен жасым келді, жан­тайып жата берсем болады деген емеспін. Бо­йымдағы барымда халқыма арнай беруге пейілмін. «Бір өзі – театр» деген атпен ұйым­дас­тырылған кештің де баста­машысы өзім. Ешкім Астанаға барып өнеріңді көрсет деген жоқ. Рас, бұл қадамымды Президенттік мә­де­ниет орталы­ғының басшысы, көр­некті ғалым Мырзатай Жолдасбеков, Мә­дениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Пар­ламент Мәжі­лісінің депутаты Уәлихан Қа­лижан, өзге де азаматтар қуана қолдады. Шалдың мұнысы ерлікке пара-пар десті. Мен сол кезде олар­дың есіне 97 жасында Мәскеуге барып жыр толғаған Жамбыл жәкемді сал­дым. Ал­ла­ның берген сыйы, қуаты шығар, сексенге кел­сем де естігенімді, көргенімді өмірі ұмыт­қан емеспін. Оның бәрін әлі күнге дейін са­ғат­тап айта беремін. Өз өлеңдерімді де жатқа оқи­мын. – Мынауыңыз екінің бірінің басына бермейтін керемет қасиет қой. Бұл сіздің балалық шақтағы мидың «тазалығынан» шығар. – Мүмкін. Ол кездегі баланың қиялы көкті шарлайтын. Бүгінгідей барға телмірмейтін, өзі ізденетін. Оның үстіне қазақы қасиет те бөлек еді. Бұзыла қоймаған. Алты жасымда әкем соғысқа кетті. Шешем өмірден озды. Әке майданнан оралмады. Мені ағайындарым балалар үйіне тапсырды. Ол жердегі тауқыметті кейінгі ұрпақтың басына бермесін. Жазғы каникулда колхозға барып шөп шабысып, егін оруға қатысамыз, мал бағысамыз (Қазір ең­бек май­данының ардагерімін). Осылайша өмір өзі ширықтырды, пісірді. Әдебиет пә­нінің мұға­лімі жақсы адам еді. Кітабы көп болатын. Сол кісіден жыртпаймын, бүлдір­меймін деп латын әрпімен жазылған дүние­лерді алып оқимын. Тек оқып қана қоймай­мын, жаттап аламын. Олардың қатарында «Алпамыс батыр», «Қо­быланды батыр», «Қо­зы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», Қа­жым Жұмалиев пен Жұ­бан Молдағалиев аударған қырғыздың «Манасы» бар. Кейін бұл жырдың біраз тұсының қырғызшасын да жаттап алған едім. Осы арада мынандай бір оқиға еске түсіп тұр. 1960 жылы қазіргі Бішкек қала­сында үлкен өнер жиыны өтті. Қазақ­стан­дықтарды Ғабит Мүсірепов бастап барды. Қыр­ғыз жұрты әлім­сақтан «Ма­насты» әспет­тейді. Жырды бала манасшы, жігіт манасшы, шал манасшы – бірінен-бірі асырып жырлап жатты. Бізден Мұ­қаш Бай­батыров деген халық ақынын дайын­даған, бірақ ол кісі денсаулы­ғына байла­нысты келе алмай қалыпты. Бұл қалай болды деп Ғабең (Мүсірепов) жан-жа­ғына қарап кейіді. Сонда оқығаны көп, білімді азамат Қайнекей (Жармағанбетов) «Айтатын адам бар»,  деп мені көрсетті. Ғабең сыздана қарап: «Кө­ре­міз...» деді. Әр жыршыға бес ми­нут­тан уа­қыт беріліпті, менің қызып кеткенім сонша оңай­шы­лық­пен тоқтай қоймай, арындап кеткенімді байқаған Ғабеңнің: «Мына Мыңбай қайтеді-ей!» деген кербез дауысын құлағым ша­лып қалды, жалт қарасам, қалам­гер Қыр­ғыздың орталық партия комитетінің хатшысы Разақов екеуі риза көңілмен бір нәр­селерді айтып отыр екен. Қорытындысында иығыма ақ шапан жауып, басыма ақ қалпақ кигізіп, «Қазақ елінің бұлбұлы Мыңбай Рәшевке қырғыз доста­рынан» деп жазылған қомуз сый­лады. Ол қомуз әлі күнге дейін үйімде, құнды заттардың қатарында тұр. Жас кезіңде көп оқып миыңды дамытсаң, жаттап алсаң ол өмір бойы жиған қазынадай ойыңда алтын қор секілді сақ­талатынына қазір көзім жетіп жүр. – Сіздің болмысыңыздан әртістік қасиет те айқын көрініп тұрады. Оны қайдан үйреніп жүрсіз? – Асқар Тоқпанов деген қазақтың ұлы режиссері болған, сол үйретті. Асыл туған Асе­кең бізге, бұрынғы ҚазПИ-де, бүгінгі Абай атындағы университетте мәнерлеп оқу­дан дәріс берді. Бұл 1946 жыл болатын. Менің курс­тастарым Нығмет Ғабдуллин, Баламер Сахариев, Айқын Нұрқатов... көп еді. Қазір олар­дың көбі бақилық болып кетті. Бір жолы Асекең Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңін мәнерлеп оқытқаны бар. Заман­дастарым зуылдатып жатыр. Арамыздағы ерке қызымыз Шәмшиябану Сәтбаева да оқыды. Асекеңнің қабағы ашылмады. Жетім бала тұтқыш болады ғой. «Сен оқы, Рәшев!» деді Асекең. Асықпай, әр сөзді нақтылап, бабына келтіріп оқыдым. Ұстазымның қабағы жа­дырады. «Пәлі, сен мұнда қаңғып неғып жүр­сің, ей, мен консерваториядан театр кафе­драсын ашып, талантты жастарды жинап жатыр­мын ғой. Сен бізге кел, нағыз әртіс болатын бала екен­сің!» – деп қолқа салды. Бірақ бар­ма­дым. «Тағы қандай өлең білесің? Қа­сымның (Аманжолов) өлеңдерінен хабарың бар ма?» деді. «Білемін», деп күмілжідім. Ол кезде Қасым, Қалижан Бекхожин, тағы басқа адуынды ақындарға қара күйе жағылып, са­руайымшыл, ұлт­шыл, феодалшыл деген айып тағылып жүретін, тіпті өлеңдері де ба­сыла бермейтін. Асекеңнің кереметтігі сол, қаймықпай: «Қасымның өлеңін білесің бе?» деуі мені қанаттандырып жіберді. «Әй, Мың­бай, Қа­сымның «Нартәуекелін» білсең айтшы, қане?!» деді. «Нартәуекел, құлаш ұрдым қи­ынға, Қай­рат, шіркін, алып шықса қиын ба. Бұл сапарда сүрініп те қалармын, Сонда достым мені айыпқа бұйырма...» деп өлеңді оқып біте бергенімде, Асекең қырандай шаңқ етіп: «Қа­сымның қадіріне жетпеген бұл қазақ, кімнің қадіріне жетеді дейсің!?», деп сәл тұрды да өзі Қасымның өлеңдерін бірінен соң бірін оқып, «Міне, өлең деп осыны айт!» деп бәрімізге жыр жампозының құдіретін танытып еді. Кейін көрген жерде аяулы Асекем: «Ей, Нартәуекелім, ой, айналып кетейін, халің қалай?», дейтін. Қара нардай қайыспай ұл­тым, жұртым деген ол өмірден озғанша мені Мыңбай демей, «Нартәуекелім» деді. – Басынан сөз асырмайтын, айтарын айтып өткен бір адам болса, ол – Асекең еді-ау! – Рас, әділдіктің қарауылы болды Асекең. Қарау басқандарды қағып тастайтын. Текті адам, бетті адам, таза адам солай болады. Тексізге бәрі бір. Асекең өзің айтқандай, сөздің атасын өлтірмей кетті. Атағың дардай, қы­з­метің таудай демейтін. Көңіліне жақпасаң, найза сөзбен түйреп, түте-түтеңді шығаратын. Шешендігі шексіз еді. Абайды жатқа айтатын. Қыңыр-қисыққа ұлы ақынның өлеңдерін үлгі етіп, мақалдап-мәтелдеп кеткенде ешкім қарсы келе алмайтын. Талайды улы тілмен «тал­ды­рып» түскеніне куә болдық қой. – Басқаны айтпағанда, кейде Алаш алыптарының бір шоғыры «Көзден кетсе көңілден болады ұмыттың» күйін кешіп жатқандай көрінетіні бар. Сізге қалай? – Күдігіңді теріс дей алмаймын. Әркім өз заманының мықтысы болып, алдыңғы тол­қынды қағыс қалдырып жатса, бұл – ұлт үшін де, ұрпақ үшін де қауіпті. Ұрпақтар сабақ­тастығын ұлттық дәстүрмен ұштастырған лә­зім. Дегенмен, тарих деген «ғұлама» кімнің кім екенін өзі реттеп береді. – Атақ алып, орден тағуға қалай қарайсыз? – Бұл өте қиын сұрақ. Осы күні көп нәрсені атақпен өлшейтін болып алдық. Мұны мен уақытша құбылыс деп білемін. Сұрағыңа орай бір қызықты айта кетейін. Атақты ақын Сыр­бай Мәуленовке арналған кешке барғаным бар. Жүргізіп отырған адам ғылым докторы еді. Бір кезде маған да сөздің кезегі тиіп, «Мәкеңе сөз береміз», дей бергенде менен жасы кіші бір қаламдас інім кіріп келді. Ғалым: «Ойбай, Мәке, сіз тұра тұрыңыз», деп әлгі азаматты қолпаштап, сахнаға шығуын өтінді. Ол да құп көріп, киімін шешпестен төрге ұмтылды. Мәкеңнің жасы үлкен еді демеді. – Сонда адам емес, атақ сөйлейтін бол­ғаны ғой. – Шындық сол. Оны айтасың, небір алқалы жиындарға, не тойға барғанда лауазым иелері, атағы барлар, аяқ астынан шөп басын сын­дырмай байып кеткендер 80-90-ға келген қа­рияларды аттап өтіп, көсіле жөнелетініне куә болып жүрміз ғой. Осы арада бір дәйекке жүгінсем деймін. Мұқтар Әуезовті салмағы үлкен жазушы ретінде де, жасының үлкендігін де ескеріп алдын Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтер қиып өтпейтін. Інілік ізеттерін білдіріп жүретін. Таланты да бар, атағы да жетіп артылатын Ғафу Қа­йыр­­беков ақын Сәду Машақовты төрге оз­дырып, сөздің алдын беріп, «Біз қартын қа­дірлеген қазақпыз!» деп күндей күркіреуші еді. Сол үлкенінің алдын қиып өтпеген атам қа­зақтың үлгісін мына сұр заман жұтып қойса, сыйластығымыздың сиқы кетпей қоймас. – Осы арада «Жасы кіші үлкеннен ұялмай жүр, Сұрамсақтар нәпсісін тыя алмай жүр, Сәлем – борыш, сөз – қулық бол­ғаннан соң, Қандай жан сырттан сөз боп, сы­налмай жүр», деген Абай өлеңі ойға оралғанын қараңызшы. – Дәл төбесінен түстің. Абайдың: «Жарлы емеспін, зарлымын, Оны да ойла толғанып», деуі де осындай кейістіктерден туған болу керек. Ақын-жазушы қашанда халық жағында. Иә, биліктің де тілек-талабынан шет қалмай­мыз. Жасыратын несі бар – КСРО-ны әспет­тедік. Өлең жырымызды өлшеусіз арнадық. Айтқанын екі етпей орындадық. Бірақ тәуел­сіздік тұсында да Абайдың өсиетін орындауға келгенде арқасына ыңыршақ батқан өгіздей қайқаңдайтынымыз бар. Соған қарағанда, біз Абайды толық түсіне алмай келе жатқан­дай­мыз. Түсінсек, бойымыздағы жаман әдет­тен арылсақ керек еді. Бұрын бәрін Мәскеуге жаптық. Ендігі кемшілігіміз өз мойнымызда қалады. Соны ескерейік, ағайындар! – Домбыра тартасыз ғой? – Кішкентай кезімнен қара домбыра серік болып келеді. Қара ағаштан жасатқан кішкентай қара домбырам бар. Қайда барсам да жа­нымнан тастамаймын. Ішегі – мысықтың ішегі. Одан үн керемет шығады. Құрманбай деген шал қартайған мысық өлген соң ішегін кептіріп, домбыраға ішек етіп тағатын. Бұрынғы заманнан қалған дейтін ол. Домбыраның жы­лай­тыны, зарлайтыны содан дейтін. Әлгі қара дом­быраны 1946 жылы Ахмет Жұбанов Романенко деген шеберге жасаттырып беріп еді. Бойтұмардай көремін, өлсем көрге бірге қо­йыңдар деп жүрмін. Талантты күйші інім Секен Тұрысбеков қолқа салған еді, бермедім. Үйге қонаққа келгенде Нұрғиса Тілендиев те сұрады. Қалағаныңды ал деді. Келіспедім. Қазір үйімде бес домбыра, жоғарыда айтқан­дай, қырғыздар берген қомуз сақтаулы. – Сіз сөз арасында 1943 жылғы ақындар айтысын көрдім деген едіңіз... – Әкем майданда жүріп Алматыда тұратын Дүйсенжан деген ағайынымызға хат жазып, «Менен бір тұяқ қалып еді, тауып ал», депті. Ол кісі мені Алматыға алдырды. Мен Алма­тыға келгенде ақындар айтысы өткелі жат­қанын Дүйсенжан аға айтты. Барып көрсем дедім. Меселімді қайтармады, апарды. Ол ағамыз да көп кешікпей майданға кетіп, қайта оралмады. Сол жерде мен қазақ әдебиетінің алыптары Мұхтар Әуезовті, Сәбит Мұқановты, Ғабит Мүсіреповті, әнші Күләш Байсейі­то­ваны, өзге де мықтыларды алғаш рет көрдім. Сах­на төріне жыр алыбы Жамбыл шығып: «Алатаудан, Арқадан, Ақындарым келіпсің. Тілдеріңнен бал тамған, Жақындарым келіпсің, Ертіс, Еділ, Іле, Сыр, Бас қосқалы келіпсің, Жүрген жерің думан жыр, Сендер елге көрік­сің. Шаршы топта төгілген, Сөздеріңді са­ғындым!»,  деп жыр нөсерін төкті. Жұрт керемет қол соқты. Бұл маған жауға атылған оқтай, көрсеткен сестей көрінді. Халықтың рухын бір серпілтті. Театрда тыңдаған айтыскер ақын­дардың мақамын, өлеңін үйге келгенде дом­быраға қосып, қайталап айтқанда Дүй­сенжан аға таң қалатын. «Мұның бәрін қалай жаттап алдың?», дейтін. Сол үрдіс өмір бойы жал­ғасып келеді. Ақындар айтысы үш күнге созылды. Нартай, Нұрлыбек, Қалқа, Шашубай, Кенен – несін айтасың өрен жүйріктер сөз са­йысын құрып, бірін-бірі ала алмай, батыр­лар­ша тірескені әлі күнге дейін көз алдымда, үндері құлағымның түбінде тұр. Бұлар тума таланттар ғой, сөзге тоқтайтын. Қысқа-нұсқа жауаптасып айтатын. Сағыздай созып, малтадай езіп отырмайтын. Бір мысал келтірейін, Нартай мен Нұрлыбек айтысатын болды. Бірінің қолында – домбыра, екіншісінің қо­лында – сырнай. Менің бүйрегім Нұрлыбекке бұрады. Бұл жершілдікті қойсаңшы. Ол да, мен де Семейденбіз ғой. Оның үстіне Нұрекеңді Мұхтар Әуезов келістіріп мақтады. Нұрлыбек айқай­мен бастаса, Нартай сырнаймен сы­зыл­тып, өз мақамынан ауытқымады. Бір тұста Нұрлыбек: «Кекесін күлкіменен кү­лімдейсің, Бейнебір менің, Нартай, пірімдейсің, Соза тар­тып сыр­найды жөнелгенде, Сырғақтаған сы­наптай білін­бейсің. Мақтайсың Сыр бойында күрі­шіңді, Бейнебір өзің жалдап еккендей-ақ, Ай­тасың ылғида сен кірісіңді, Бірақ та айтпай қойдың, ақын Нартай, Кемшілік пен қаптаған шығысыңды. Айтпадың жыртығың мен қуы­сыңды, Нартайым, қойшы енді далбасаңды, Кезекпен менің сөзім жалғасады, Көрместер түйені де көрмес деген, Әлемге аты мәшһұр болып кеткен, Семейде атағы шыққан ет комбинат, Кәнсерві, шұжығы мен кәлбасадан», – деді. Колбаса деген сөз Нұрлыбекті жеңіліске ұшыратты. Нартай оның осы сөзін іліп алып: «Нұрлыбек, сен де қойшы далбасаңды, Менің де айтар сөзім жалғасады, Доңыздың майы ішінде өріп жүрген, Текке берсең жемеймін кәлбасаңды. Айтыс деп кімдер сені қыстап отыр, Қо­қай­ған кәлбасаңды мақтай берсең, Қос қолдап, кәлбасаңды ұста да отыр», деді... Нұрлыбек жеңілгенін мойындап, ілтипат жасап орнынан тұ­рып кетті. Міне, текті ақындар осындай болған. Қазір де айтыс бар. Бір кездері дүрілдеп шықты, енді саябырсып қалғандай ма, қалай? Мен өзім сыйлайтын бес-алты жақсы ақын топ жарып жүр. Көбісі сөз нарқына мән бере бермейді. Ұйқас қуады, жаттағанын айтады, айтыс ақынының әр сөзі мірдің оғындай болуы тиіс. Ол үшін талант керек, Құдай саған ақындықты сыйлауы тиіс. Жоғарыда айтқан айтыс алып­тарының әр сөзі бір ділдаға татиды. – Сіз Сәбит Мұқановтың өзін сынаған көрінесіз, соны есіңізге түсіре аласыз ба? – Неге түсірмеймін, ондай жағдай болған. Ол заманда әдебиетті ардың ісі дейтінбіз. Әлі есімде, Сырбай Мәуленовтің «Жұлдыз» жур­на­лына бас редактор болып келген кез еді. Бір күні мені шақырып алып, «Әй, сен өзің са­тириксің, «Ара» журналында істегенсің, сын жазуға төселіп ал­ғансың. Қаламгерлердің оқыр­ман көңілінен шық­пай жатқан жинақтары туралы өлеңмен астарлап сын айтсаңшы. Өлең­ге қарай суреттерін салып шығаралық. Анау Орталық комитет деген ша­қырып алып, сын жоқ, болса да аз деп қысып жатыр», деді. «Онда, Сыраға, мен Сәбеңнен бас­тағым келіп тұр», дедім. «Сәбит болмақ тү­гіл, Мұхаңнан бас­тасаң да жаз!», деді Сырбай. «Жазға­ным­ды бұзбай шығарасыз ба?» деймін. «Басым кетсе де басамын!», деді ол. Содан Сәбеңнен бастап тағы басқа бір топ ақын туралы өлеңдетіп, сын жазып әкелдім. Сәбең сол жылдары екі рет Еңбек Ері атағын алған Нұрмолда туралы «Алдабергенов туралы аңыз» деген поэма жазып шығарған еді. Көркемдігі көңілге қонбады. Оның үстіне ұлы қаламгердің «Сұлушаш», «Ботагөз», «Мөлдір махаббат», өзге де айтулы туынды­ла­рына қанықпыз. Ал мына поэма бізді екіұдай ойға қалдырды. Сол шығарма туралы мен мы­нандай төрт жол өлең жаздым: «Қала­мын күн көзіне шынықтырып, Сәбең отыр денесін тынық­тырып. Мынауыңыз дастан ба, очерк пе? Қиын болды айыру ұғып, біліп», деп түйіндедім. – Қай қаламгер сыныңызды дұрыс қабылдады? – Ұлының аты ұлы ғой. Сәбең бірден құп алыпты. Бір күні Жазушылар одағына келе жатыр екен, «Апыр-ай, не дер екен!», деп тай­сақтап тұрмын. Қолда таяқ, баста бөрік. «Әй, сенің сыныңды оқыдым, ей, жарайсың өзің. Ағаңды жақсылап тұрып сынапсың. Сынды өріс­тете бер. Тәйт демесе, адам есіріп кетеді ғой!» – деп жатыр. Міне, арыстар қандай! Мен Ас­танада өткен кеште Мұхтар Әуезов сынды ғұламаны, «Мен сендердің өгіздеріңмін, сендер арта беріңдер, мен тарта беремін», деп ағынан жарылатын ақеділ Сәбеңді, музыканың білгірі, Құрманғазыны мәңгіге тірілткен Ахмет Жұбановты, әр сөзі сом алтын, мінезге бай Ғабит Мүсіреповті, қазақтың даласындай дархан Серке Қожамқұловты, жүздеген театр тар­ландарын дайындаған ұлы ұстаз Асқар Тоқ­пановты, бітім болмысы бөлек, үні өр Сырбай Мәуленовті сахна төрінен «сөй­леттім». Жа­зушылар одағының съезінде Мұқаң драма туралы баяндама жасады. Сол сөз әлі күнге дейін менің жанымда жаңғырып тұрады. Елор­дадағы кеште соны жұртшылықтың есіне сал­дым. «Пәлі, бүгін мынау Абай атындағы театрда ине шаншыр жер жоқ. Тайлы таяғымен келіп отыр жұрт. Драматургиямыз бар ғой, өрен жүйрік поэзиямыз бар ғой. Өздеріңіз бі­ле­сіздер, майда қоңыр Ғали, ағыны қатты Әбділда, сырлы-мұңды Қасым, қырғи тілді Асқар, өз алдына бөлек Сырбай, ізденгіш те тапқыш Хамит... поэзиямыздың өрен жүй­рік­тері. Ал осы поэзия жанрымен қатар үзеңгі қағыстыруға жарап қалған драматургия бар. Драматургияға келгенде бар ғой, ең алдымен алабөтен бөліп алатын бір адам бар. Ол Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов. Өңгені былай қой­ған­да, эпос, ауыз әдебиеті үлгісінде, ғашық­тық жырлары негізінде жазылған «Ақан сері – Ақтоқтының», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу­дың», «Қыз Жібектің» өзі неге тұрады», деп мақтай келіп: «Пәлі, Ғабит, сен менің мақта­ғаныма даңдайсыма. Амангелдіге шамаң келді деп айта алмаймын. Ұлт-азаттық көтерілі­сі­нің кө­семін көрейік деп тайлы-таяғымыз­бен драма театрына келгенде кімді көрдік. Ағаш атқа мінген ағаш батырды көрдік... Қайнауы жетпеген шикі шығармаға тап бол­дық», деді. Ал Ғабиден Мұстафин Сәбең­нің көлем қуып кететінін, кітаптарының кірпіш секілді бола­ты­нын айтты. Көрдіңіз бе, ұлылар бірін-бірі қалай сынайды. Бірақ олар аз-кем даулас­қанмен, көрместей болып жаулас­пай­тын, қай­та бірін-бірі көтермелеп жүретін. Ғабит Мүсіреповтің Мұхтар Әуезовті «Біздің ұлы жазушымыз» деуі соған дәлел. – Сіз «Ара» журналында біраз жыл қыз­мет атқарғансыз. Сол кезде «Араның» сы­нына жұрт, биліктегілер қалай қа­рай­тын еді. – Ол бір бақытты күндерім еді. Сынды халық та, билік те қатты ескеретін. «Араның» редакторы Ғабит Мүсірепов сынды қазақ әдебиетінің классигі болған тұстағы сынның азуы алты қарыс болды. Алысқанды алып жық­ты, жұлысқанды жұлып түсірді. Бұл Ға­беңнің арқасы еді. Ол кісінің беделі Орталық комитет хатшыларынан кем болмады. Газет-журналдың бет-беделі редактордың абы­ро­йына, қалам-қарымына тікелей тәуелді. Ұлы Ғабең бір тілшінің телпегін қисайтпады, мұртына «балта» сілтетпеді. Қолдан кел­ген­нің бәрін жасады. Билікке жалпақтау, жақсы көріну деген бізде болған емес. Мынандай бір қызық оқиғаны айтайын, Ғабең сол кездегі Денсаулық сақтау министрі Қарынбаев ту­ралы фельетон жазуды тапсырды. «Араның» тілшілеріне қайда барса да жол ашық, фактілерді жинап алып, «Денсаулықты сақтамау министрі» деген фельетонды жарқ еткіздім. – Сіз жазған фельетон оларды маса болып шағатын ба еді? – Шаққаның не, мұрттай ұшыратын. Ме­нің фельетоным аз болғандай, «Қарын­баев­тың қара шыбыны» деп Асқар Тоқмағамбетов сын жазды. Мен мына бір нәрсені баса айт­қым келеді, ол кездегі фельетондар әжуа емес, шырылдаған шындыққа құрылатын. Тақырып көзге ұрып тұрсын деп атын ойнатып, айқай­латып қоятынбыз. Сондықтан да болар, біздің жазғандарымыз кімді де болса жалпасынан түсіретін. Ол кезде мақаланың ішінде иненің жа­суындай ақиқат айтылса, жауапсыз қалмай­тын. Содан да болар, сол тұстағы жур­на­лис­тердің беделі биік, абыройы жоғары болды. Бір жо­лы Ғабең Қазақ КСР-ның жоспарлау коми­те­тінің төрағасы Браченконың өрескел қылық­тарын жазуды тапсырды. Ол Ленинградтан келген адам болатын. Өзімен бірге оншақты қызметкерді сүйреп жүріпті. Олар мемлекет­тің жұмысын былай қойып, өздері Мәскеу мен Ленинградтағы үйлеріне бару үшін сыл­тауратып іссапарға шыға беретін көрінеді. Бірінші фельетонымның аты «1000 күннен асып кеткен командировка» деп атал­ды. Одан кейінгі дәйектерді жинастыра келіп, олардың Мәскеудегі отбасыларына мемлекет ақшасын шы­ғындап барғаны жайлы «1001 түн» хикая­сын еске салып, «1002 түн» деген фельетон жаздым. Не керек, соңында төраға келген ізімен кетіп, орнына қазақтың ардақты ұл­дары­ның бірі, төрағаның орын­басары бо­лып жүрген Ілияс Омаров отырды. Тағы бір мы­сал айтайын, «Қазақфильмге» бастық бо­лып Пястолов деген келеді де, онда істеп жүр­ген көне­көздерді қырғи тигендей жұмыстан шығара бастайды. Олардың қа­тарында ай­тулы жазу­шы Ілияс Есенберлин де бар екен. Ол кісі Ғабеңе келіп, «Мынаның қуғыны қазақты есең­гіретіп барады. Не істеуге бо­лады?», дейді. Ғабең ол туралы фельетон жазуды тағы маған тапсырды. Барсам, әлгі сабаз «иди, щенок» дегені. Артымда Ғабеңдей алып Алатау тіреп тұрғанда неден қорқамын: «Мен күшік болсам, сен төбетсің!», деп шы­ғып кеттім де, материалдарды толық жи­настырып алып «Қа­раңғыда қыз ойнақ, күндіз емес, түнгі ойнақ» деген фельетонды жарқ еткіздім. Онда әлгі сабаздың қызға қырын­дайтын тұстары ай­тылған еді. Пястолов көп кешікпей қызмет­тен кетті. Ол кезде ұлт, ру дегенді білмейміз. Тек қоғамға қызмет ету бірінші кезекте тұратын. – Шығармашылығыңыз туралы не айта аласыз? – Мен осы сұраққа жауап берердің ал­дында мынаны айта кетсем деймін. Жоғарыда сын туралы азды-көпті әңгіме қозғадым. Қа­зір ондай сын әдебиет үшін емес, жеке адам­­дардың бір-бірінен өш алуы, кек қайтаруы немесе барды жоқ деп көрсетуге бейім тұратын пи­ғылына бет бұрған секілді. Бұл ұлтты оз­дыратын емес, тоздыратын қылық. Қазір тәуел­сіз елміз, осыны пайдалана алмасақ, жұ­дырықтай жұмылмасақ, үлкеніміз үлкендей, кішіміз кішідей болмасақ, бүгінгі, ертеңгі ұр­паққа ауыр тиеді, зиян жа­сайтын боламыз. Бұрынғы кінә мен күнәнің бәрін Мәскеуге жауып, абыройымызды арашалап алдық. Енді он­дай жымысқы жат қылық жасасақ, ол өзі­міздің басымызға таяқ болып тиері сөзсіз. Енді сұраққа көшетін болсам, мен осыған дейін 42 кітап шығардым. Солардың ішінен іріктеп, үш томын ғана оқырманға ұсынып отырмын. Мұндай үлгіні Ғабең де көрсеткен еді. Бірінші том – сатиралық шығармалардан, екінші том – дастандар, ұлы адамдар жайлы жазбалардан, үшінші том – өлеңдерден тұрады. Өмір болып жатса, тағы да жазармыз, айтармыз. Қазірше осы жеткілікті деп білемін. – Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ.