«Егемен Қазақстанның» арнаулы беті
Бауыржан атамызды да биіктетейік,
Сабыр атамыздың да даңқын асырайық
Келесі жылдың 25 қаңтарында қазақ елінде дүние есігін ашып, өзбек нағашысының қолында өскен, кешегі сұрапыл соғыс қаhармандарының бірі, қазақтан шыққан тұңғыш генерал Сабыр Рақымовтың туғанына 110 жыл толады. Амангелді МОМЫШЕВ, Мәжіліс депутаты. Осыған дейін Өзбекстанда ұлттық батыр ретінде дәріптеліп келген генерал Сабыр Рақымовтың Ташкенттегі ескерткіші сырылып, Өзбекстанның барлық жерінде атаулары алып тасталуына байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында ұлтымызды алаңдатқан мәселеге орай батырымыздың атын асқақтатып, елімізде ескерткіші қойылуы талап етіліп жатыр. Өзбектің зиялы қауымы сынға алып, батырдың анасы өзбек қызы, бізге бөтен емес деген соң, ескерткіш Ташкент қаласындағы Ғафур Ғуламов атындағы сая-баққа қайта қойылды. Біздіңше бұлай істемеген жөн еді. Ал болар іс болған соң енді батырымыздың рухын өзімізде асқақтатып, туын желбірету үшін нақты шараларды қолға алуымыз керек. Біз ел арасына жік салу үшін емес, достық байланысты нығайта түсуге ынталы екенімізді кім-кім де түсінеді деп ой-лаймын. Сабыр Рақымовтың есімін ардақтауды енді Қазақстан жан-жақты қолға алғаны жөн. Өзбек ағайындарымыздың өзі бас тартып жатса, енді олар ешқандай қарсылық танытпайтыны және түсіністікпен қарайтыны анық. Кезінде Бауыржан Момышұлы Сабыр Рақымовтың артында қалған сүйген жары Құралай Натуллаеваны (Сабырова) Ташкенттен Алматыға бірнеше рет көшіріп әкелген екен, өзағаңдар қайыра алып кетіп отырған. Құралай апай бұл турасында да, ерінің ұлты құжатта «кездейсоқ» «өзбек» болып жазылып кеткенін де, батырдың соңғы арманы ресми түрде қазақ болып өлу болғанын да, осы жолда өзінің көрген талай теперішін де баяндап кеткен. Батыр өзімен бірге майданда болған жұбайы Құралайға «Менің арманым – қазақ болып өлу» деп үнемі айтып жүреді екен. Сол батырдың аманатын орындау мақсатында қазақ екенін дәлелдеу үшін Құралай апай 50 жыл бойы сандалып, бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. 1946 жылы кірмеген есігім қалмаған соң, ақыры әбден күйіндім де, радиокомитетке барып, Сабырды да, өзімді де «қазақпыз» деп жариялап жібердім. «Сабыр – Суан руының баласы Мәмбетбек датқаның немересі» деген сөзімді естіп, Өзбекстанның қауіпсіздік ұйымының қызметкерлері келіп, мені бір түнде жүк машинасымен алып кетті», – деп Құралай апа кезінде айтқан еді. Сабырды қайта қазақ ету үшін жарты ғасыр бойы ары-бері шапқылап, ақырында жоғарғы әскери училищенің мұрағат бөлімінен Сабыр Омарұлы «қазақ» деп жазылған құжатын тапқан. Сонымен бірге, Сабырдың туған жері Қазығұрттағы мұрағат қорында «қазақ» деп анық жазылған туу туралы куәлігі сақталыпты. Қағынан жеріген құландай Өзбекстан үкіметі әйгілі батырдан сырт айналып жатқанда, бұрынғыдай халықтар достығына сызат түседі деудің енді реті қалған жоқ. Біз өзбектің ұлы жазушылары, шығыстың классик философтары Фирдауси, Низами, Науаи, Хафиз, Сағди, Айни есімдерін әр уақытта қадыр тұтамыз. Ал қалаларымыздағы Наманған, Ташкент, Өзбек, Әндіжан көшелері не мағына береді. Соларды өз батырларымыз бен қоғам қайраткерлерінің есімдеріне өзгертуіміз керек. Өз бауырымызға шындап тартсақ, ердің де, елдің де мерейін асқақтатар іс болмақ. Әзірге Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шымкент республикалық әскери мектеп-интернаты (бұрынғы Суворов мектебі) мен Шымкент қаласындағы көше аты ғана берілгенін ескерсек, бұдан былай да Рақымовтың атын асқақтату ісі барлық өңірде жалғасын таба беруі керек деп білеміз. Алдағы жылы 25 қаңтарда туғанына 110 жыл толатын Сабыр Рақымовтың мүшелтойына байланысты Үкімет мемлекеттік комиссия құрып, тез арада іске кірісуі қажет. Осы орайда батыр есімінің өшпеуі, қандастарымыздың жүрегінде сақталуы үшін нақты шаралар: есімін қастерлеу, бірнеше бағыттағы кітаптар шығару, деректі фильм түсіру, мектеп оқулықтарына енгізу және т.б. жүзеге асырылуы тиіс. Елді мекен, аудан атауын берсе де артықтық етпейді. Жоғары оқу орындарына, әскери академия, әскери бөлімдердің атауын беріп, оларда батырдың ерен ерліктері насихатталуы тиіс. Сабыр Рақымовтың туған жері Қазығұрт тауына еңселі ескерткішін тұрғызып, елшiлiк арқылы Ташкент мұрағатындағы Рақымовтың жәдiгерлерiн толық қайтарып алу қажет-ақ. Қазақстанда қоғамдық қор құрып қа-ражат аудару үшін арнайы есеп-шот ашу керек. Бауыржан Момышұлындай туған халқы үшін қайталанбас тұлғаның қатарында қазақтың тағы бір алыбы иық тірестіріп тұрса, қандай ғанибет! «Тауларды да биіктетейік, даланы да асқақтатайық» дейтін Олжас ақындай айтар болсақ, Бауыржан атамызды да биіктетейік, Сабыр атамыздың да даңқын асырайық!Фотокүнделік
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.