• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
23 Қараша, 2016

Ақтөбеде үкіметтік емес ұйымдар форумы өтті

453 рет
көрсетілді

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында «25 жұлдызды күн» акциясы аясында «Тәуелсіздік пен әріптестікке 25 жыл» атты үкіметтік емес ұйымдардың VІI облыстық форумы өтті. Форумға өңірдегі белсенді үкіметтік емес ұйымдардың облыстық департаменттер мен  басқарма басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, ардагерлер, этномәдени бірлестіктер мен кәсіподақ ұйымдары, барлық аудандардың өкілдері, кәсіпкерлер қатысты. Алқалы жиынды қысқаша кіріспе сөз сөйлеп ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің қоғамдық – саяси өміріндегі үкіметтік емес ұйымдардың роліне тоқталды. Олардың Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында ұйымдастырылған 200 мыңнан астам адамды қамтығын 4 мыңға жуық шараның өз дәрежесінде өтуіне өзіндік үлестерін қосқанын атап өтті. Жиында баяндама жасаған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ербол Нұрғалиевтің айтуынша, үкіметтік емес ұйымдардың жобаларын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында қаржыландыру көлемі жылдан-жылға артып келеді. 2015 жылы облыс бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс 123 432 мың теңге болса, биыл қаржыландыру көлемі 216 миллион теңгені құраған. -Қазіргі таңда облыста 600-ге жуық коммерциялық емес ұйым тіркелген, олар – қоғамдық бірлестіктер, қоғамдық қорлар, заңды тұлғалар бірлестігі. Солардың 110-ға жуығы белсенді жұмыс істейді.Облыс тұрғындарының 46 пайызы ҮЕҰ-дың қызметін пайдаланған. Бұл өңірдегі азаматтық институттар дамуының көрсеткіші болып табылады,-деді ол. Белгілі қоғам қайраткері, «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дос Көшім сөз алып, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік салаға көбірек араласатынын, қоғамдық-саяси бағытта белсенділік танытпайтынын, сондай-ақ, қазақ тілді үкіметтік емес ұйымдарды оқыту және дамыту кемшін түсіп жататынын атап өтті. «Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Қ.Бәйменова, «Ер-Бақыт» патриоттық –спорттық клубы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Қойлыбаев және үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес өкілдері сөз сөйлеп, тәуелсіздік жылдарындағы ҮЕҰ-дың даму кезеңдеріне тоқталды, ҮЕҰ-дың дамуы мен проблемалары, мемлекеттік органдармен және бизнес өкілдерімен өзара қарым-қатынас мәселелері жайлі ойларын ортаға салды. Форум аясында азаматтық қоғам институттары жетістіктерінің көрмесі мен 2017 жылға арналған жаңа үздік жобалардың тұсаукесері өткізілді. Өңірдегі азаматтық  қоғам институттарын дамытуға және маңызды әлеуметтік проблемаларды шешуге белсене атсалысқан 15 ұйым жетекшісі грамоталармен, алғыс хаттармен мараптталып, бағалы  және  ақшалай сыйлықтарға ие болды. Жиында үстіміздегі жылдың 25 қарашасында  Астанада өтетін VІI Азаматтық форумға қатысатын делегаттар сайланды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Хайреден Раушанов. Ақтөбе.