• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
23 Қараша, 2016

Елордада діни оңалту орталығы ашылады

522 рет
көрсетілді

Жақын арада Астана қаласында радикалды діни ағымға ерген азаматтарға, олардың туыстары мен жақындарына арналған оңалту орталығы ашылуы мүмкін. Қала мәслихатының кезекті сессия отырысында Астана әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Данияр Есін осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы BNews.kz хабарлады. Басқарма басшысының айтуынша, мекеме мамандары жыл сайын бас қаладағы діни ахуалға талдау жүргізеді. Осы мақсатта дін ахуалын зерттеу орталығы да жұмыс істейді. Астанада жат ағым идеологиясына уланған азаматтармен қатар осы бап бойынша сотталған тұлғаларға да оңалту орталығының көмегі қажет. «Қазіргі уақытта дәстүрлі емес діни ағымды насихаттағаны үшін сотталғандар тізімі, сондай-ақ, олардың бостандыққа шыққандары да бар. Бірақ, бұл санаттағы азаматтардың кейінгі жағдайын бақылайтын, қадағалауда ұстайтын, психологиялық және басқа да көмек көрсететін жүйе әзірге жоқ. Мұндай қолдауды олардың отбасы, туған-туыстары да қатты қажет етеді. Оңалту орталықтары арқылы біз осындай азаматтарға көмектесіп қана қоймай, одан кейінгі жағдайларды да қадағалай аламыз», – дейді Данияр Есін. Ведомство басшысы бұл жұмыстарға жергілікті имамдар да жұмылдырылатынын жеткізді. Имамдар біліктіліктерін арттыру үшін арнайы курстардан өткізіледі. Мамандардың пікірінше, бұл имамдарға теологиялық пікірталас өрбітуге мүмкіндік береді. Радикалды бағытқа ерген азаматтардың санасында толық зерделенбеген діни мәліметтер сақталады. Біліктілік арттыру курстарында дін қызметкерлері жаңылыс басқан жандардың дәстүрлі дінге бет бұруына дәлел-дәйектермен ықпал жасауды және психологиялық әсер етуді меңгереді әрі шешендік шеберліктерін шыңдайды. Мәслихат депутаттары бұл істе теологтар мен дін мамандарын көптеп тартуды ұсынды. Дін істері басқармасының басшысы Д.Есін дін мамандарының көмегі қашанда маңызды екенін, алайда, білікті кадрлардың аз екенін айтты. Айта кетейік, бүгінгі күні дін саласы өте маңызды мамандық қатарына шыққан. Осыған байланысты өткен жылы жоғары оқу орындарында дінтану мамандықтарына білім гранттарының саны көбейтілді.