Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні қарсаңында, сондай-ақ Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлау аясында Киевте Украинаның Ұлттық ғылым академиясында «Орталық Азиялық барыс» кітабының тұсаукесері өтті, деп жазады strategy2050.kz.
ҚР СІМ хабарлағандай, кітапты Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігінің қолдауымен украиналық публицист, Қазақстан-Украина қатынастары мемлекетаралық институтының директоры Николай Степаненко әзірлеген. Автор өз еңбегінде тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңдеріне, мемлекеттің даму стратегиясына баса назар аударған. Кітапта қазақстандық-украиналық ынтымақтастық болашағына ерекше көңіл бөлінген. Қазақстанның Украинадағы елшісі Самат Ордабаев өз сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың егемен Қазақстанның қалыптасуындағы рөлін атап өтті. Іс-шараға украиналық қоғамның белгілі өкілдері қатысты.