Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық Банк төрағасы Григорий Марченконы қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Г.Марченко Президентке Қазақстанның валюта нарығындағы жағдай туралы баяндап берді. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2011 жылдың басынан бері 6 миллиард АҚШ долларын сатып алған. Теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы 1,25 пайызға нығайды.
– Мұның ақша агрегатының ұлғаюына және инфляцияға ешбір әсері болған жоқ. Аталған жағдай біздің экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігі үшін проблема туғызбайды. Себебі, еуро, Ресей рублі, Қытай юані секілді өзге валюталар АҚШ долларына шаққанда едәуір жоғары қарқынмен нығаюда. Сондықтан біз Ұлттық Банктің бақылауымен АҚШ долларына шаққанда теңгені нығайта аламыз және бұл қазақстандық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін төмендетуге жол бермейді, – деді Ұлттық Банк төрағасы журналистерге арналған брифинг барысында.