ОНЫ БІЗГЕ ҚАЛАЙ ТОЙЛАҒАН ЖӨН?!
Осы мақаланы жазуыма өткен жылдың күзінде бір дастарқан басындағы әңгіме түрткі болды. Сонда жұрт қыраулы қыс келмей жатып, жаңа жыл мерекесіне дайындық мәселесін әңгімелеген. Байқаймыз, олардың көпшілігі бұл мерекеге іштей дайындалып жүр екен. Тіпті сол күні нендей киім киіп, дастарқанға нендей тағам қоятынын да ойластырып қойыпты. Сонымен қатар, олар өткен жылы жасыл шыршаны айналып ән салып, би билеп, тәп-тәуір «тойлағанын» да сағына сөз етті. Сол бір әңгіме наурыз мерекесі жақындаған сайын еріксіз есіме түсе береді...
Иә, жақсының жаттығы жоқ деген. Әйтсе де, 31 желтоқсанда тойланатын, Петр 1-ші тағайындаған жаңа жылдың атап өтілетініне әрісі үш жүз жыл ғана болса, төл мерекеміз ұлыстың ұлы күні – Наурыздың кемінде бес мың жылдық тарихы бар. Әрі ол ұлттық мереке. Демек, мерекелердің төресі.
Күн мен түн теңесіп, «Жаңа күн» жарқырап шығып, табиғат ана исініп, Жер-ана бусанып, жұмыр жер бетіндегі жанды нәрселердің бойына қан жүгіріп, ағаштар бүршік жаруға бейімделіп, тіріле бастағанда аталып өтетін бұл мерекені қай жағынан алып қарасаң да ұлық деуге болады.
Ертеде Наурыз мерекесі кемінде бір ай тойланады екен. Бір ай тойламасақ та, оның шын мәнінде Жаңа жыл екенін жас ұрпақ бойына осы мерекені ұлықтау арқылы сіңіруге болады емес пе?
Наурызда ең кереметі, жоғарыда айтқандай, жаңа күн шығады. Меніңше, мерекені асқақтатуға тиек ететін жәйттің бірі – осы. Иә, шығып келе жатқан жаңа күн төңірегінде неше түрлі қойылымдар қою арқылы елге әсер етуге болады.
Мерекені тойлау барысында «Селт еткізер» ырымын жасап, жастар арасында оны жақсы дәстүрге айналдырса да артық етпейді. Сондай-ақ Наурызда да адамдар бір-біріне сыйлық жасайтын болса, оның еш сөкеттігі жоқ. Әсіресе, ол кішкентай бүлдіршіндерді қуанту үшін аса қажет тәрізді.
Жаңа жылды әрбір бала түрлі сыйлықтар алу үшін асыға күтеді десем, Наурызда балаларға сыйлықтар тарту етуді ұйымдастырсақ, оның мәнін арттырар едік. Дастарқан мәзірлерін әзірлегенде бүлдіршіндердің де, бозбалалар мен қарттардың да сүйікті астарын қоюды жан-жақты ойластырсақ, мерекеміз айшықтана түседі.
Наурызда Қыдыр баба бар жақсылықтың, молшылық пен берекенің иесі, үміттің шырағын жағатын кие деген түсінік қалыптастырудың маңызы зор. Әдетте, біз Қыдыр бабаны көбінесе көпшіліктің алдына шығарып, ақ тілек айтқызып, ақ бата бергіземіз де одан әрі оның қиялды ұштай түсетін мүмкіндігін ескере бермейміз.
Шынында да, біздің санамызда Қыдыр баба мейірімі түскен адамын кемел бақытқа кенелдіреді деген ұғым ұялаған. Халқымыздың түрлі аңыз-ертегілерінде де Қыдыр бабаның назары түскен адам қашан да мұратына жетіп жатады. Ендеше, осы Қыдыр бабаны бүкіл Наурыз мерекесін тойлау барысында неге ұтымды пайдаланбасқа?! Айталық, ол жұртқа тек бата ғана берумен шектелмей, сыйлықтар да үлестіретін болса несі айып? Тек оны қай кезде, қандай уақытта бергені ұтымды болатынын жақсы ойластыра білу керек.
Наурыз – ұлттық мереке. Мерекеде мың бұрала би биленбей, ән айтылмай, кең даланы күмбірлете күй тартылмай және болмайды. Міне, жас баладан бастап, еңкейген кәріге дейін халқымыздың «Қара жорға» биін шаршағанша билейтін сәт осы кез.
Наурыз көже – «Наурыздың» ең қасиетті асы. Наурыз көже таратуға баса мән беріліп, оның қадір-қасиетін барынша арттыруымыз қажет. Оны айтып отырған себебім, жапондар барлық әдет-ғұрпын, дәстүрін сақтап, бір кесе шайды құйып беруге жеті минөт уақытын жібереді екен. Ал біз жеті түрлі тағамнан жасалынған ас төресін бергенде «Ұлыс Күнге жеткен де бар, жетпеген де бар» дегендей, тәубәға келіп, Аллаға сыйынып, дастархан басында отырғандар бір-біріне береке тілесе дейміз. Әрине, алдымен жеті шелпектен ауыз тиюді ұмытпай, сосын үлкендер көжеге қол созғаннан кейін олар өздерінен кейінгілерге алып отырыңдар деген ишарат білдірсе, еш сөкеттігі болмас еді. Үлкенге құрмет, жасы үлкенді сыйлау дастархан басында да көрініс тауып отырса, тәрбиенің ең үлкені осы емес пе?
Наурыз көже қай үйден ішілсе, дастархан басында сол отбасына жақсы тілектер айтылып отырғаны да әбден жөн болар еді.
Мұндағы түпкі мақсат – Наурыз көже берілген дастархан басында айтылған тілектер қабыл болады деген ұғым қалыптастыру. Ертеңгі күнге қашан да мол үмітпен қарайтын халқымыз үшін онда Наурыздың мәні шексіз артпаса, кемімес еді.
Ал бұлақтың көзін ашу, ағаш отырғызу бір ай бойы жалғасса тіпті жақсы.
Ересек адамдар ағаш отырғызғанда қастарына балаларын, немерелерін алып жүріп, сол отырғызылған көшетке су құйғызып, одан әрі күтіп-баптауды соларға міндеттесе, сөйтіп, «көшет неғұрлым жақсы жетілсе көшет отырғызған әкесінің немесе атасының денсаулығы солғұрлым жақсы болады» деген ұғым жас жеткіншектердің саналарына сіңірілсе аз да болса мақсатымыз орындалар еді.
Наурызға арнап түрлі би кештері, ұлттық ойындар ұйымдастырылса жастар үшін керегі де осындай ойын сауықтар емес пе?
Иә, Наурызды тұрмыс-салт немесе діни нанымдар деңгейінде қалдырып қоюға мүлде болмайды. Ендеше, Наурызды бесіктегі баладан, еңкейген қариямызға дейін асыға күтетін дәрежеге жеткізу өз қолымызда.
Және бір айтарым, Наурызда жыл сайын әйелдерге кимешек кигізіп, жүн түткізіп, сабау сабатып қоямыз. Құрақ көрпелерді, басқа да қолөнер түрлерін көрме ретінде ұсынып жатамыз. Ол да дұрыс шығар. Бірақ, қазір олардың барлығы тарихтың қойнауына әлдеқашан еніп кеткен. Бір кездері жер бетіндегі басқа халықтар да дәл осындай болмаса да осыған ұқсас өмір кешкен. Бірақ олар әлдеқашан ұмыт болған дүниелерін көпшілікке ұсынбайды. Жаңа технология мен техника жетістіктерін жарнамалап жатады. Өйткені, олар бүкіл адамзаттың жетістігі. Алға ұмтылу, жаңару, қайтадан түлеу үшін біз де солай жасауымыз қажет. Көңіл бөлетін болсақ, өнертапқыштар әр ауылдан-ақ кездеседі. Соларға құрмет көрсету арқылы халыққа неге бағыт-бағдар бермеске? Өсетін ел осылай істеуге тиісті.
Бұл мақаланы көпшілікке ой салу үшін ғана жаздым. Бәлкім, кемел ойлы ағайын кемшін тұстары болса көрсетіп, айтылмаған, іске асыруға аса қажет нәрселерді газет бетіне жазар деген ойдамын.
Марат ҚАШҚЫНБАЕВ.
Алматы облысы, Балқаш ауданы, Бақанас ауылы.