Биыл қар жақсы түсті. Ресми деректерге сүйенсек, өзендердегі мұздың қалыңдығы 40 сантиметр шамасында. Оның үстіне, синоптиктердің хабарына қарағанда, наурыз айының екінші онкүндігінде күн 10 градусқа дейін жылынуы мүмкін. Болжамға сенсек, қардың күрт еритін түрі бар. Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен өткен су тасқынының алдын алу шараларына байланысты мәжілісте көктемгі су тасқынына дайындық мәселелері тағы бір рет пысықталды.
Қазір қала көшелерін қардан тазалау жұмыстары жалғасуда. Әлі де 70 көшені тазалау жоспарланып отыр. Қыс басталғалы 40 мың тонна қар шығарылған. Көктемгі су тасқыны кезіндегі шаруаларға 50 су соратын техника, 3 экскаватор, 70 құм таситын көлік, 8 бульдозер, әрқайсысының сыйымдылығы 20 текше метр 4 жылжымалы сорғы стансасы және басқа да көлік құралдары мен 3 мың текше метр құм дайындалған. Су тасқынының алдын алу шараларына 22 миллион теңгеден астам қаржы бөлініпті.
Қала маңындағы негізгі үш су қоймасының көктемгі қар суын қабылдау жәйі де тиянақталды. «Ақтөбесушаруашылығы» мекемесінің директоры Бекзат Нәметовтің мәлімдеуінше, ең үлкен Қарғалы су қоймасында қазіргі күні 42 миллион текше метр су бар. Оның жалпы сыйымдылығы – 280 миллион текше метр. Сондықтан әлі де 240 миллион текше метр суды қабылдай алады. Ал Ақтөбе су қоймасы 145 миллион текше метр суды қабылдаса, Сазды су қоймасына 5 миллион текше метр су кетеді.
«Ақтөбе судан құтқару қызметі» мекемесінің бастығы Қасымжан Байсадақов судан құтқару бригадаларының көктемгі су тасқыны жұмыстарына сақадай-сай дайындығын мәлімдеді. Төтенше жағдайлар туындаған жағдайда құтқару қайықтары, жанар-жағар май, дәрі-дәрмектер, басқа да қажетті заттар жеткілікті.
Көктемгі су тасқынының алдын алу іс-шараларын жүргізу үшін құрылған арнайы комиссияның құрамы бекітілді. Жұмыс жоспары жасалып, 8 жедел топ жасақталды. Жедел топтар өздеріне бекітілген аймақтарда тәулік бойына кезекшілік ұйымдастырып, еріген қар суының қауіпті жағдайын қадағалайтын болады.
Қазақта «Сақтансаң сақтармын» деген сөз бар. Өткен жылғы Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарындағы су тасқыны кезіндегі оқиғалар тілсіз жаудан әрқашан сақтанудың ащы сабақтары болды. Сондықтан да қала басшыларының көктемгі су тасқынынан ешкімнің зардап шекпеуін осы бастан ойластыруы құптарлық іс.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.