• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Наурыз, 2011

Көкшетаудағы келелі кездесу

351 рет
көрсетілді

Көкшетау қаласына өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстыру үшін Қазақстан президенттігіне Қазақстанның Коммунистік  халықтық партиясынан тіркелген кандидат Жамбыл Ахметбеков келді. Мұның алдында ол Қорғалжын ауданында болып, жерлестерімен кездескен еді. ҚКХП ОК хатшысы В.Косаревтің бастауымен Ж.Ахметбеков, Ақмола облыстық партия комитетінің хатшысы Н.Самигулина, үміткердің сенім білдірілген адамы В.Сорокин, басқа да белсенділер Көкшетаудағы орталық саябақтағы В.И.Ленин ескерткіші мен 1918-1921 жылдарғы азамат соғысында құрбан болған көкшетаулықтар кешеніне гүл шоқтарын қойды. Жиналғандар алдында Жамбыл Аужанұлы қысқаша сөз сөйлеп, баспасөз өкілдеріне сапар мақсаты жөнінде шағын сұхбат берді. Одан кейін президенттікке кан­ди­даттың серіктестері қаланың жетекші кәсіпорны – «Тыныс» акционерлік қоғамында болып, үдемелі индус­трия­лық-инновациялық бағыттағы жаңа желілер жұмысымен танысты, өнімдер көр­ме­сін тамашалады. Цех жұмыс­шы­ларымен әңгіме барысында еліміздің саяси жүйесі, тарифтердің өсуі, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмысшы ма­ман­ды­ғының мәртебесін көтеру мәсе­ле­лері сөз болып, көптеген сұрақтарға жауап қай­тарылды. Су, газ есептегіш құ­ралдар це­хы­ның 50 адамдық ұжы­мы­на үгіт па­рақшалары мен күнтізбелер таратылды. Көкшетаудың орталық базарында Жамбыл Ахметбеков сатушылармен және тұтынушылармен сұхбат құрды. Олар қозғаған негізгі мәселе азық-түлік тауарларына бағаның қымбаттауы бол­ды. Ж.Ахметбеков президент бола қал­ған жағдайда баға саясатына ықпал жа­сайтын оң тетіктердің іске қосыла­ты­нын, ҚКХП тарапынан соңғы уақытта қолға алынған шаралар туралы баян­дады. ОК хатшысы Владислав Косарев Ақмола облысы әкімдігі тарапынан қолға алынған жағдайларға тоқталып, біршама істердің атқарылғандығын атап көрсетті. Қазір қалада картоптың килосы 90 теңгеден сатылып жатса, дәстүрлі жәрмеңкелерде ол 70 теңгеден аспайтынын құптарлық қадам ретінде бағалады. Әйткенмен, бұған қанағат­та­нуға болмайды. Қаладағы №1 орта мектепте президенттікке кандидат Жамбыл Ахмет­бековтің сайлаушылармен кездесуі болды. Онда обком хатшысы Нәйла Самигулина жиналғандарды үміткердің өмір және қызмет жолымен таныс­тырды. Одан кейін Жамбыл Аужанұлы сайлауалды бағдарламасының негізгі тірек-тұтқаларын баяндап берді. – Мен неге сайлауға барамын? – деп өзіне өзі сұрақ қойды президенттіктен үміткер. – Біздің басты мақсатымыз – қарапайым халықтың үнін, оның үміттері мен наласын мемлекеттік билікке жеткізу ғана емес, қисынды та­лаптарына құлақ астырту. Алдағы сайлауда менің басты қарсыласым кім болмақ? Ол, әрине, қазақ­стандық­тар­дың немқұрайдылығы дер едім. Қо­ғам­ды жайлаған үнсіздік пен бұқпантайлау қоғамды көтере алмайды, құлатуы да мүмкін. Бұл – баршамыздың кемшілігіміз. Ертеңгі сайлау халқымызды сілкініске түсіреді деп сенемін. Кездесуге қатысушылар жылу және сумен қамтамасыз ету кәсіп­орын­дарының жұмысына, негізгі азық-түлік өнімдеріне байланысты баға құры­лы­мына, балалар өтемақысын өсіруге, білім беру сапасына, оның қолжетім­ділігіне қатысты және кандидат жеңген жағдайда мемлекеттік мәселелерді шешуге партияның қатысуы туралы сұрақтар қойылды. Бұған басқосу қонақтары тиісті жауаптар қайтарды. Бақберген АМАЛБЕК. Көкшетау. ------------------------------------ Суретте: «Тыныс» АҚ цехындағы кездесу.