• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
15 Наурыз, 2011

Сайлау мен таңдау

462 рет
көрсетілді

Ақмешіттің аспаны қанша күннен бері түнеріп тұрған. Жауайын деп тұрған жаңбырды жынды жел келіп, қуып кетеді. Кеше таңертеңнен бастап кеберсіп жатқан жерге жаңбыр тиді. Айнала жадырап сала берді. Көктемнің құдіреті деген осы шығар. Үздіксіз жауған жаңбырға қарамастан, орталық алаң халыққа лық толды. Жалынды ұрандар жаңбырмен бірге аспанда қалықтап тұр. Бұл – алдағы болатын сайлауда президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдауға келген адамдар еді. Митинг төріне «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары, президенттікке кандидат Н.Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабының жетекшісі Нұрлан Нығматулин бастаған бір топ азамат көтерілді. Олардың қатарында Қуаныш Сұлтанов, Бекболат Тілеу­хан секілді Парламент депутаттары, Қа­зақ­стан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов, Ауған соғысы ардагерлерінің республикалық ассо­циа­циясы төрағасының орынбасары Бақыт­бек Смағұл секілді елге танымал азаматтар бар-тын. Сондай-ақ жиынға «Қазақ­стан-2020» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясының өкілдері де қатысты. Митингіден кейінгі жиын облыстық Нартай Бекежанов атындағы драма театрында жалғасты. Оған облыс жұртшылығы, үкі­меттік емес ұйымдардың өкілдері, ақсақал-ардагерлер мен жастар келді. Алғашқы сөзді «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин алды. – Алаштың анасы атанған қасиетті де киелі Сыр өңірінде бас қосып отырмыз. Даласы дархан, халқы жайсаң жұрттың құшақ жайып қарсы алғанына қуаныштымыз. 90-жылдар­дың бас кезі барлығымыздың есімізде шы­ғар. Жұмыс жоқ, дүкен сөрелері бос болып тұрған уақытты ешкім ұмыта қоймас. Бірақ көп ұзамай еліміз әлемдегі әлеуетті мемле­кеттердің біріне айналды. Жаңа құрылыстар салынды. Жұмыс орындары ашылды. Мұның бәрі ел үшін, мемлекеттің болашағы үшін жасалған жұмыстар болатын. Ел Тәуел­сіздігінің 20 жылдығы қарсаңында сайлау өткелі отыр. Осы орайда елін, жерін қадір­лейтін әрбір азамат президенттіктен үміткер Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс береді деп ойлаймын, – деді Нұрлан Зайроллаұлы. Жалпы, Сыр өңірі – сөз құдыретін түсіне­тін, түсініп қана қоймай, оның тереңіне бой­лайтын өңір. Нұрсұлтан Әбішұлының кандида­тура­сын қолдап келген азаматтардың қай-қайсысы болмасын тілге шешен, от ауызды, орақ тілді азаматтар еді. Бірін-бірінен бөліп қарау мүмкін емес. Партия Төрағасы­ның бірінші орынбасарынан кейін сөз алған сенатор Қуаныш Сұлтанов, Нұрлан Оразалин, Ба­қыт­бек Смағұл мен Бекболат Тілеухан көп­шілікті серпілтіп, санаға салмақ салар ойлы әң­гі­ме­лер өрбітті. Қазақстан корейлері ассо­циа­­ция­сының президенті Роман Кимнің баян­дамасы да халыққа майдай жақты. Сөзін қазақ тілінде бастаған ол мемлекеттік тілді үйреніп жүргенін айтты. Сондай-ақ алдағы уақытта Қазақстанда қазақ тілі деген проблеманың болмайтынына сенетінін жеткізді. Қызылорда топырағына келген қонақтар бұдан кейін бірнеше топқа бөлініп, облыс жұртшылығымен кездесуге аттанды. Ондай кездесулер Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет сарайында және Сырдария ауданында өтті. Ержан БАЙТІЛЕС. Қызылорда облысы.