Орал қаласында өткізілген семинарға Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауы арқау болды. Оған аудандық, қалалық және облыстық сайлау комиссияларының төрағалары, саяси партиялардың өкілдері, халықаралық байқаушылар, президенттікке кандидаттардың сенім білдірілген адамдары және үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Семинарға арнайы келген Орталық сайлау комиссиясы ақпараттық-сараптама бөлімінің бас кеңесшісі А.Омарова алдағы сәуір айының басында өтетін президенттік сайлау аса маңызды саяси шара деп атап көрсетті. Содан кейін ол семинарға қатысушыларды сайлауға әзірлік барысында жауапкершілік көрсетуге, сайлаудың заң аясында әділ әрі ұйымшылдықпен өтуіне бастамашы болуға шақырды.
– Бұл жөнінде Орталық сайлау комиссиясы барлық қажетті шараларды ойдағыдай атқарып келеді. Бүгінде үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары шырқау шыңына жетіп отыр. Тиісті заңдылықтарға сәйкес барлық үміткерлерге БАҚ-тарда сайлауалды үгіт жұмыстарын жүргізу үшін тепе-тең мүміндіктер берілді. Аталған іс-шараларды атқаруға бөлінген қаражат мөлшері де бірдей, – деді бұдан әрі Алма Мырзағалиқызы.
Сонымен бірге семинар кезінде президенттік сайлауға байланысты облыс ауқымында осы күнге дейін атқарылып келген жұмыстар жөнінде де жан-жақты әңгіме қозғалды. Айталық, Батыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Абай Хамзин төмендегіше мәлімдеме жасады:
Облыс көлемінде 540 сайлау комиссиясы құрылды. Оның 14-і аумақтық, 526-сы учаскелік сайлау комиссиялары. Оның құрамына 3780 адам тартылған. Комиссия мүшелеріне парасат-пайымы мен тәжірибелері мол, кәсіби деңгейлері жоғары, өз істеріне әркез сергектік пен жауапкершілік таныта білетін мамандар шақырылды. Бүгінгі күнге дейін учаскелік сайлау комиссияларына сол аймақта тұратын сайлаушылардың тізімдері тапсырылды. Мұның өзі сайлаушылардың тізімі толық әрі нақты болуы қажеттігінен туындады.
Семинар үстінде Абай Хамзиннің дауыс берушілер тізімі жөніндегі дерегін одан әрі толықтырған А.Омарова Орталық сайлау комиссиясының сайтында да барлық сайлаушылардың тізімі қойылғанын жеткізді. Сондай-ақ, оның айтуынша, ғаламторға кіру мүміндіктері бар әрбір адам жеке идентификациялық нөмірін теру арқылы өзінің тізімде бар-жоғын анықтай алады екен. Бұдан соң бас кеңесші семинарға қатысушылардың бірқатар сұрақтарына жауап қайтарды.
Семинарда Орал қалалық сайлау комиссиясының өкілі Нұрлан Бекқайыр қаладағы сайлауға әзірлік барысы жөнінде есеп берді.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Орал.