Қазақстан халқы жыл сайынғы Жолдауды асыға күтеді. Өйткені, әр Жолдаудың орны бөлек. Онда елдің алдағы стратегиялық бағыттары айқындалып, таяу уақыттағы басым бағыттары белгіленеді, айқын мақсат қойылады, қоғамдағы барлық өзекті мәселелерге дәйекті де толыққанды жауап беріледі.
Биылғы Жолдаудың өзегі өткен жылғы Жолдаудың негізінде қабылданған «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында» бекітілген «Әлеуметтік жаңару – жаңа әлеуметтік саясатты» іске асыру болып табылады. Яғни, биылғы Жолдау да еліміздегі жүргізіліп жатқан реформаның терең ойластырылған, кесіп-пішілген әрі сапалы реформа екендігін тағы бір рет дәлелдейді.
Жеделдетілген экономикалық жаңару елді алдағы он жылдықтағы жедел индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Өңдеу саласы шикізатты өндіру саласының деңгейінен асып түсетін болады. 2020 жылға қарай отандық және шетелдік инвестицияның шикізаттық емес сектордағы үлесі 30 пайызға артады, ішкі жалпы өнім де 30 пайызға көбейеді, ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 40 пайызды құрайды. Білікті мамандардың саны 40 пайызға жетіп, жұмыссыздық деңгейі 5 пайызға дейін төмендейді.
Ауыл шаруашылығында да бұрын болмаған жобалар іске асырылады. Саладағы жаңа өзгерістер ауыл шаруашылығының мәшинелерін жасау, химия және тамақ өнеркәсібі, сондай-ақ жем өндірісі мен техниканы жөндеу саласының да күрт өсуіне серпін береді. Жолдауда атап көрсетілген міндеттер ауыл шаруашылығындағы зор ресурстарды игілікке жаратуға бастайды. Ауыл шаруашылығын индустрияландырудың маңызды бөлігі болып табылатын бұл шараны іске асыру Үкімет пен аймақ әкімдеріне шегелеп міндеттелді. Сонымен бірге, Үкімет пен аймақ әкімдеріне өңірді дамыту бағдарламасын жасап бекіту тапсырылды.
Аймақтарды дамыту еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері назардан тыс қалған емес. Әр аймақтың өндірістік, климаттық шикізаттық, коммуникациялық және әлеуметтік өзіндік ерекшеліктері бар. Жолдауда өңірлерді дамыту бағдарламасын жасау тапсырылуы да осындай ерекшеліктерді ескеру қажеттігін білдіреді. Жер көлемі үлкен мемлекеттердің көпшілігінде аймақтардың дамуының біркелкі еместігі кездеседі. Мұның өзі әр аймақтағы халықтың тұрмыс-тіршілігі мен табысындағы елеулі айырмашылықтың пайда болуына әкеліп соғады. Сондықтан да халықтың бір бөлігі табысы көп, тұрмысқа қолайлы аймақтарға ағылады. Аймақтарды дамытудың бағдарламасын жасау тапсырылуы да осындай келеңсіз құбылысты азайтуға бағытталған іс-шаралар дестесін құру болып табылады.
Биылғы Жолдау, жоғарыда айтылғандай, әлеуметтік саланы сапалы дамытуға бағдарлану сипатымен ерекшеленеді. Бүгінге дейін білім беру, денсаулық сақтау және тіл мемлекеттік бағдарламалары бекітілді. Сонымен бірге, Үкімет пен әкімдерге осы жылдың 1 мамырына дейін еңбекпен қамтудың жаңа стратегиясын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңарту, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету сияқты маңызды жаңа бағдарламалар жасап, қабылдау тапсырылды. Халықтың әл-ауқаты мен тұрмысының жақсаруы да ең алдымен осы шаралардың қаншалықты іске асуынан көрінбек. Соңғы жылдары көбірек көңіл бөліне бастаған бұл саладағы жұмыстар миллиондаған қарапайым адамның күнделікті мәселелерін шешуге бағытталады.
Биылғы Жолдауда сапалы білім беру Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының негізіне айналу керектігі ерекше атап көрсетілді. Бұл мақсатқа жету үшін білім беру ісі одан әрі жаңғырады. Кәсіптік және техникалық білім беру мазмұны толықтай жаңарады. Жоғары білім беру ісінде де сапалы білім беру бірінші орынға қойылады. Дамыған елдерде 1 миллион адамға 1-6 университеттен келсе, Қазақстанда бұл көрсеткіш 9-ға жетеді. Бұл тым көп. Ғылым кандидаттары мен докторларын дайындауда сандық көрсеткіш жоғары болғанымен, 60 ғылым кандидатының және 37 ғылым докторының біреуі ғана ғылыммен шұғылданады. Қалғандары қайда жүр? Сондықтан да, биылдан бастап ғылыми атақтар беретін Ғылыми кеңестер жұмыстарын тоқтатады. Бұл мәселе көптен бері көтеріліп келгенімен, нәтиже шықпаған еді. Енді олай болмайтын болды.
Жолдаудағы еңбекпен қамтудың жаңа бағдарламасын жасау мәселесі бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Дағдарысқа қарсы «Жол картасы» бағдарламасы бойынша өткен 2 жылдың өзінде ғана ондаған мың адам жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді, жұмыссыздық азайып, қалалар мен ауылдардың инфрақұрылымы жақсара түсті.
Алдағы уақытта жұмыспен қамтудағы ахуал өзгеретін болады. Жұмыспен қамтуға бөлінген қаржы мемлекет қаржысын пайдалану үшін емес, өзін және отбасын еңбек етіп асырауға бағытталуы тиіс. Жәрдемақы жұмыссыз адамға оның жұмыссыз отырғандығы үшін емес, оның жаңа кәсіпті меңгеруі үшін беріледі. Ел байлығы оның табиғи қорларынан құрылуы міндетті емес. Мемлекет адамдар қабілетінің жарқырап ашылуына негіз жасауы керек. Мемлекет еңбекке жарамсыздар мен аз қамтылғандарға ғана көмек береді.
Мемлекеттің шаруасы ішкі саясатпен және елдің экономикалық-әлеуметтік дамуын жүзеге асыруымен ғана шектелмейді. Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың толыққанды мүшесі ғана емес, әлемдік оқиғалардың, халықаралық ұйымдардың да белсенді қатысушыларының бірі. Сондықтан да жылдағы Жолдау сияқты биылғы Жолдауда да Қазақстанның басым бағыттары көрсетілді. Қазақстанның сыртқы саясаты біздің барлық әріптестеріміздің үмітін ақтайтын болады және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық кезінде бастаған жанжалдарды реттеу жұмысын одан әрі жалғастырады.
Әлеуметтік саясаттың алдағы 10 жылдағы міндеттерінің едәуір бөлігі 2015 жылға дейін-ақ орындалатын болады. Жолдаудағы міндеттердің асыра орындалатынына да сенім білдіріліп отыр. Басқаша болуы да мүмкін емес. Бірлік пен ынтымақ және бүкілхалықтық қолдау бар жерде ғана өрелі істер атқарылады, өркенді дамуға қол жеткізіледі. Жолдау мемлекеттік деңгейде шешімін күткен мәселелердің таяу арада орындалатындығын паш етумен қатар, ел экономикасының өркендеуінің, сындарлы саясатымыздың, тұрақты саяси жүйеміздің, президенттік басқарудың тиімділігінің айқын көрінісін де білдіреді. Жолдау өткен жылдардағы атқарған істерімізді қорытындылап, болашаққа бағдар жасайды.
Мұрат МҰХАМЕДОВ, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, саяси ғылымдар докторы, профессор.