Үкідей үлбіреген қыз редакция табалдырығын аттағанда, Еуразия университетінің небәрі 1-ші курс студенті болатын. Қара сөздің қаймағын сапырып, көркем ойды келісті сөйлемге айналдырған жазу шеберлерінің ұстаханасы сол балауса қыздың алғашқы балаң мақалаларын да, өзін де жатсынған жоқ. Алғашында редакцияға тәжірибеден өтуге келген ол ұжымға тез сіңісіп кетті. Жұмысқа қабылданды. Қасиетті қара шаңырақтағы аға буын журналистер оған рухани дем берді, сөйтіп бүгінде ол ойы орнықты, жазуы төселген Арай Үйренішбекқызы деген журналиске айналды. Енді, міне, сол Арай қызымыз өз алдына отау тігіп, басқа босағаның табалдырығын аттамақ. Әрбір қыздың мұраты – жақсы жар, көргенді келін, аяулы ана атану десек, Арай, біз саған өмірде жолыңның ашық болуын, осы бір өмір атты ұлы жолда өзіңе иманды жандардың көптеп кездесуін тілейміз! Бағың ашылып, қуанышың молайсын!
Ізгі ниетпен егеменқазақстандықтар