Кәсіпқой бокстан Бүкіләлемдік серия бойынша өтіп жатқан жарыстар аяқталуға жақындап келеді.
Жуырда Азия, Еуропа және Америка құрлықтары бойынша үш топқа бөлінген 12 команда өздерінің кезекті жекпе-жектерін өткізді. Соның ішінде Азия тобында еліміздің намысын қорғап жатқан «Astana arlans» («Астана арландары») командасы өткен сенбі күні топтың фавориті Әзірбайжанның «Baku fires» («Баку алаулары») боксшыларымен кездесіп, 5:0 есебімен жеңді. Бұл екі жақтың төртінші рет кездесуі болды. Мұның алдында өткен үш жекпе-жектің бәрінде «арландар» қарсыластарынан жеңілген болатын. Сол кездері болған айқастарда астаналықтар алдымен 1:4, одан кейін қатарынан 2:3 есебімен жеңілгені есімізде.
Осы кеште «Астана арландары» сапында Міржан Рақымжанов (54 кг.), Ержан Мүсәпіров (61 кг.), Қанат Сіләм (73 кг.), Рамжон Ахмедов (85 кг.), Руслан Мырсатаев (91 кг.-ден жоғары) қарсыластарын айқын басымдылықпен ұтты. Енді 18 наурыз күні «арландар» сырт алаңда Оңтүстік Кореяның «Poseidons Pohang» немесе «Қызыл қанаттыларымен» қолғап түйістіреді. Бұл «арландардың» топтық кездесудегі ең соңғы жекпе-жегі болады. Осыдан кейін олар Еуропа және Америка тобында бірінші орын алған командамен күш сынасады.
Қазір өткен жылдың қараша айынан басталған турнирде бірінші орынды 9 жеңіс, 2 жеңіліс, 28 ұпайы бар «Баку алаулары» иеленіп отырса, одан кейінгі орында 8 жеңіс, 3 жеңіліс, 26 ұпайды еншілеген «Астана арландары» келеді. Бірақ бұл көрсеткішке қарап «Баку алауларының» қарқыны бізден әлдеқайда күшті деп айта алмаймыз. Осы екі команданың арасындағы мықты боксшыларды жарыстың жартылай финалдық кездесулері анықтайды. Бұл жекпе-жектер 6-7 мамыр күндері Қытайдың Гуйян қаласында өтетін басқосуда белгілі болады. Осы күндері Еуропа тобында ешкімге дес бермей келе жатқан «Paris united», Америка тобында АҚШ-тың «Los Angeles matadors» пен Мексиканың «Mexico city guerrerors» командаларының біреуі, Азиядан «Baku fires» ұжымы және «Astana arlans» боксшыларының күш сынасуға мүмкіндігі көп. Ал Еуропа тобында біздің «арландармен» үзеңгі қағыстырып келген Италияның «Milano thunders» командасы жартылай финалға жолдама алу мүмкіндігінен айырылды десе болады. Бұл команда «Париж юнайнед» боксшыларымен өткізген соңғы кездесуінде жеңіліс тапты.
Сөйтіп, әр топтан бірінші ор- ынды алған үш команда және екінші орынды алып, ең көп ұпай иеленген ұжым 6-7 мамыр күндері жартылай финалға шығып, сол жерде бас жүлдені сарапқа салады. Финалдық айқаста жеңген командаға 500 мың доллар көлемінде сыйақы табыс етіледі. Ал финалға шыққанға 150 мың доллар беріледі. Жартылай финалда айқасқан командаларға 50 мың доллардан таратылады. Одан кейін 27-28 мамыр күндері жекелеген салмақ дәрежелері бойынша кездесулер өтеді. Мұнда әр салмақта топ жарған боксшыға 20 мың АҚШ долларымен қоса, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасына жолдама беріледі. Жеңілген боксшыға 10 мың доллар табыс етіледі.
Дастан КЕНЖАЛИН.