2010 жылғы 20 желтоқсан Астана, Үкімет Үйі
Жер қойнауына мемлекеттік мониторингті жүзеге асыру қағидасын бекіту туралы
«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Жер қойнауына мемлекеттік мониторингті жүзеге асыру қағидасы бекітілсін.
2. «Қазақстан Республикасындағы жер қойнауының мемлекеттік мониторингі туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 27 қаңтардағы № 106 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1997 ж., № 2, 24-құжат) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010жылғы 20 желтоқсандағы № 1373 қаулысымен бекітілген
Жер қойнауына мемлекеттік мониторингті жүзеге асыру қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қағида «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңының 16-бабының 31) тармақшасына сәйкес әзірленген және жер қойнауына мемлекеттік мониторингті жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингі жер қойнауының мемлекеттік қорын ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету мен олардың өзгеруін уақтылы анықтау, келеңсіз үдерістер зардаптарын бағалау, олардың алдын алу және жою үшін жер қойнауының жай-күйін бақылау жүйесі болып табылады.
3. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және ондағы болып жатқан үдерістер жер қойнауы мемлекеттік мониторингінің объектісі болып табылады.
4. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингі қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің, оның ішінде жер қойнауының сапасы нормативтерін қадағалау кезінде өндірістік мониторингтің (әсер ету мониторингі) бірыңғай мемлекеттік жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады.
5. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингі Қазақстан Республикасы қатысатын жер қойнауы мен қоршаған ортаның жаһандық халықаралық бағдарламасына қосылады.
6. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингі жер қойнауының мемлекеттік қорын ұтымды пайдалану үшін оны басқаруды қамтамасыз етеді.
7. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингі тау-кен аудандарын, мұнай-газ провинцияларын, жерасты суларының бассейндерін, пайдалы қазбалардың, оның ішінде жерасты суларының кен орындарын, су кешендері мен көкжиектерді, су жібермейтін қабаттарды, геологиялық үдерістер өтіп жатқан геологиялық денелерді, геофизикалық, сейсмикалық, гравитациялық және басқа өрістерді, жер қойнауын пайдалану және жерасты суларының су пайдалану учаскелерін, ластанған жер қойнауын, тау-кен қазбаларын және су жинауды қоса алғанда, табиғи және табиғи-техногендік жүйелерде өткізіледі.
2. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингін жүзеге асыру тәртібі
8. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингі үш деңгейде жүзеге асырылады:
1) жергілікті – жер қойнауын пайдалану мен су пайдалану учаскелерін, пайдалы қазбалар (карьерлер, шахталар, ұңғымалар, су жинау құрылыстары, көму полигондары, су төмендету қондырғылары) кен орындарын барлау мен өндіруді, өндіруге және (немесе) барлауға байланысты емес жерасты құрылыстарын салуды және (немесе) пайдалануды, жер қойнауының ластануын, урбанизацияланған аумақтарды, суару алқаптарын қамтитын жекелеген табиғи-техногендік жүйелер шеңберінде;
2) өңірлік – геология-құрылымдық, гидрогеологиялық, инженерлік-геологиялық және басқа ерекшеліктер, әкімшілік, экономикалық, экологиялық және басқа шекаралар, жер қойнауының жай-күйіне әсер ететін табиғи және техногендік факторлар кешені ескеріле отырып, жекелеген табиғи жүйелердің аумағында;
3) республикалық – қажет кезінде жалпымемлекетік маңызы бар ірі өңірлерді, сондай-ақ трансшекаралық жерасты су объектілерін бөле отырып, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында.
9. Жер қойнауы жай-күйінің мемлекеттік мониторинг жүйесі мынадай кіші жүйелерді қамтиды:
1) жерасты суларының мониторингі;
2) қауіпті экзогендік геологиялық үдерістердің мониторингі;
3) қауіпті эндогендік геологиялық үдерістердің мониторингі;
4) көмірсутегі кен орындарының мониторингі;
5) қатты пайдалы қазбалар кен орындарының мониторингі;
6) пайдалы қазбаларды өндірумен және барлаумен байланысы жоқ мақсаттарда пайдаланылатын жер қойнауы учаскілерінің мониторингі;
7) жер қойнауын пайдаланумен байланысы жоқ шаруашылық қызметтің әсеріне ұшырайтын жер қойнауы учаскелерінің мониторингі.
10. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингі:
1) мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен құрылған, жер қойнауының табиғи, сондай-ақ бұзылған алаңдарда орналастырылған мемлекеттік желілерінің бақылау пункттері мен полигондарында;
2) геологиялық және тау-кенді бөлудегі жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) берген жер қойнауын пайдалануға арналған келісім-шарттық талаптарға сәйкес жер қойнауын пайдаланушылар, сондай-ақ арнайы су пайдалануға арналған рұқсаттардың шарттарына сәйкес су пайдаланушылар құрған жеке меншік желіні бақылау пункттерінде жүргізіледі.
11. Жер қойнауының жай-күйін ұдайы болжауды қоса алғанда, деректерді сақтау және өңдеу үшін уәкілетті органның Жер қойнауы туралы мемлекеттік деректер банкінің автоматтандырылған ақпараттық жүйелері (бұдан әрі –автоматтандырылған ақпараттық жүйе) қолданылады. Автоматтандырылған ақпараттық жүйеде түрлі деңгейлер арасында, сондай-ақ «Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі» ақпараттық жүйесі мен табиғи ресурстар мониторингі» басқа жүйелерінің дерекқорының арасында ақпаратты стандартталған түрде алмасуды қамтамасыз ететін ақпаратты бірыңғай әдістемелік негізде жинақтау, өңдеу және сақтау жүзеге асырылады.
12. Жер қойнауын пайдаланушылар мен жерасты суларын пайдаланушылар бастапқы есепке алу материалдарына негізделген жер қойнауының жай-күйі туралы геологиялық есептілікті жартыжылдық үшін ағымдағы жылдың 15 - тамызына және бір жыл үшін есепті кезеңнен кейінгі жылдың 15 - ақпанына Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін арнайы нысандар бойынша уәкілетті органға тапсырады.
13. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингі координаттар мен биіктіктердің, жіктегіштердің бірыңғай жүйесін, бірліктердің, деректердің стандартты форматтарының, көрсеткіштер кешені мен бірыңғай нормативтік-әдістемелік және техникалық база жүйесін пайдалануға негізделген бастапқы әр текті деректерді салыстыру шарттары сақтала отырып жүргізіледі.
14. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингін жүргізу кезінде алынатын жер қойнауының жай-күйі туралы ақпаратты уәкілетті орган жыл сайын ағамдағы жылғы бірінші тоқсанда қорытылған түрде табиғат пайдалану саласындағы шешімдерді қабылдау кезінде қолдану үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктеріне жібереді.
15. Уәкілетті орган жер қойнауының мониторингін жүзеге асыру бөлігінде мыналарды:
1) республикалық және өңірлік деңгейлерде жер қойнауының мемлекеттік мониторингін жүзеге асыруды;
2) бақылау пункттері мен полигондарды құруды, пайдалануды, ұстауды, консервациялауды және жоюды, мемлекеттік желіні оңтайландыруды, сондай-ақ тақырыптық, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, нормативтік-техникалық құжаттардың әзірленуін, жер қойнауының мемлекеттік мониторингін қамтамасыз ету үшін геологиялық және гидрогеологиялық, инженерлік-геологиялық, геоэкологиялық және өзге де арнайы карталар жасауды қоса алғанда, мемлекеттік бақылау желілерінде жер қойнауының мемлекеттік мониторингін жүргізуді;
3) бақылау деректері мен нәтижелерін ұсынуды;
4) жер қойнауына мониторинг жүргізудің нормативтік-техникалық нұсқаулығын;
5) Қазақстан Республикасының жер қойнауы туралы мемлекеттік дерекқорын ұйымдастыруды және жүргізуді;
6) бақылау пункттері мен полигондар және жер қойнауының мемлекеттік мониторингінің мемлекеттік желісіне кіретін басқа да құрылыстар салу мен пайдалану үшін заңнамада белгіленген тәртіппен жер учаскелерін алуды;
7) жер қойнауының жай-күйі туралы деректерді жинауды, оларды жинақтап қорытуды, оның өзгеруін талдауды және болжауды, сондай-ақ әкімшілік шешімдер қабылдау үшін ұсынымдарды әзірлеу мен белгіленген тәртіппен мүдделі органдарга тиісті ақпаратты тапсыруды қамтамасыз етеді.
16. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингін жүргізу мәселелері бойынша уәкілетті орган өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды.