Қазақстан елшілігінің Мәскеу Үкіметімен қол жеткізген уағдаластығы аясында соңғы жылдары Ресей астанасының Қазақстан өңірлерімен сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық бағыттағы ынтымақтастығы қалыпты дамып келеді.
Соның бірі – биоконтейнерлерде экологиялық жағынан таза жеміс-көкөніс өнімдерін өсіру жөніндегі Оңтүстік Қазақстан облысы мен Мәскеудің бірлескен жобасы. Өткен жылы оңтүстік өңірінде осы технология бойынша өсіріліп, жиналған өнім биоконтейнерлерді пайдаланудың тиімділігі жоғары екенін көрсетті. Алдағы уақытта бұл жұмыстың ауқымын кеңейтіп, Мәскеу дүкендері мен базарларына оңтүстіктің осындай өтімді өнімдерін көптеп жеткізу жобалануда. Бұл үшін Бүкілресейлік көрме орталығындағы бұрынғы «Қазақстан» павильонының мүмкіндіктері де іске қосылатын болады. Қазір жалпы ауданы 4800 шаршы метр болатын «Қазақстан» павильонын қалпына келтіріп, жаңғырту жөніндегі мәселелер үкіметаралық деңгейде қарастырылуда.
Жалпы, Кеден одағы мен қалыптасып жатқан Біртұтас экономикалық кеңістік жағдайында Мәскеу Үкіметі қазақстандық кәсіпкерлердің азық-түліктерді мемлекеттік сатып алу және қызметтер көрсету жөніндегі тендерлерге қатысуына мүдделі. Бұл туралы Қазақстан елшісі Зауытбек Тұрысбековтің Мәскеу Үкіметінің Сыртқы экономикалық және халықаралық байланыстар департаментінің басшысы Сергей Череминмен кездесуі кезінде атап көрсетілді.
Мәселен, соңғы уақытта дәйектілікпен ілгерілетіле бастаған Мәскеу метрополитенінің бір стансасына «Қазақстан» атын беру, Ленинград тасжолы бойындағы Достық паркіне «Астана» мүсіндік композициясын орнату, «Нұр Отан» және «Единая Россия» партияларының басшылығымен Ржев-Вяземск шайқасының мұражайын құру мәселелері өзара ынтымақтастықтың өрісін кеңейтіп, бұл жобаларға екі ел кәсіпкерлерінің кеңінен қатысуына жол ашады.
Серікқали БАЙМЕНШЕ, «Егемен Қазақстан» - Мәскеуден.