Астанада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, БҰҰ-ның Орталық Азиядағы аймақтық бітімгерлік дипломатия орталығының басшысы Мирослав Енчаны қабылдады, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Орталық Азиядағы су-энергетикалық ресурстарды басқару, заңсыз көші-қон, есірткі трафигі және трансшекаралық қылмыс, экстремизм мен терроризмге қарсы күресті қамтитын ынтымақтастық мәселелерінің кең шеңбері, сондай-ақ ауған проблемасымен қоса, аймақтағы ахуал талқыланды.
Ауған мәселесін қозғай отырып, Қ. Саудабаев терроризм, заңсыз есірткі трафигі мен діни экстремизмге тегеурінді қарсы күресудің көкейкестілігіне тоқталды және Астананың аталған елді әлеуметтік-экономикалық жаңғыртуға жан-жақты көмек беруді одан әрі жалғастыру ниетін қуаттады.
Қырғызстандағы ағымдағы жағдайды әңгіме ете отырып, Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы Елбасының бастамасы бойынша достас елге мемлекетаралық көмек көрсету жөніндегі бағдарлама әзірленіп жатқандығын мәлімдеді.
БҰҰ мен Қазақстан арасындағы жаһандық және аймақтық деңгейдегі ынтымақтастықтың үдемелі даму сипатына тоқтала отырып, М. Енча Президент Н. Назарбаевтың ұсынысымен таяуда Қазақстан өкілі Қ. Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің Бас директоры жоғары лауазымына тағайындалуы ынтымақтастықтың бір айғағы екендігін атап өтті.