Біздер бос уәделер мен насихаттық оптимизмдерден әбден шаршадық. Қазіргі таңда билікке деген сенімділіктің деңгейі нақты нәтижелермен тікелей байланысты. Ненің не екенін ашық айтатын, қоғамдағы әлеуметтік дерттерге нақты диагноз қоятын уақыт жетті. Мен жаңа әлеуметтік бағыттың негізі болатын халықтық үш бастаманы жарияламақшымын. Мемлекеттің өзінің әлеуметтік міндеттерінен қашқақтауы үздіксіз жалғаса беруі мүмкін емес. Өмір сүру деңгейін көтеру мен әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру – кез келген биліктің негізгі міндеті. Қазақстан үшін бұл – ұлттық табысты әділ түрде бөлу.
Мемлекетімізде күнкөрістің ең төменгі көрсеткіші базалық әлеуметтік стандарт болып есептелетіні белгілі. Үкімет осыған бағыттала отырып, бюджет пен бүкіл әлеуметтік саясатты қалыптастырады. Бүгінгі таңда ол 15 338 теңгені құрап отыр. Аталған цифр ақылға да сыймайды әрі адамның тіршілік етуіне ешқандай сәйкес келмейді. Шартты және еш негізі жоқ бұл көрсеткіш халықтың үміті мен нақты өмір сүру деңгейін ақтамай отыр. Ол өзінің көлемі жағынан рационалды тұтыну көрсеткішінен кем дегенде үш есе кем.
Жаңа әлеуметтік бағыт шеңберіндегі бірінші бастама – бұл күнкөрістің ең төменгі көрсеткішін көптеген өркениетті елдерде қолданылатын стандарттар бойынша (яғни, медиандық тәсіл арқылы) анықтау әдісін енгізу.
Бұл әдіс халықтың кем дегенде жартысы тұтынатын тауарлар мен қызметтерді ең төменгі тұтыну бюджетінің құрамына қосуға негізделген. Күнкөрістің ең төменгі көрсеткішін медиандық тәсіл арқылы анықтауға көшкен жағдайда, ол орта есеппен Қазақстан үшін адам басына шаққанда 200 000 теңгені құрайды. Мысал ретінде қарастырсақ, дамыған елдерде халықтың орташа табысының 40-50% табысы кедейліктің жоғарғы шегі болып есептеледі.
Осылайша, күнкөрістің ең төменгі көрсеткішін ұсынылған тәсілмен есептесек, біз қазіргі таңдағы билікке ыңғайлы болып отырған тұтынудың ең төменгі нормасының проблемасын емес, әлеуметтік теңсіздікті реттеу проблемасын шешеміз. Мен мұны ең басты бағыт деп есептеймін. Қазір астаналық шенеуніктің мейрамханадағы бір кешкі асының құны ауылдағы бір отбасының айлық бюджетіне тең.
Еліміздегі өмір сүру деңгейінің өлшемдері БҰҰ-ның Зимбабве секілді елдерге қоятын шарттарымен есептелмей, керісінше, Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының жоғары талаптарына жетуге талпыныс жасау қажет. Қарапайым тілмен айтсақ, «біз үшінші санаттағы елміз бе?» немесе «бәсекелестікке қабілетті 50 елдің қатарына кіреміз бе?» деген сауалдарға жауап беруіміз керек.
Қазақстандық күнкөрістің ең төменгі көрсеткішін ұсынылып отырған медиандық тәсілмен есептеу жүйесі төмендегі әлеуметтік көрсеткіштерге жетуге мүмкіндік береді:
Адам басына шаққанда күнкөрістің ең төменгі көрсеткіші 200000 теңгені құрайды.
Базалық зейнетақы төлемдері күнкөрістің ең төменгі көрсеткішінің 60%-ын құрауы тиіс. Яғни зейнетақы – 120000 теңгеге жетеді.
Зейнетақы төлемдері 300000 теңгені құрайтын орташа жалақының 40%-ынан төмен болмауы қажет.
Өркениетті стандарттар еліміздегі орташа өмір сүру деңгейіне негізделген.
Мұндай тәсіл бойынша жан басына шаққандағы орташа табыстың жартысындай немесе одан төмендеу табысы барлар кедейлер ретінде есептеледі. Еліміздегі түрлі есептеу жүйелерінде үнемі 90-жылдардың басындағы аз қамтылған отбасылардың өлшемі негізге алынады. Алайда қазіргі Қазақстанды ол заманмен салыстыруға болмайды. «Форбс» журналының мәліметінше, әлемдегі ең бай адамдардың қатарына 7 қазақстандық кіреді. Яғни, олардың әрқайсысының байлығы 1 миллиард АҚШ долларынан асып түседі (салыстырмалы түрде қарастырсақ, дүние жүзіндегі ең бай ел Норвегиядан «Форбс» журналының тізіміне 4 миллиардер кірген). Соңғы 10 жылда Қазақстанның шикізат секторынан түскен жалпы табысы шамамен 200 миллиард долларды құрады. Дегенмен, әлеуметтік шығындарға бөлінетін қаржының көлемі көбейген жоқ (2002-2009 жылдары 11-12%).
Нәтижесінде қазақстандық жалған ресми статистика «Біз – кедейлерден тұратын бай елміз, біреулер екіншілердің есебінен байлыққа кенеліп отыр» деген бір ғана фактіні жасыра алды.
Мен – екі жақты стандарттар негізінде құрылған «қазақстандық күнкөрістің ең төменгі көрсеткішіне» қарсымын. Мен – еңбекші халықтың лайықты деңгейде өмір сүруін қалаймын.
Менің екінші бастамам – қазақстандық жоо түлектерінің бірінші рет жұмысқа орналасуларына мемлекеттік кепілдік беруді енгізу.
Қазақстанда жұмыс орындарын жасақтау барысына жүргізілетін мемлекеттік бақылау толықтай жойылған, мемлекеттік жоспарлау саясаты мен өндірістік күштерді орналастыру мүлдем жоқ.
Кәсіби мемлекетті қалыптастыру – елдің стратегиялық дамуының негізгі басымдылығы. Бұл проблема – жүзеге асырылу барысы оның бастамашыларын да, оған қатысушыларды да қанағаттандырмайтын «Болашақ» бағдарламасы секілді шектеулі шаралармен шешілмейді. Бір адамға жылына 100 мың доллар көлемінде қаржы шығындалған аталған бағдарламаның 15 жыл бойы жұмыс істеуі кезінде күтілген нәтижелер ақталған жоқ, керісінше, ол білімді жастарымыздың шетелге асу жолы болды.
Басы артық оқу орындары, мамандығы бойынша жұмыс істемеу, дипломы бар жұмыссыздар, кәсіби біліктілігінен айырылу, жұмыссыздар саны мен білікті кадрларға деген сұраныстың сәйкес келуі, мұның бәрі – бүгінгі күннің проблемалары. «Заңгер» дипломдарына ие күзетшілер – ащы да болса, шындығымыз.
Бірінші жұмыс орнына кепілдік беру – жас маманнан жұмысқа орналасуы кезінде мамандығы бойынша 3 жыл жұмыс өтілін сұрау секілді кедергіден шығарар жол болып есептеледі.
Қазақстан – халқы жас мемлекет, сондықтан әрбір азамат өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болуы тиіс!
Ал енді қазіргі қоғамның «бас ауыртып отырған» негізгі проблемасына тоқталайық. Бүгінгі таңда Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы тоқырау жағдайында тұр. Елімізде жүргізіліп отырған тұрғын үй саясаты құрылыс, коммуналдық және энергетикалық монополияларды байытуға бағытталған. Тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің тарифтері мен бағалары өте жоғары және үздіксіз өсу үстінде, ал олардың сапасы бағаларына сәйкес келмейді. Халықтың коммуналдық төлемдерді төлеуге мүмкіндіктері азайып отыр.
Үшінші бастамам ретінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының тарифтері мен бағаларын азайтуды ұсынамын. Азаматтардың коммуналдық төлемдерге төлейтін максималды шығындарының көлемі жалпы отбасы табысының 10%-ынан аспауы тиіс деп мемлекеттік деңгейде заңмен бекітілуі қажет.
Мемлекетке коммуналдық төлемдерден түскен қаржы үйлер мен коммуналдық жүйелерді жөндеуге және оларға қызмет көрсетуге жұмсалуы тиіс.
Сонымен бірге, тарифтер мен бағаларды азайту мақсатында, олардың өсуіне себепші болатын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтерінен қосымша құн салығын алып тастау керек.
Біз халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуде және коммуналдық шаруашылықтың инженерлік жүйесінің жағдайын жаңғыртуда мемлекеттің жауапкершілігін қалпына келтіруді ұсынамыз.
Көп пәтерлі үйлерге жүргізілмеген күрделі жөндеулер үшін қордаланған мемлекеттік қарыздың сомасын айқындап, анықтауды қажет деп есептеймін. Мемлекеттің қарызы мен тозығы жеткен тұрғын үй қорын ұстап тұру ауыртпалығын халықтың мойнына жүктеуге жол бермеу керек! Біз мемлекетті тиісті төлемдерді төлеуге мәжбүр етеміз.
Аталған үш бағыттың еліміздің саяси келбетін, оның даму жолын толықтай өзгертетініне және «әлеуметтік мемлекет» деген конституциялық формулаға сәйкес келтіретініне кәміл сенімдімін.
Біз, халықтық коммунистер, кедейлердің мүдделері үшін ғана күреспейміз. Біз жалпы кедейлікпен күресеміз!
Біз байлықпен күреспейміз, керісінше, байлық пен молшылықтың сыбайлас жемқорлық, тонау және адам ресурстарын қанау жолымен емес, заңды жолмен келуі үшін күресеміз.
Ортақ игіліктің жеке пайдадан жоғары болатынына сенімдіміз.
Қазақстан азаматтарының әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқаты заманауи биліктің әрекет ету қабілеті мен оның саяси жауапкершілігінің басты бағамына айналуы тиіс деп есептейміз. Қазіргі мемлекеттік саясаттың түпкі мақсаты – Адам болуы қажет.
Қазақстан халқының өмір сүру деңгейі мен сапасы еліміздің табиғи байлықтарының, интеллектуалдық және рухани құндылықтарының деңгейіне сәйкес келуі үшін, Мен бар күш-жігерімді сарқа пайдаланамын.
Орталық сайлау комиссиясы кандидаттарға республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттан төледі.